Еліміздің өзекті экоологиялық мәселелерін шешумен қатар, туған өлке тазалығын сақтауға үндейтін «Таза Қазақстан» акциясы жалғасын тауып келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында бұл мәселеге ерекше тоқталған – ды.
Өткен жылы ауданымызда аталмыш акциясы аясында 250-ден астам адам тазалық жұмыстарына атсалысып, 100 мыңға жуық үйдің ауласы тазартылып, бірнеше мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Жайық жағасындағы бөгет құрылысы кезінде кесілген ағаштар толықтай шығарылып, тазартылды. «Жасыл белдеу» ішіндегі қураған тал-ағаштарды кесу үшін, жұмыстарды жеңілдету үшін арнайы ағаш ұнтақтағыш агрегат сатып алынды. Махамбет, Сарытоғай ауылдарына 31 қоқыс алаңы салынды. Биылғы жылы М.Мөңкеұлы, Ақшолан, Шененов, Тайманов, Жұмабаев, Ахметжанов, Жаңауыл мөлтек ауданына, Сарытоғайға 21 қоқыс алаңы салынып, пайдалануға берілді. Нақты істер арқылы ауданымызда жаңа қоғамдық мәдениет пен экономикалық жауапкершілік қалыптасып келеді. Бұл игі бастамалар республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар.
Жоспарға сәйкес өткен аптада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ауқымды тазалық жұмыстары өтті. Акцияны « Инфо Орталық » қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрақбай Заманбек ашып, акцияның маңызын атап өтіп, жиналғандарды тазалыққа атсалысуға шақырды. Махамбет ауылының далалық аймағын қоқыс қалдықтарынан тазарту жұмыстарына 200-ге жуық адам жұмылдырылды. Тазалыққа мекеме қызметкерлері, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, белсенді азаматтар, «Жасыл ел» сарбаздары атсалысты. Нәтижесінде 8 тонна қоқыс жиналып, арнайы алаңға шығарылды.
Махамбет ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Темірлан Бертілеуовтің айтуынша, тазалық – көгалдандыру айлығына байланысты жоспарға сай 18 іс-шара жасақталғанын, осы шілде айына дейін 10 сенбілік өткенін, оған 3000-ға жуық азаматтар қатысып, өз үлестерін қосқанын айтты. Шілде айына дейін жалпы көлемі 380 тонна қоқыс қалдықтары шығарылған. Атап айтсақ, «Ардагерлер» аллеясы, Орталық алаң, «Жасыл белдеу», Алаңдардағы, саябақтардағы ағаштар түбі әктеліп, қалыпқа келтірілген. Сонымен қатар бардерлер де әктеліп, қоршаулар түгел сырланып жатыр. «Жасыл белдеуде» әлі сырлау, әктеу жұмыстары жүргізілу үстінде.
- «Таза Қазақстан» акциясына байланысты үш ойын алаңын жөндеу жұмыстары қарастырылған еді. Үшеуі де конкурста тұр. Сонымен қатар кіреберістегі «Жайық шұғыласы» газетіне 50 жыл» көшесіне «Тазалық-денсаулық кепілі» маңдайшасы орнатылды. Көше бойындағы бағдаршамдар, аялдамалар сырланып жатыр. Барлық көшелердегі, әсіресе, аурухана жақтағы көшелердегі жол бойындағы арамшөптер шабылып, қырылды. Махамбет ауылы тұрғындарының сұрауы бойынша үйлер алдында бұрыннан қалып қойған құрылыс блоктарына дейін арнаулы техникамен шығарып тастап жатырмыз. Аптап ыстыққа байланысты таңғы сағат 06.00-ден бастап КДН көлігімен су шашу жұмыстары жүрді. Бүкіл мекемелер сенбілікке шығып, айналасын таза ұстауға шығып жатыр. Тазалыққа байланысты тұрғындарға әлеуметтік желіге бейнеролик таратып жатқан жайымыз бар. Ауыл тұрғындарын тазалыққа аса мән беріп, қоқыстарын кез келген жерге төкпеуге шақырамыз. Қоқыс тек арнаулы орын-контейнерлерге, алаңшаларға төгілуі тиіс, -дейді Темірлан Бертлеуов бізбен әңгімесінде.
Табиғат баршаға ортақ қазына. Ал табиғатты қорғау баршамыздың ортақ міндетіміз екенін ұмытпайық, ағайын!
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА