Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Қолынан іс келетін және елге беріле қызмет жасайтын азаматтарға ғана ортамызда орын бар. Оларға қолдау көрсетеміз, ал қоғам құрметін білдіреді. Халқымыздың нақыл сөзін сәл түрлендіріп айтсақ: «Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді» деген болатын. Осындай қолынан іс келетін азаматтар ауданымызда да баршылық. Сондай іскер жанның бірі, Сарайшық ауылының тұрғыны Ерлан Шугайпов. Ол мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып жол төсеніш тастарын (брусчатка) шығаратын шағын цех ашып, іске қосты.
Сарайшық ауылында туып өскен азамат, әскерден келген жап-жас шағында тағдырдың жазуымен жол апатына ұшырап, ІІІ топ мүгедегі атанады. Денсаулығына зақым келгеніне қарамастан жоғары оқу орнына түсіп жер кадастры маманы мамандығын алып шығады. Бірақ мамандығы бойынша жұмыс табыла қоймаған соң, Астрахан қаласынан теңізшінің оқуын оқып алады. Осы мамандығы бойынша көп жыл Қашаған кен орнында еңбек етеді. Ол жерден қысқартуға ұшыраған соң, жекекәсіп ашуды ойластырады.
- Жұмыстан қысқарып қалған соң бір кәсіп ашуды ойладым. Ойлана келе қазіргі таңда сұранысқа ие, заманауи төсеніш тастарына тоқтадым. Екі жыл бойына ғаламторды ақтарып, құрамына не қосатынын, қалай жасалатынын зерттедім. Әбден дайындалып, өзіме сенімді болғанда жұмыспен қамту орталығына қайтарымсыз грантқа құжат тапсырып, жобамды сәтті қорғап, 1 280 000 теңгеге ие болдым. Алған ақшаға құрал-жабдықтар, құрамына қосатын қоспаларын сатып алдым. Тас шығаратын аппаратын облыстан таба алмаған соң, тағыда ғаламтордан қарап, өзім жасап шығардым. Цехымды ашып, жұмысымды бастадым. Шикізатты Атырау қаласынан аламыз. Біздің бұл ісімізде ауданда бәсекелестер жоқ деп айтуға болады. Тапсырысты аудан көлемінде қабылдаймыз.,Қазір 40 шаршы метр төсеніш дайындап қойдым. 1 шаршы метрін 3000 теңге деп отырмын. Тапсырыс көп болса жеңілдік жасаймын. Жұма күні аудан аумағына жеткізіп беру тегін , - дейді Ерлан Шугаипов.
Бұл — отбасылық бизнес. Жанында баласы көмек көрсетеді. Әзірге шағын цех кәсіпкердің жеке үйінің ауласынан ашылған. Болашақта өндірісті кеңейтуді жоспарлайды.
42 жастағы кәсіпкер құдай қосқан қосағымен бірге 2 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп отырған үлгілі әке.
Б.Сүлейменқызы