Қазан айында 2021 жылға баспасөзге жазылу науқаны басталғаны баршаңызға белгілі. Оның ішінде аудандық газетке жазылушылар саны өткен жылы осы кезеңмен салыстырғанда едәуір артып келе жатқаны байқалды.
Бұл ауылдастарымыздың аудан айнасына деген көзқарастарының өзгергені, жанашырлықтарының артқаны, жүректерінде төл басылымға деген махаббаттың оянғаны деп түсіндік. Кәсіпкерлер тарапынан да жергілікті басылымға қолдау көрсетіп, өз қаржысына ауылдастарын газетке жазып жатқан жомарт жүректі, мәрт мінезді жандар көптеп табылуда. Солардың бірі әрқайсысы 10 адамнан 20 адамды аудандық газетке жаздырған сарытоғайлық кәсіпкерлер Ибатолла Бағытжанұлы мен Руслан Иманғазиев. Бұл азаматтар ешқашан қайырымдылық жасаудан қашпайтындарын айтады.
- «Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде газеттің алатын орны қашанда ерекше. Жергілікті «Жайық шұғыласында» ауданымыздың тыныстіршілігі жарияланады. Өзіміз танитын адамдардың, олардың балаларының жеткен жетістіктерін, газеттен оқып, қуанып қаламыз. Өз басым «Жайық шұғыласы», «Атырау» газеттері жерлестерімізді бірлікке, достыққа, татулыққа тәрбиелейтін құралдың бірі деп санаймын», - дейді «Сәттілік» ЖК иесі Руслан Хамзаұлы.
Ал «Western Construction Team» ЖШС жұмысын дөңгелетіп отырған Ибатолла Бағытжанұлы былай дейді:
-Аудан айнасы «Жайық шұғыласы» газетіне жазылу жүріп жатқанын әлеуметтік желіден оқып білдім. Газет – қашанда елді бірлікке шақырып, рухани азық сыйлайтын тәрбие құралы. Оның үстіне аудандық газет аудан көлеміндегі түйткілді мәселелерді көтеріп, бұқараның мұңы мен мұқтаждығын билікке жеткізіп, оның шешілу жолдарын іздеуімен оқырман көңілінен шығып келеді. Сондықтан мен де жазылу науқанына өз үлесімді қосқанды жөн көрдім.
Сарытоғайлық кәсіпкерлердің бұл ісі өзгелерге де үлгі болып, аудандық басылымның оқырманын көбейтуге үлесімді қосамын дейтін кәсіпкерлер саны арта түседі деп сенеміз.
Б.СҮЙЕУОВА