Адамзат тарихындағы алапат апат Чернобыль атом электр стансасындағы жарылыстың зардабын жоюға елімізден 30 мыңнан астам адам аттанған екен.
Оның ішінде Атырау облысынан 1500, Махамбет ауданынан 8 адам қатысқан. Радиацияның одан әрі таралуын тежеп, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалуға бар күш- жігерін сарп етіп,бірақ өз денсаулықтарына орасан зор зиян келтірген азаматтардың бүгінде 168-нің ғана көзі тірі көрінеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Атырау облыстық «Чернобыль ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі басқармасының орынбасары Серік Мурзагалиев.
Серік Хайырұлы 1957 жылы 11 наурызда Махамбет ауданы, Сарайшық ауылында дүниеге келген. Кейін ата-анасының қалауымен сол кездегі Чкалов ауылына қоныс аударады.
1975- 77 жылдар аралығында Ленинакан қаласында Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Еңбек жолын құрылыс саласында бастайды.
1989 жылы Гурьев қалалық әскери комиссариатының шақыртуымен Чернобыльге аттанады. Бірден Чернобыль алаңындағы 55237 әскери бөлімшесіне түседі. Төртінші блокта саркофакта бетоншы болып қызмет етеді.
Атыраудан 50 адам бірге бардық. Олардың дені 30 жастан асқан, екі баласы бар жігіттер еді. Барған кезде бір байқағаным, ауаның тәттілігі болды. Тамағымызға ашымақ кәмпиттің дәмі келетін. Радиацияның әсерінен басымыз және буындарымыз ауыратын. Үнемі аналгин дәрісін ішеміз. Бұған қоса қатты шөл қысады. Судың барлығы ластанғандықтан «Боржоми» алып ішетінбіз. 1986-89 жылдар аралығында қала радиациядан толық тазарды. Совет үкіметінің түрлі елдерінен келген жігіттердің еңбегі сіңді. Екі жақтан да жалақы төленіп отырды. Бірақ денсаулықтарын құртып, көбі мүгедек болып қалды. Чернобыльде үш ай болдым. Кейін бізді Армениядағы жер сілкінісінен қираған қаланың орнын тазалауға алып кетті. Арменияның Спитак, өзім әскери борышымды өтеген Ленинакан қалаларында үйінділердің астынан өліктерді шығарумен айналыстық. Кировакан қаласында жаңадан үйлер салуға қатыстық. Табиғи апаттан Ленинаканның 70 пайызы қираған. Халық саны 150 мың адамнан аспайтын Спитак қаласының өзінде 100 мыңдай адамы өлім құшқан,-дейді Серік аға.
Осы қалалардағы көрсеткен ерлігі үшін Серік Мурзагалиев Украина Президентінің «Герой спасатель», «Герой Чернобыля», «За службу Родине и Особые Заслуги» І степени, «Красная звезда» ордендерімен, Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты», Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгілерімен, мақтау қағаздарымен марапатталған.
Елге оралған соң ұзақ жылдар бойына құрылыс саласында, шетелдік компанияларда еңбек еткен Серік Хайырұлы бүгінде зейнеткерлік демалыста. Құдай қосқан қосағы екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген.
Б.СҮЙЕУОВА