Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы мені елең еткізгені - «Ұлы даладағы металлургия» болды.
Жалпы металл өндірудің амал-тәсілдерін табу, тарихтың жаңа кезеңдеріне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгерткені анық. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның орталық, солтүстік, шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс, алтын қорытпалары алына бастады. Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдар, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді.
Ежелгі Сарайшық қаласында ақша шығаратын теңгеханалар, қару-жарақ соғатын бірнеше ұстаханалар болған көрінеді. Кезінде Сарайшықты билеген хандар өз ақшасын осы теңгеханаларда шығарған. Музейде сақталған ескі ақшалар, мыс, күміс, алтын тиындар өткен ғасырдан сыр шертеді. Сонымен қатар ұстаханаларда қару-жарақ қана емес, әйелдердің әшекей алтын, күміс, мыстан соғылған бұйымдары шыққан. Мұның бәрі музей қорында сақталған.
Сарайшық мұражай-қорығында мыс, темір тұрбалар, шығыр, су айдайтын темір, мыс құбырлар, монша орнынан шыққан осы заманғы су айдайтын тұрбалар, құбырлар тұр. Көненің жәдігері ретінде сақталған. Темірден жасалған жәдігерлер де көп. Темір қазандар, кісі бойындай ежелгі қыштан жасалған терең құмыралар қаншама. Қыш құмыраның үлкен, орташа, кіші түрлеріне дейін бар екен. Тұрғындар құмыраның орташасын, кішілеуін су тасуға, ауыз су құйып қоюға пайдаланған. Ал үлкен қыш құмыраларда астық сақтаған дейді. Қазіргі уақытта біз астықты қаптарда сақтасақ, ол кезде кенеп қаптар қайдан болсын? Егін егіп, мол өнімін жинаған шаруалар өнімін осы қыш құмыраларда сақтаса керек. Қыш құмыраның өзін Сарайшықта қыштан күйдіріп, құйып, жасап шығарған деген деректер бар.
Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Сарайшықта әрлі-берлі жүрген керуендер тоқтайтын болған. Мұнда арнайы керуенсарайлар салынған. Олар ол кезде қазіргі қонақ үй, мейманхана қызметін атқарған дейді. Ханның кіші сарайы болған қалада 9 мешіт азан шақырып, күніне 500-дей мал сойылған деген деректер барын білеміз. Мәскеудегі қызыл алаңнан аумайтын Сарайшықты көріп, іштей таң қаласың. Міне, сондықтан Иван Грозный патша көшпенділер жерінде Мәскеуден аумайтын қала болмауы тиіс деп оны түгелдей қиратуға әмір еткен дейді. Жеріміздегі ескі зираттар, кесенелерде айлар орнатылғанын білеміз.
Қ.МАЖИЕВ,
Бақсай ауылдық округінің әкімі.