«Сарытоғай ауылына – 90 жыл»: Cаялы мекеннің даму сатысы

Сарытоғай ауылының 90 жылдығына орайластырылған айдарды жалғастырып, сан саланы қамтып өтейік.

БАЛАПАНДАР ҚАНАТ ҚАҚҚАН «БАЛБӨБЕК»

Сарытоғай ауылындағы «Балбөбек» бөбекжайы 1979 жылы төрт топпен 70 балаға арналған балабақша болып ашылған. 1979-1984 жылдары балабаша меңгерушісі жұмысын Бибігүл Құспанова, 1984-1988 жылдары Латипа Жолдасова, 1988-1992 жылдары Сәнім Мұқанова атқарған. 1998 жылы балабақша Махам¬бет аудандық білім бөлімінің қарамағына алынып, бір жылдан кейін маусымдық 3 топтық балабақша болып, жұмыс жасады. Осы 1992-2000 жылдары балабақша меңгерушісі жұмысын Бибігүл Сисенова атқарды. 2000-2005 жылдары «Балбөбек» балабақшасының меңгеруші қызметін Сәнім Мұқанова атқарды.

sarytogai90-2

– 2005 жылдың 14 маусымында балабақша күрделі жөндеуге жабылып, 30 тамызда үш топтық, сыйымдылығы 45 орындық жылдық балабақша болып ашылды. Жылу жүйесі автономдық табиғи газға қосылып, 2007 жылдан бастап балабақша сыйымдылығы 60 балаға көтерілді. Сол жылы су құбыры тартылып, су қондырғысына қосылды. Кейін 2013 жылы күрделі жөндеуден өткендігіне қарамастан әлі де жөндеуді қажет етеді,- дейді бөбекжай меңгерушісі Айгүл Базарқызы.

Жарты ғасырға жуық тарихы бар «Балбөбек» бөбекжайында бүгінгі күні 53 бала тәрбиеленуде. Барлығы 27 қызметкерді жұмыспен қамтып отырған мекемеде 6 тәрбиеші бар.

ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЖАУАПТЫ МАМАНДАР

Ауылдағы фельдшерлік пункт 1956 жылдың қараша айында құрылып, оның меңгерушілігін 1968 жылға дейін Райса Есаулова атқарды. Кейін Батима Ербаты¬рова, Сұлушаш Қамарова, Гүлсім Сайфе¬денова, Гүлсім Шәкіровалар басшылық етті. 1999 жылы Махамбет жанұялық емханасы құрылып, Сарытоғай амбулаториясы Махамбет жанұялық-емхана құрамына енді. 2002 жылдың қаңтарында Сарытоғай жанұялық дәрігерлік амбулаториясы құрылып, аға дәрігер қызметін Насиха Көбенқызы атқарды. Қазіргі күні жас маман Нұржан Ағманов меңгерушілік қызметте. Өткен жылы ғана учаскелік дәрігер қызметіне тағайындалған ол еңбек жолын Исатай ауданы, Забурын ауылдық округінен бастаған.

sarytogai90-3

– Түркістан облысындағы Қазақ- Түрік университетінің медициналық факультетінде 5 жыл оқыдым. Кейін Шымкент медицина инситутының и¬тернатурасын тәмамдап, батыс өңірге жұмысқа жолдамамен келдім. Бұл жердің халқы құшақ жая қарсы алып, бүгінгі күні халықтың денсаулығын нығайту, ем-дом шараларын жүргізу бағытында жұмыс атқарып келемін. Әріптестеріммен де жақсы қарым-қатынастамын. Ауылдың мерейлі тоқсан жылдығы құтты болғай,- дейді дәрігерлік амбулатория меңгерушісі.

КІТАПХАНАДА 2000-НАН АСТАМ КІТАП ҚОРЫ БАР

600-ге жуық оқырманы бар 1957 жылы ашылған кітапханада қазіргі күні 2000- нан астам кітап қоры сақтаулы. Ауыл халқының бос уақыттарын тиімді пайдала¬нуына, оқырмандарды кітапханаға тартуға ықпал етіп, ондағы өткізілетін мәдени шаралардың қызықты, мазмұнды, сапалы өтуіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын кітапхана меңгерушісі Қарлыға Айдарова өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті маман. Оған дейін қызмет еткен Раушан Сатанова да бір кездері түрлі ша¬раларды қолға алып, тынымсыз еңбек етті.

s

– Ақын-жазушылардың мерейлі жастарын, салт-дәстүрлердің, ұлттық мерекелердің, зиялы қауым өкілдерінің өмір жолдарын насихаттау жақсы жолға қойылды. Сондай-ақ, поэ¬зия, кездесу кештерін, оқырмандар конференциясының, библиографиялық шолулар, кітаптың беташарын өткізу сияқты кітапханалық жұмыстардың қызықты, тартымды, мағыналы өтуіне көп жұмыстанамыз. Қай кезде де оқырманынан ажырамаған ауылдық кітапханаға келіп, кітапты жаздырып алушылар қатары жетерлік,- дейді кітапхана меңгерушісі.

Кітапхананың ішкі жұмыстары, кітап көрмелерінің шығарылуы, кітап қорының орналастырылуы қатаң тәртіппен сақталған. Өз білімін әрдайым шыңдап жүретін, жаңалыққа жаны құмар Қарлыға Айдарова мәдени-көпшілік шараларды өткізуде ауылдық мәдениет үйі, мектеп, балабақша ұжымдарымен, ардагерлер, әйелдер кеңесімен бірлесіп, жұмыс жасайды.

ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ЖАЙЫ МАЗАЛАП ТҰР

1954 жыл пайдалануға берілген мәдени демалыс қызметін ұйымдастыруға арналған 200 орындық ғимаратқа 2004 жылы жылу жүйесі қондырылып, 2006 жылы ғана жөндеу жұмыстары жүргізілген. Саны 10-ға жетер-жетпес қызметкері бар мәдениет үйінде хор, Жұмабаевтар жанұялық ансамблі, би, драма үйірмелері де жұмыс жасайды. Алғаш ашылған жылдары аудандағы белді мәдениет ошағы саналған клубтың меңгерушісі, коменданты Б.Ескендіров болды. Кейін Иманмұрат Рамазанов, Жібек Қыдырмағамбетова, жергілікті композитор Қайыржан Ихсанов, Өтепберген Тарғынбаев, Қарлыға Айдарова, Айжан Утепкалиева, Саламат Қазиев, Биязы Қошымовалар клуб жетекшілігінде болды. Кейін кәсіпорын болып, қайта құрылғаннан кейін Қ.Айдарова, А.Тулеуовтер басшылық етсе, қазіргі күні мәдениет үйінің директоры қызметін Р.Жұмабаев атқарып келеді.

sarytogai90-6

Ауылдың өнерпаздары Ф.Мухамеджанова, Р.Боброва, Л.Гобрузовалар Алматы қаласында 1978 жылы өткен фестивальдарға қатысып, Қ.Ексебаева, Р.Жұмабаев, Е.Жұмабаев, Н.Салиевтер көркемдік жетекші болды. Кинофиксация тарағанша Қ.Хайруллин, Г.Кузецовтар ки¬номеханик қызметін атқарды. Композитор Қ.Ихсанов «Самғай бер, Атырауым», «Махамбет – құтты мекен», Сарытоғайдың гимні «Саялы Сарытоғайым» секілді 100- ден астам ән жазып, ол туындылар түрлі шараларда орындалып жүр. Мәдениет ошағынан Гүлмира, Ерлан, Жантөре Жұмабаевтар, Ерлан, Жақсылық Базар¬баевтар, Айдын Жұмабаев, Айдана Табылдиевалар әншілік өнерлерімен үлкен өмірге қанат қақты. Алайда осынша таланттың қанатын қатайтып, томағасын сыпырған мәдениет үйінің қазіргі күйі мүшкіл. «Мәдениет үйі» деген аты бар демесеңіз, дұрыс жөндеу көрмегеніне 15 жылға жуықтаған нысанның сиқы адам шошырлық. Іргетасы сөгілген, саман тастан салынған ғимараттың қабырғалары қақырап тұр.

2017 жылы жалпы көлемі 1222,17 шаршы метрді құрайтын жаңа мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын бастаған мердігерлердің жауапсыздығы салдарынан жұмыс тұрып қалды. Облыстық құрылыс басқармасы нысанды 2020 жылдың ІІ жартыжылдығында аяқтауды уәде еткенімен, әлі мелшиген күйінде қалып, «сақалды» құрылыстың жыры жалғасуда.

sarytogai90-5

Биылғы жылдың ақпан айында ауданға келген мәжілісмен Нұрлыбек Жұмахметұлының алдында жауап берген облыстық құрылыс басқармасының өкілі мәдениет үйін осы жылдың аяғына дейін аяқтау үшін барлық ша¬раны қолданатындығын айтып, халық алдында уәдесін берген еді. Облыс әкімі Серік Шәпкенов те бұл «сақалды құрылысты» назарға алып, жуық арада шаралар қабылдайтындығын айтқан-ды. Дүркіретіп жаңа мәдениет үйінде торқалы тоқсан жылдығын атап өтсе, сарытоғайлықтар үшін одан артық бақыт жоқ шығар, сірә! Тұрғындардың басты өтініші де осы болып тұр.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT