Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов Махамбет ауданының әкімі болған Ринат Жанғылышевтың қазасына қайғырып, көңіл айтты.
Бұл туралы облыс әкімі әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазды.
«Ата-бабаларымыз: «Айы келген айында, күні келген күнінде татар дәм, санаулы дем таусылған шақта, дүниеден аттанып кетіп жатады» дегенде, бақилық болған адамдар туралы артық сөз айтуды бойға мін санаған. Ешқашан қаза туралы алып-қашпа ғайбатқа жол бермеген.
Ардақты әріптесіміз Ринат Бауыржанұлы арамыздан бақиға аттанды. Ойға алған ісіне білек сыбанып кірісіп, арамызда жайраң қағып жарқылдап жүрген ардақты жанның ойда-жоқта опат болып, бұл жалғаннан мәңгілікке ғайып болғаны өкінішті.
«Қайғыны бөліссең азаяды» дейді халық даналығы, марқұмның барша тума-туыстарына, әріптестеріне шын жүректен қайғырып көңіл айтамын.
Қазір жаздың нағыз ыстық кезі.
Барша жерлестерімді, өңір қонақтарын суға шомылу кезінде сақтық ережелерін мұқият қадағалап, мейлінше тек рұқсат етілген жерлерде ғана суға түсіп қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмау қажет».