Чернобыль апатына қатысқандарға алғыс!

Чернобыль апаты – қоршаған ортаға тигізген залалы мен салдары жағынан жиырмасыншы ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат

Өткен ғасыр еншісіндегі айтып келмейтін апаттың бастысы – Чернобыль атом электр стансасының жарылуы.

Сол бір 1986 жылдың сәуір айында орын алған осынау кесапат бүкіл дүниені дүр сілкіндірді десе де болады. Өйткені, осы апат салдарынан айналаға қауіпті радиациялық заттар тарап, Еуропаның оннан астам мемлекетінің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады.Бұдан бес миллионға жуық адам зардап шекті.

Чернобыль апаты – қоршаған ортаға тигізген залалы мен салдары жағынан жиырмасыншы ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат. Оны жоюға 800 мыңдай адам қатысса, соның 32 мыңы қазақстандық болды. Көп күшімен апат ауыздықталғанымен, адамзатқа орасан зор залалын тигізді. Зардапты жоюға атсалысқан азаматтардың көбі емі жоқ сәуле ауруына шалдықты. Олардың біразы бүгінге жете алмай, жастай өмірден өткен болса, көзі тірілерінің өзі ағзаға әбден сіңіп қалған химиялық уытты жеңе алмай, қинала күн кешуде. Өкініштісі сол, жылдан-жылға апатты ауыздықтауға қатысқан азаматтар саны азайып келеді.

Біз апат қасіретін білмеген ұрпақ ардагерлерге мүмкіндігінше көбірек көңіл аударуымыз керек. Осы орайда 2021 жылы 26 сәуірде Чернобыль оқиғасына 35 жыл толуына байланысты Махамбет ауданы бойынша Чернобыль апатына қатысқан Аманшалов Тлеген, Бакиров Петр Евгеньевич, Свистов Михайл Михайлович, Таңатаров Муса, Мерешов Орынбай, Амиров Нурадим, Абуов Мақсот сынды ардагерлерімізге Махамбет ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ұжымы атынан зор денсаулық және ұзақ өмір тілейміз. Және де осы апаттың салдарынан өмірден озған жандарды да еске аламыз.

Е.АЙТЖАНОВ,

аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT