Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – асыл сыйы уақыттың» атты мерекелік салтанатты шара кең көлемде атап өтілді.
Мереке қарсаңында бірқатар азаматтардың мерейлері өсіп, сан түрлі мақтау, мадақтауларға ие болды. Таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті де қастерлі тәуелсіздігіміздің орда бұзар жасын да махамбеттіктер құрметпен қарсы алды. Бұған дейін шағын ғана көрерменмен шараларды өткізіп келген «Өнерпаз» мәдениет үйінің залы бұл жолы лық толды. Мемлекеттік ту кіргізіліп, гимн орындалды.
«Қазақ даласы» биін мың бұрала билеген «Әсем-ай» би тобы жиналғандар қошеметіне бөленді. Еңселі егемендігіміз бен тұғырлы тәуелсіздігімізді айқындайтын мерейлі мерекемен құттықтаған аудан әкімі Ринат Жанқылыш өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлесін қосып, сондай-ақ ел игілігіне еңбек етіп жүрген бір топ махамбеттіктерді марапаттады.
– Еліміздің жаһандық дамуына, экономикалық-әлеуметтік серпілік жасауда махамбеттіктердің де өзіндік үлесі бар. Аудан тұрғындарының ерен еңбектерінің нәтижесінде өңірде барлық сала қарқынды дамып келеді. Әр салада жаңашыл бастамалар, ілкімді істер бар. Халықтың игілігі үшін салынған әлеуметтік нысандар жөндеуден өтіп, пайдалануға берілсе, көшелер жарықтандырылып, кәсіпкерлік бағытта бірқатар қызмет көрсету орындары ашылды. Алдағы уақытта да талай айшықты істердің куәсі болатынымызға сенімдіміз. Баршаңызды мерейлі мерекемн шын жүректен құттықтай отырып, еліміздің кемело келешегін нығайту жолындағы қызметтеріңізге табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болсын,-деді аудан басшысы Р.Бауыржанұлы.
«Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағымен зейнеткер, денсаулық сақтау саласының ардагері Ұлмекен Бимағамбетова, күйші-домбырашы, еліміздің еңбегі сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, облыстық мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиев және еңбек ардагері, зейнеткер Базар Әміров марапатталды. «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен Сарайшық ауылдық кітапханасының меңгерушісі Маржан Симанова марапатталса, 30-ға жуық азаматтың кеудесіне «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жыл» төсбелгісін тақты. Сондай-ақ, салтанатты шарада құқық қорғау, әлеуметтік сала, кәсіпкерлік, спорт, мәдениет, білім, мемлекеттік қызмет салаларының қызметкерлеріне облыс әкімінің және аудан әкімінің алғыс хаттары табысталса, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының «Құрмет грамотасы» ауданның бір топ ардагерлеріне табыс етілді.
Ұлт мерейін өсірген ұлы мерекемен құттықтаған облыстық мәслихат хатшысы, «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» Әлібек Ибатоллаұлы бірқатар азаматты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және министрліктердің «Құрмет грамоталары», сонымен қатар алғыс хаттарымен марапаттады. Қазақстан Респбуликасы Сенатының «Құрмет грамотасы» Қ.Мәжиев пен Р.Әженовке, ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Құрмет грамотасы» Е.Сабыровқа, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Құрмет грамотасы» Ш.Торбаева мен Б.Бисалиевке табыс етілсе, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының алғыс хаты Е.Кенжеғалиевке табысталды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Суреттер автордікі