Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын талқылау мақсатында республикалық ақпараттық топ мүшелері ауданымызға келді.
Ақпараттық топ құрамында академик, тарих ғылымдарының докторы, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңес төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, ішкі істер генералы, Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев, Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің жауапты хатшысы Көпболсын Бекмағанбет болды.
Жиын барысында республикалық топ мүшелері «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінің жалғасы екендігін, ел тарихын жеті қырынан танып білмейінше, мәңгілік ел болуының қиындығын атап өтті.
Насихатшылар Сарайшық округі жұртшылығымен кездесіп, мақаланың тарихи маңызы мен ғылыми тереңдігін түсінікті тілмен жеткізді. Ауданға ескерткіш кәдесый ретінде «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің жауапты хатшысы Көпболсын Әбдікешұлы «Республиканың 70 тарихи орындары» атты тұңғыш кітапты Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали Бахуұлына табыс етті. Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында аталған Ботай қорымының Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданының төңірегінде жатқандығын, осыдан 1980 жылдан бастап ол зерттеліп, алты мың жыл бұрын сол жерде жылқы малының қолға үйретілгені жөнінде ақпарат берді. Қонақтар ауыл тұрғындарымен кездесуден кейін «Хан ордалы Сарайшық» мұражайына ат басын тіреп, Жеті хан кесенесіне тағзым етіп, өңір тарихын баяндайтын жәдігерлермен танысты. «Хан ордалы Сарайшық» музейі республикалық деңгейде қаржыланып, жаңа мүмкіндіктерге ие болғанын Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов атап көрсетіп, 2017-2018 жылдары музейді тамашалауға туристердің саны күрт өскенін айтты.
Жиналыс аяғында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Саменовке үлгілі жұмысы үшін облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасы» табыс етіліп, өз жұмысын одан әрі жетілдіру, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбына орай жаңа белсенді жұмыс тіледі. Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановтың 80 жас мерейтойына орай Елбасының «Парасат» ордені табысталды.
Қ.СИСЕНОВ,
Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің хатшысы.