Осыдан 29 жыл бұрын 1991 жылы 29 тамызда еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа зор қасірет төндірген Семей полигоны жабылды. Бұл Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі.
Осыған орай аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Семей атом полигонында әскери борышын өтеген ардагерлермен «Семей қасіреті» атты кеш өтті. Ядролық жарылыстың нағыз қызған шағында Семейде әскери міндетін өтеуге жерлестеріміз де барған болатын. Солардың бірі бүгінгі кешке қатысып отырған 1976-1978 жылдары радиациялық қауіпті аймақта әскери қызметте болған С.Сарсенғалиев, Ж.Измағамбетов,С.Құрмашев, М.Есениязов, Н.Қалиев.
Шараның басты мақсаты – көпшілікке қырық жыл бойы сыналып келген қатерлі қару зардабынан жазықсыз жапа шеккендер мен полигон сұмдығы жайында мағлұмат беру. Өскелең ұрпаққа «Невада – Семей» қозғалысының саяси мән-мағынасын ашу.
Кеште ядролық қару салдарынан қаза тапқан жерлестер бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Кешті аудандық орталық кітапхананың əдіскері Күнсая Құрықбайқызы алып, қош келдіңіздер айтып,біраз деректермен таныстырып өтті. Келесі сөз кезегі Семей ардагерлеріне берілді.
Жиында С.Сарсенғалиев басынан өткізген оқиғаларды баяндады:
-Ол кезде біз жас едік. Көп нәрсені түсінбедік. Әскерде Курчатов қаласында болдық. Барғаннан кейін жан-жаққа бөліп жіберді. Таудың арасында бір ай жаттығуда болдық. Үстіміздегі киіміміз күкірттен тұнып қалатын. Бүгінде жасым 63-ке жақындады. Полигонның зардабын кейін білдік. Отызға жетпей шашымыз,тісіміз түсе бастады. Денсаулығымыз сыр берді. Полигонды аймақта болғанымыз үшін үкіметтен үйге және жеке меншік көлікке төленетін салыққа жеңілдік берілді. Бұған қоса қалалық жерлерде автобус қызметін тегін пайдаланатын кәртешке берді. Облыс әкімі жыл сайын мерекемізде арнайы шақырып, құттықтайды. Оқу орындарына апарып, кездесу ұйымдастырады. Кейінгі ұрпаққа ұлығылайды. Бір өкініштісі, полигонға қатысушы есебінде төленетін әлеуметтік төлем ақымыздың жарытымсыздығы. Үкімет тарапынан төлемақымыз өсірілсе, санаторияларға жіберсе, болашақта Ұлы Отан соғысы мен ауған соғысы ардагерлерінің қатарына теңестірілсек, жақсы бастама болар еді.
Барлық қатысушылар да өздерінің естеліктерімен бөлісіп, шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Сарытоғай ауылдық кітапханасының атынан Қарлыға Шүлтенқызы өзінің жылы лебізін айтып, қатысушыларға ризашылығын жеткізді.
Кеш қонақтарына кітапхана атынан Маржан Ершудың кітаптары сыйға тартылды.
К.САПАР