АНА МЕН БАЛА САУЛЫҒЫ – ҰЛТ САУЛЫҒЫ

БҮГІНДЕ ЖАҢА БОСАНҒАЛЫ ОТЫРҒАН ЖҮКТІ ӘЙЕЛ- ДЕРГЕ ҚОЛДАУ БІЛДІРУДІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ, ФИЗ- ИОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУДІҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІ ПАЙДА БОЛУДА. ТІПТІ ТОЛҒАҚ БАСТАЛҒАН КЕЗДЕН БАЛАНЫ БОСАНЫП, ҚЫРҚЫНАН ШЫҚҚАНША КҮТІМ ЖАСАЙТЫН АРНАЙЫ МАМАНДАР ДА БАР. КӘСІБИ АТАУЫ – ДОУЛА.

Доула дегеніміз — грек тілінен аударғанда «қызмет көрсетуші» дегенді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда ,жүкті әйелдің жанында болып, босану кезінде физикалық жағынан, көңіл күйі тұрғысынан демеу беріп, жағдайын жасаушы жанды осылай атайды. Доуланың қызметін жақын құрбыңыз немесе туысқаныңыз да атқаруы мүмкін, әйтсе де олар толғақ кезінде жасалатын арнайы техникаларды меңгерген және білім алған мамандар екенін ұмытпаған жөн. Доула жүкті анаға алдын ала туу физиологиясын таныстырып, жалған толғақ пен шынайы толғақты қалай айыру керек, толғақ басталса, қай кезде ауруханаға бару керек екенін түсіндіріп береді. Босану кезіңізде өз қалауыңызбен алдын ала үйіңізге шақырсаңыз да болады. Еуропа елдерінде бұл қызметке қыз-келіншектер бұрыннан жүгінеді екен. Тіпті кей мемлекет жүкті келіншектің жанына доула кіргені үшін қаржысын өздері төлейді- мыс. Біздің елде бұл қызмет түрі соңғы 6-7 жыл көлемінде асқан танымалдылыққа ие.

Доуланың қызметіне не кіреді? Бо­санудан кейінгі әйелдің қалыпқа келу кезеңінде қандай көмек көрсетеді? Бұл туралы осы салада жарты жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби маман, доула, өзіміздің жерлесіміз Мөлдір Қалиасқарова айтып берді:

– Ең алдымен доула әйелдерді жүктілікке дайындап қана қоймай, босанған сәтінде қасынан табыла­ды. Жүкті әйелдің физиологиясы мен психологиясынан хабардар болу үшін әртүрлі салада білім алады. Доула қызметін ұсыну үшін оның арнайы сертификаты болуы қажет. Одан кейін жүктілікке қатысты сұрақтарға жауап беру және денесінде болып жатқан процестерді түсіндіру. Толғақтың қалай өтетінін, босану кезінде кеңес беріп, перзентханада киініп, жуынуға көмектесеміз. Сондай-ақ, басты міндетіміз – толғақ басталған сәтте хабарласып жатса, тәуліктің қай уақыты екеніне қарамастан тұтқаны көтеріп, перзентханаға келу. Бұдан бөлек, босанғаннан кейін де әйелдің қасында болып, күтім жасап, баланы қалай шомылдыру, массаж жасау, тіпті жөргекке орауға дейін көрсетеміз. Көп адамдар бізді меди­цина маманы деп шатастырады. Доу­ла босандыру процесінде қатаң түрде әдептілік сақтай білуі шарт, яғни диагноз қоймайды, қан қысымын өлшемейді, анализ тапсыруына араласпайды. Ал толғақ басталған сәтте керісінше барынша белсенді болып, массаж жасап, тыныс алу техникасын үйретеді. Дәл осы тыныс алу техникасын дұрыс меңгерудің өзі толғақты әлдеқайда жеңілдетіп, баланың өмірге сау келуіне септігін тигізеді. Толғақ бұл – бір уақытта 20 сүйектің сынған ауырсынуын білдіретін процесс. Мұндайда толғақты жеңілдету үшін түрлі амалды қолданамыз. Түрлі массаж жасап, арома, джакузи қолданамыз, душ астына да отырғызамыз. Мұның бәрі әйелдің көңілін бөліп, ауырсынуды басады. Қажет болса музыка қосып би түріндегі қимыл- қозғалыс жасатамыз. Ал, аман-есен бөпесін бауырына алған әйелге 15-20 күн аралығында қалпына келтіру программаларын бастап кетеміз. Оған ең алдымен өзіміздің ұлттық дәстүрімізден сақталып келе жатқан шілдетер шығару әдісі, одан кейін хош иісті ванна, бенгук әдісімен ішті байлау, йони стим әдісімен тер шығару, ребоза әдісімен құндақтау, лимфодинамикалық массаж, нүктелі массаж, денеге жылытқыш қою, бастан бақайға дейінгі сылап-сипау массажы. Осының барлығы – бо­санудан кейінгі күтім мен қалыпқа келуге доуланың көрсететін көмегі» -дейді Мөлдір.

Бұрын әжелеріміз жүкті әйелдерді үйден босандырып та ерекше күтімін жасай білген. Әр ауылда осындай қолының шипасы бар епті аналарымыз болған. Доула бүгінде солардың заманауи үлгідегі қызмет түрін ұсынушылары десек те болады. Босанған әйелді киізге, көрпеге орап тастаған. Артынша құнан қойдың сор­пасын үш мәрте ішкізіп, шілдетерін шығарған. Мұны күнделікті болмаса да 2-3 күн сайын жасап тұрған екен. Жаңа босанған кезде әйел денесінде өте көп гормондар бөлінетінін, және ол денеден тер арқылы шықпаса сүйек-сүйегін сырқырататынын ата- бабамыз жақсы білген.

Бүгінде кәсіби доула мамандар да әйелдің қырық күндік күтімінің аса маңызды екенін айтып отыр. Елімізде мұндай мамандарды дайын­дайтын арнайы Доула қауымдастық қоғамы бар. Онда сертификаттары бар, Украина, Бельгиядан білімдерін жетілдіріп келген ұстаздар дәріс береді. Атырау қаласында да осын­дай мамандарды оқытатын арнайы орталық ашылған. Жалпы доула қызметінің құны еліміз бойынша орта есеппен 50-100 мыңның арасында. Доула таңдауда алдын ала кездесіп, жүктіліктің 34 аптасына дейін келісіп қойған жөн дейді мамандар. Әлбетте, бұл саланы жан-тәнімен түсініп, өз жұмысын адал атқаратын адам табу да маңызды. Ең бастысы – жүкті келіншекті жүрегімен қабылдап, табыстың қамын емес, дені сау ана мен баланы бірінші кезекке қоятын доуланы жолықтыру. Доула сиқыршы да, дәрігер де емес. Бірақ ол бір сәтте өзінің кәсіби шеберлігімен сіздің жақын құрбыңыз, жанашырыңыз, сенімді серігіңіз бен көмекшіңізге айнала алатын жан. Өмірге ұрпақ әкелудің ең жауапты кезеңдеріне қадам басқан сәтте осы кеңестерді ескере жүріңіздер, құрметті болашақ аналар!

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT