Махамбеттік көпбалалы отбасына баспана сыйлады

Рамазан айының қарсаңында махамбеттік бір отбасы баспаналы болды. Демеушілер көмегімен сатып алынған үй біраз жылдан бері шиеттей алты баламен үй жалдап келген таңдайлық көпбалалы отбасыға табысталды.

2013 жылы Whatsapp желісінде «Gentlemen’s club» тобын құрған Асқар Ғазалиев есімді азамат бастаған топ жігіттері пандемияға дейін әрбір аймақтағы ауруханаларға жасанды тыныс алу аппаратын табыстаған. 256 адамның басы қосылған топтың жігіттері өткен жылдан бастап үйге мұқтаж жандарға баспананың кілтін табыстауды қолға алған екен. Қазақстанның бірқатар аймақтарында болып, әлеуметтік желі арқылы қаржы жинақтаған олар шын мұқтажға шынайы ықылас танытып келеді. Бүгінгі күні Махамбет ауданына ат басын бұрған олар Таңдай ауылының тұрғыны Шолпан Дәрімбаеваға баспананың кілтін табыстады. Сонымен қатар дәл осы ауылдың тұрғыны Бөпетай Қабденнің баласының еміне 500 мың теңге қаржылай да көмек көрсетті.

7f9aee19-194b-427b-ba2a-cdae8f1267f0

– Қазақстанның бірнеше аймағында болып, үйге мұқтаж отбасыларға үй табыстап келеміз. Ең алғашқы үйді Ақмола облысының Ерейментау қаласының тұрғынына табыстадық. Жеті баланың анасы балаларымен бірге мешіт сағалап, «Алла үйінде» түнеп келген. Сонымен қатар Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы отбасылардың да қуанышын бөлістік. Қандай жағдай болмасын әр отбасының өз шаңырағы болса бәрі де болады. Балалар емін-еркін ойнап, ер жетіп, ата-аналарына қамқорлық қылады деп үлкен сеніммен айта аламыз,- дейді «Gentlemen’s club» тобының белсенді мүшесі Серік Төлепбергенов.

Көптен бергі арманы ақиқатқа айналғанына сенер-сенбесін білмеген көпбалалы ана Шолпан Оралбайқызы қолдау білдірушілерге алғысын жаудырды. Көпбалалы ананың балаларының үлкені 10 жаста болса, кішісі күні кеше ғана 1 жасқа толған. Жолдасы вахталық әдіспен жұмысқа кеткенде, бар ауыртпалықты бір өзі көтеріп келген ана қуаныштан көз жасына ерік берді.

97d0be53-3cb5-4b35-9b06-2b1bc1364959

– Көпбалалы отбасыларға баспана алып беріп жатқандарыңыз үшін көп-көп рахмет. Ең бастысы балаларым қуанып, үйде асыр салып ойнап жүр. Кәсіптеріңіз өрлей берсін. Әр басқан қадамдарыңыз нұрға бөленсін. Бізге жасаған жақсылықтарыңыз Алладан мың еселеп қайтсын,- деді көпбалалы ана.

Аз қамтылған отбасының жалдап тұрған үйінің иесі тұрақты мекенжайға отырғызуға келісім бермегесін атаулы көмектен де қағылып келген. Енді өз баспанасы бар жанұя балаларының болашағына алаңдамай, Үкіметтен берілетін көмекті алып, ел қатарлы ғұмыр кешеді. Жаңа баспананың жайын көзбен көрген демеушілер ауыл ақсақалының ақ батасын алды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521