Сарытоғайдың алма бағы қандай еді?(+ВИДЕО)

40 жыл агроном болған ақсақалдың айтары бар.

Сарытоғайдың алма бағы да бір кездері бүкіл Одаққа танымал Махамбеттің мақтанышы еді. Бүгінде қаңыраған орны ғана қалды. Сонау 1952-1953 жылдары «Ембімұнайгаз» бірлестігінің қызметкерлерін табиғи өніммен қамтамасыз ету үшін негізі қаланған бақта жеміс ағаштарының сан түрі өскен екен. Жалпы аумағы 110 га жерді алып жатырған екі бақтың біреуін ғана бүгінде жекеден мемлекет меншігін өткізу жұмыстары жүріп жатыр. 40 жылға жуық өмірін осы бақтың өміріне арнаған агроном бүгінде сол саялы Сарытоғайда тұрып жатқан Уәли ақсақалды арнайы іздеп бардық.

a

Сексеннің үшеуіне келсе де «бәрі кешегідей көз алдымда» дейтін қария алма бағын айтқанда көзіне еріксіз жас алды. Себебі небары 23 жасында Алматыдан оқу бітіріп, осы жаққа жолдамамен келген ол, бақтың гүрілдеген дәуренін де, құрдымға кеткен кезін де өз көзімен көрді.

a

- Мен келгенде бұл бақта 56 әйел адам, 7 ер азамат еңбек ететін. Кейіннен далалық жердегі егінді, жиын-терімді қосқанда 200-дей жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтыдық. Техниканың түрінен тапшылық көрмедік. Ембімұнайгаз басқа қожалықтар біреуін ала алмай жүрген К700 тракторларды қос-қостан әперді. Бір жылда 500 тонна алма жинап, соның өзінен 4 түрлі қалбырланған, кептірілген дайын өнім алатынбыз. Басқа жеміс ағаштары мен бау-бақшасы тағы бар. Нағыз молшылық, кеңшілік уақыт еді. Біздің алмамыз Одақтық республикалардың бірқатарына, соның ішінде қауіпті өндірістік аймақтың жұмысшыларына лек-легімен жолданып отырды. Тәжірибе алмасуға Башкирияға , Татарстанға, Мәскеуге жиі барып, алманың 12 түрлі сортын оңтүстік аймақтар, Талғар, Тараз, Меркі өңірлерінен әкеліп отырғыздық. 1980 жылдары алма бағы, Орал совхозының атағы жер жарып тұрса, 1998-1999 жылдары құлдырай бастады. Жаппай жекешелендірудің құрбанына айналып, тірі ағаштың қамын емес, техниканы көздегендер талан-таражға салды.

y

Сөйтіп, бар байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен бақтың орнында қараағаш қана қалды,- деп қынжылады ақсақал. Расында, бұрынғы кіші бақтың орны бүгінде күл-қоқыс алаңына айналса, үлкен бақ та қара ағаштың қоршауында қараусыз жатыр. Арпа ішіндегі бір бидайдай болып көзге оттай басылған жалғыз түп алма ағашын ғана көрдік. Өз қолымен еккен ағашын Уәли ақсақал бірден таныды. 1996 жылы Меркіден әкелінген «Талгарская красавица» деп аталатын алманың сорты екен. Менімен түйедей құрдас 24 жылдық ағаштың бойы адам бойынан сәл биік. Табиғаттың құдіреті шығар ылди жерге орналасқан қарт ағаш тамырына қайдан болмасын су тартып, тіршілік етіп, түйнек беріп тұр. Алма бағының аянышты халін көрген қария бұл өмірде «Ағаштың да киесі бар, иесі бар шырақтарым. Оны бұлай қорлауға болмайды» деп өсиет айтты.

{ytvideo https://www.youtube.com/watch?v=ck67RQJn4e4&feature=youtu.be|16:9}

Араға сонша жыл салып, жабайы баққа айналған бұл жердің мемлекет меншігіне өткелі жатырғаныны естіп, алда қандай жұмыстар жасаларын білмекке аудан әкімінің орынбасары З.Мұқашқа хабарластық:

-Биылғы жылдан бастап аудан әкімінің қолдауымен осы аталмыш бақты мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүруде. Бүгінде бір инвесторлар да табылып, келіссөздер өтіп жатыр. Қомақты қаржыны талап ететін аумақ болғандықтан инвесторлардың көмегімен сол жерге су тартып, қоршау салғызып, бұрынғы алма бағын қайта қалпына келтіруге жұмыстанып жатырмыз, - деп жауап берді.

Ия, бір кездері белгілі кәсіпкер Владимир Розметовке бұйырмаған бақ енді ең болмағанда мемлекеттің қамқорлығына көшсе деген тілегі бар халықтың.

Көп ұзамай киелі Сарытоғайдың алма бағына жаппай ел болып, көшет отырғызамыз деген үміттеміз.

А.Сатаева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521