Махамбет ауданының әкімі Жанқылыш Ринат Бауыржанұлы 40 жасқа қараған шағында кенеттен өмірден озды.
Адам өмірінің ұзақтығын ата-бабаларымыз қамшының сабындай, қысқа да жалған дүние деген бір-ақ ауыз сөзбен түйіндепті. Күні кеше ғана ортамызда жүрген, әріптесіміз Ринат Бауыржанұлының кенеттен бақилық болуы бұл тұжырымның ақиқаттығына көзімізді тағы бір жеткізе түскендей. Жанымызда жарқылдап жүрген жақсы адамның ойламаған жерден келмес сапарға аттанғаны қабырғамызды қайыстырып кетті. Қамал алар қырық жасының қызығын енді көретін шағында қыршынынан қиылғаны бәрімізді мұңға бөледі. Ғұмырын қысқа қылған Жаратқанның жазуына шара бар ма?
Жанқылыш Ринат Бауыржанұлы 1982 жылы 2 желтоқсанда Атырау қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, 2003 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінде, 2011 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде, ал 2017 жылы Атырау мұнай-газ университетінде заңгер, экономист және мұнай-газ ісі мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қалалық Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде тергеуші болып бастаған. 2006-2018 жылдары бірнеше жеке кәсіпорында басшылық еткен. 2018-2019 жылдары Атырау қаласы мәслихатының хатшысы.
2019-2020 жылдары Атырау қаласы әкімінің орынбасары. Ал 2020 жылдың қараша айынан 2021 жылдың ақпан айына дейін Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы. 2021 жылдың ақпан айынан күні бүгінге дейін Махамбет ауданының әкімі болып еңбек етіп келді.
Марқұм Ринат Бауыржанұлының өмірден өтуіне орай, отбасына, ағайын-тумасына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Әріптестің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталады.
Махамбет ауданы әкімдігі,
Махамбет аудандық мәслихат аппараты.