Сарытоғайда алма баққа арналған ескерткіш орнатылды

Сарытоғай ауылында шағын саябақ  ашылып, оның ішіне алма баққа арналған ескерткіш орнатылды.

1948 жылы ашылған алма бағы өз уақытында 17 түрлі алма сортын өсіріп, одан 3 түрлі өнім алып, бүкіл Қазақстанды ғана емес, Татарстан, Башқұртстан, Ресейдің бірнеше облыстарын қамтамасыз етіп отырған. Сарытоғайдың символына айналғалы отырған ескерткішті ауылдың азаматы, ағаш шебері, кәсіпкер Орынғали Сариев жасаған. Ыстық пен суыққа төзімді стеклопластикадан жасалған ескерткіштің биіктігі 3 метр.

-Кешегі күн – бүгінгі тарих. Сарытоғай бір кездері Қазақстанның екінші Алматысы атанып еді. Сол кезде таң алакеуімнен кеш қарайғанша ауылдың жас-кәрісі осы бақта қайнаған қызу жұмыстың ортасында жүрді. Суды Жайық өзенінен шелекпен тасыдық. Балалар жастайынан еңбекке шыңдалды. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған бірліктің арқасында бүкіл одаққа танылдық. Бүгінде сол алма бақтың орны мен ескірмейтін естеліктері ғана қалды. Бақтың жұмысы кері жанданса, аудан экономикасына көп пайда әкелер еді. Әйгілі бақтың атын өшірмей, игі бастаманы қолға алған ауыл жастарына алғысымыз шексіз. Бұл келешек ұрпаққа жететін тарих, деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәли Рақымжанов.

Іс-шара соңында ауыл қарттары саябақтың ауласына алғашқы алма ағашын отырғызды. Айта кетейік, аталған ескерткішті Сарытоғай орта мектебін 1975, 1985 жылы бітірген түлектер қолдау білдіріп, салынып отыр.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT