Аудан мектептерінде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы ашылды

Ата-ана мен мектептің қарым- қатынасы – ұрпақ тәрбиесінің қайнар бұлағы. Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналармен, қоғамдастықпен мектептің бірлескен әрекетінде. Мұғалім мен ата-ананың қарым- қатынасында негізгі рөлді педагог атқарады, өйткені тәрбие жұмысы – оның негізгі мамандығы. Мұғалім ата-аналармен жұмыс істей жүріп, балаға, оның қылықтарына, оқудағы табыстары мен көзқарасына, тағы басқаларға баға беріп отырады.

«Әділетті Қазақстан: адал ұрпақ, са­палы білім, табысты ұлт» атты білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде Оқу- ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарында «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» білім берудің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатқанын атап өткен бо­латын.

– Министрлік оқушылармен, ата-ана­лармен және қоғаммен идеологиялық жұмысты жандандыруға бағытталған 2023-2025 жылдарға арналған Бірыңғай білім беру бағдарламасын әзірледі. Барлық білім беру ұйымдарында ата- аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істейтін болады. Олардың ең бірінші басымдығы – бала­ларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара әрекеттесуін күшейту, бала тәрбиесінде оң мәдениетті дамыту,- деді министр.

Жуырда министрлік жанындағы Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының ғылыми-әдістемелік кеңесінің ұсынысына сәйкес Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы ашылды. Орталықтың лента­сын әкелер кеңесінің төрағасы Кенжебай Адыров пен қамқоршылық кеңестің төрайымы Гүлмира Тапишова қиды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орын­басары Марта Қабдырахманова «Биік бол­сын шаңырағың» атты тренинг арқылы ата-аналармен кері байланыс жасады. Мектеп директоры Гүлзада Неталиева құттықтау сөз сөйлесе, орталық жетекшісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынба­сары Мөлдір Саламат жұмыс барысы және жоспарымен таныстырды.

– Педагогикалық қолдау орталығының мақсаты – балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуде мемлекеттік орта білім беру ұйымдары мен ата-аналар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл үшін жағдайларды қамтамасыз ету. Негізгі міндеттің қатарында білім беру ұйымы мен отбасы арасындағы балаларды тәрбиелеу және дамытудағы өзара іс-қимылды нығайту, отбасылық тәрбие процесінде балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша ата-аналардың уәждемесін арт­тыру қарастырылады. Бұл орталықтың жұмысына барлық ұстаздар қауымы мен ата-аналар белсенді қатысады деп сенемін,- деді орталық жетекшісі М.Саламат.

«Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы жанынан «Даналық мектебі» де өз жұмысын бастады. Мұның ая­сында «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» сынды шаралар ұйымдастырылып, түрлі қауымдастық құрылады. Бұл жұмыстар оқу жылының соңына дейін жоспарға сай өткізілетін болады.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT