Құрбан айт – мұсылмандардың ең маңызды мерекелерінің бірі, ол Рамазан айы аяқталғаннан кейін 70-күні тойланады.
Осы жылы Құрбан айт маусымның 28-і басталып, үш күнге жалғасады. Сәрсенбі күні таң сәрімен аудандық «Исатай-Махамбет» мешітінде бас имам Нұрбек Ибайдулааев уағыз айтып, жамағатпен бірге айт намазын оқыды.
– Қасиетті Құрбан айт – мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі. Айт – сөзі «әл-ғиду» сөзiнен шығып, мереке, мейрам, қуаныш деген мағыналарды білдіреді. Қасиетті «Құрбан айт» күні мұсылман адам айт намазын оқып, құрбан шалып, айт мерекесімен өзгелерді құттықтап, қайырымды істер атқаруға тырысады. Бұл күндерді ұлықтап, адамдарға қуанышты көңіл-күй сыйлау – тақуалық белгілерінен, – деп бас имам ұлық мейрамның әдептеріне жеке-жеке тоқталды.
Мешіттің алдына ақшанқан қос киіз үй тігііліп, келген қонақтар арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, бата берді. Кешке орталық алаңда қазақтың ұлттық ойындарынан өткен сайыстар ұлық мейрамның көрігін қыздыра түсті. Атап айтар болсақ, гір тасын көтеру, арқан тартыс, қазақша күрес, қой көтеру және балалар арасында ләңгі тебу ойын түрлерінен сайыс өтті.
– Құрбан айт мерекесіне арнайы ұйымдастырылатын спорт шарасының негізгі мақсаты – мешіт жамағаты арасында дене шынықтыру мен спортты, салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар, Исламның дәстүрлі емес ағымының жетегінде жүрген жандарға асыл діннің оң жолын көрсету арқылы оларды бауырға тарту, - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Қазақша күреске ниет білдіргендердің қатары қалың болды. Білекті де жүректі жігіттер бақ сынасқан сайыс қорытындысында жүлделі бірінші орынды Алишер Балабаев, екінші орынды Ринат Идрисов, үшінші орынды Дәстем Есенғалиев иеленді. Гір тасын 63 рет көтерген Асланбек Ақылбеков бірінші орынға ие болса, Елдос Сұлташевқа екінші, Айбек Ерсайынға үшінші орын бұйырды. Қол күрестің жеңімпазы болып Асылбек Тілегенов танылса, Азамат Ақылбеков пен Елдос Сұлташев екінші, үшінші орындарды жеңіп алды.
Қой көтеру сайысында Ринат Идрисовке тең келер жан болмады. Жеңімпаз 70 мәрте рет көтерген қойды қанжығасына байлады. Арқан тартыста Ортақшыл ауылының жігіттері қарсылас шақ келтірмесе, «Ақылбек» командасы екінші, «Мешіт жамағаты» командасы үшінші орынға ие болды. Балалар арасында өткен ләңгі тебу сайысында Ануар Амантай жеңімпаз атанса, Хамза Бисалиев екінші, Харун Аюсин үшінші орынға жайғасты.
Шара соңында ұлтты ұйыстырған мерекенің жеңімпаздарына ақшалай сертификат және естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар бүлдіршіндерге айттық сыйлықтар таратылды. Ауызбіршіліктің үлгісін көрсеткен жамағат бір-біріне жылы тілектерін, ықылас ниеттерін білдіріп, мешіттің ұжымына ризашылықтарын айтып, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ