«Сақалды құрылысқа» сән кіре бастады.
Сарытоғай ауылындағы сақалды құрылыс атанғанына алтыншы жылға аяқ басқан 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы қайта жанданды. Нысанның жұмысын «Гранд Мастер» ЖШС қолға алды.
Сарытоғай ауылындағы 200 орындық мәдениет үйінің құрылысын 2017 жылы «Бекназар» ЖШС салып бастаған болатын. Алайда жұмысын дұрыс жасамағандықтан жосықсыз деп танылған. 2019 жылы нысанның құрылыс жұмысын ұтып алған екінші мекеме «Строй Проект 2017» ЖШС-нің де жауапсыздығынан құрылыс жұмысы тоқтап қалды.
- 2023 жылдың наурызынан бастап, 30-35 пайыз ғана жасалып, тоқтап қалған нысанды қайта жандандыру жұмыстарын «Гранд Мастер» ЖШС қолға алды. Жұмыстар басталып кетті. Әлеуметтік маңызы бар нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда, -дейді аудандық құрылыс, қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы Алтынбек Қуанғалиұлы.
Б.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ