Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының тапсырысымен республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші ортағасырлық Сарайшық қалашығына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Қазба жұмыстарын мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Бозоқ» тарихи-мәдени музей-қорығы атқарды.
Нәтижесінде тұрғын үйлердің бөлмелері ашылып, орта ғасырға тән құмыралар, балық пен ірі малдардың сүйектері табылды. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген аумақтың көлемі 800 шаршы метрді құрайды. Тамыз айында басталған археологиялық қазба жұмыстары екі айдың көлемінде аяқталды.
– Сарайшық – тек Атырау облысы үшін емес, еліміз үшін де маңызы зор тарихи мекен. Қалашықтың қорғау аймағы 99 гектарды құрайды. Жалпы қазба жұмыстары толықтай аяқталғаннан кейін ашық аспан астындағы музей орнатылатын болады. Қазіргі уақытта реставрация жұмыстарын жүргізуді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қолға алды. Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының негізгі міндеті – тарихи жерлерді зерттеу, сақтау және насихаттау. Мақсат – киелі мекенді тереңірек зерттеу және табылған жәдігерлерді облыстық музейге, «Сарайшық» музей-қорығына келуші туристердің назарына ұсыну,- дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы басшысының орынбасары Фархат Байдәулетов.
Өткен жылы бұл қазба орнында зерттеу жұмыстарын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жүргізіп, секторларға бөліп, 600 шаршы метр аумақты қазып шықты. Ал биыл қазба барысында табылған екі тұрғын үйдің шекарасын белгілеп, қай дәуірге тән екенін анықтау үшін археологтар аумақты 800 шаршы метрге кеңейтті. Сонымен қатар өткен жылғы зерттеу барысында анықталған канн жүйесінің қосалқы жолдары табылды. Бірнеше бөлмені қамтып, жылытуға арналған қазандықтар анықталды. Қазандықтардың негізгі көрінісі осы жылы ғана анық байқалған. «Бозоқ» тарихи-мәдени музей-қорығының археологы, бас испектор Ерболат Рахманқұлов келешекте қазба жұмыстары жүргізілгенде оның басқа да арналары ашылатындығына сендірді.
– №1 және №2 қазба орны аралығында екі тұрғынжай орналасқан. Олардың жекелей функцияларды атқаратын бөлмелері бар. Бұл бөлмелерге канн жүйесі арқылы жылу беріледі. Әртарапқа бөлінген арналар арқылы қазандықтар табылды. Мұржасы, жылыту қазандығы бар бөлмелердің астындағы суфалар арқылы үйді жылытып отырған. Бұлар тек үйді ғана жылытпайды, сол жердегі моншаларды жылытады. Сонымен қатар бөлменің қабырғаларында ташнаулар орналасқан. Тығыз орналасқан ошақтың орнынан хум құмыралары анықталды. Хум құмырасының биіктігі шамамен 1,3 метрді құрайды. Ернеуінің аузы 50-80 сантиметрге жуықтайды,- дейді Е.Рахманқұлов.
Қазба жұмыстары кезінде ірі балық сүйектерінің табылуын зерттеушілер Сарайшықта балық өндірісінің дамығандығымен байланыстырады. Мәдени қабатының қалыңдығы 30-40 сантиметрді құрап отыр. Ал остеологтар зерттеу барысында табылған мал сүйектерін жіті тексеріп, қай мезгілде сойылғанын, қорегін анықтайтын болады.
– Сарайшықтан табылған хум құмыраларының түбі тесілгенін байқаймыз . Себебі , мұндай құмыраларды жуыну бөлмелеріне қоятын болған. Десе де хум құмыраларын сүт, қымыз, шарап секілді әртүрлі сұйықтықтарды сақтауға пайдаланған. Оны қазба барысында табылған құмыралардың ішіндегі ыдыстың сынықтарынан байқауға болады. Канн жүйелері Ноғай хандығы, Қазақ хандығы, Алтын Орда кезеңіне тиесілі екені анықталды. Зерттеуіміз бойынша ,құмыралар әлі де бар. Қазба жұмысын жалғастыру барысында табылады деген сенімдеміз,- дейді археолог.
Зерттеушілер археологиялық қазба барысында анықталған стратиграфиялық жалдар арқылы мәдени қабаттардың қай кезеңге тиесілі екендігін анықтайтын болады. Келешекте реконструкция жұмыстарын жүргізу үшін жалдарды алып тастап, тұрғынжайларды және жалпы сұлбасын қалдырыпты.
– Оның бәрі келушілердің көруіне ыңғайлы болуы үшін жасалуда. Үйдің қабырғаларын тұрғызуда күйдірілген және күйдірілмеген кірпіштер қолданған. Алтын Орда кезеңіндегі күйдірілген кірпіштердің қалыңдығы 8-10 сантиметр шамасында болады. Үй құрылысына таптырмас материал болып саналады. Тұрғынжайдың канн жүйесін тұрғызуда дәл осы кірпіштер қолданылған. Қанша ғасыр өтсе де сапасын жоғалтпаған. Табиғи апаттарға да, басқа да жағдайларға төзімді,- дейді «Бозоқ» тарихи-мәдени музей-қорығының бас инспекторы Б.Рахманқұлов.
Естеріңізге сала кетсек, қираған Сарайшық қалашығының орнында ауқымды археологиялық қазба жұмыстары 1937 жылы жүргізілген. Ал 1950 жылы Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан көне шаһарды зерттеп, құнды деректер қалдырады. 1989 жылы Алтын Орда дәуірінде салынған қалашықта қазба жұмыстары қайта жанданып, арасындағы үзілістермен 2009 жылға дейін Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізіледі. Кейін бұл жұмыстар тоқтап қалады. 2017 жылы археолог З.Самашев жұмыстарды қайта қолға алып, содан бергі уақытта Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде қазба жұмыстары жүргізілуде.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ