АЛЫС-ЖАҚЫН ШЕТЕЛ ЖАСТАРЫНЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН ХАН ОРДАЛЫ САРАЙШЫҚТА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ ОСЫМЕН ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ. «SARAISHYQ UPGRADE» (САРАЙШЫҚ АПГРЕЙД) ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР ФОРУМЫ АТЫРАУДА ОСЫМЕН ЕКІНШІ МӘРТЕ ӨТІП ОТЫР. ШАРАНЫҢ МАҚСАТЫ - ЗАМАНА ТАЛАБЫНА САЙ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ДАМЫТУ, ЖАСТАРДЫҢ ОРТАҚ АЛАҢЫН ҚҰРУ БОЛАТЫН. ЕКІ КҮНГЕ СОЗЫЛҒАН ШАРАДА РЕСЕЙ, ҚЫРҒЫЗСТАН, ӨЗБЕКСТАН, ӘЗЕРБАЙЖАН ЕЛДЕРІ МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ 8 ӨҢІРІНЕН ЖИНАЛҒАН ЖАСТАРДЫҢ ЖОБАЛАРЫ АРАСЫНАН ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ. ЖАЛЫНДАҒАН ЖАСТАР БАС ҚОСҚАН ФОРУМ НАҒЫЗ МӘРТЕБЕЛІ МЕРЕКЕ БОЛДЫ ДЕСЕК АРТЫҚ ЕМЕС. ҚАЗАҚСТАН МЕН БАСҚА ДА ШЕТЕЛДЕРДЕН ЖИНАЛҒАН ЖАС ӨРЕНДЕР ӨЗАРА ПІКІР АЛМАСЫП, ҒЫЛЫМ МЕН ӨНЕРДІҢ ӘЛІППЕСІМЕН ТАНЫСТЫ.
Жалпы «Saraishyq Upgrade» -тың аясы жыл санап кеңіп келеді. Биыл Өзбекстаннан 10 делегат келген болатын. Халықаралық деңгейдегі жоба болғандықтан форумға 300-ден астам қабілетті жас қатысып, кинематография, музыка, маркетинг, театр, хореография және жасанды интеллект бағытындағы жобалар сарапқа салынды.
Наурыз айында өңірімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткен-ді. Сол келелі басқосуда Мемлекет басшысы Сарайшық өлкесінің ел тарихында алатын орны қандай екенін ашып айтты.
«Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар» - деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Аталмыш форумның қатарынан екінші жыл осы киелі топырақта ұйымдастырылуында да үлкен мән бар. Сарайшықтың сырын білмейтін, тарихымен таныспаған өзге елдің, өз еліміздің жастары осы жерде бас қосып, білім, тәжірибе алмасты. Танымал өнер адамдары мен өнертапқыш жастар, жасанды интеллекттің жаңалығымен бөлісетін жас ғалымдар да осы жақтан табылды.
Ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімі Серік Шәпкенов:
-»Асыл тастан, ақыл жастан», дейді. Сондықтан да осы ортаға өздеріңіздің ой-пікірлеріңізді салып, ертеңгі қоғамның келелі мәселелерін талқылайтын жақсы шешімдерді осы жерде табады деп және Атырауға келгеннен кейін біздің жастармен бірге танысып, дос табады деген сенімдемін,- деп спикерлерден жастардың алатын дүниесі мол екенін айтты.
Форумға қатысушы жастар өздері дайындаған жаңа, тың жобаларымен таныстырды. Соңында олардың арасынан спикерлер ұнатқан үздік жоба анықталып, қаржылай грантқа ие болды. Осы ретте креативті индустрияны дамытуға ниетті қатысушылардың арасынан үздік атанған 6 қатысушыға 300 000 теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Алдағы уақытта «Saraishyq Upgrade» еліміздегі ауқымды, дәстүрлі форумға айналады дейді ұйымдастырушылар.
Атап өткеніміздей, 6 бағыт бойынша сарапқа салынған жүздеген жобаның үздіктері ақшалай және арнайы сертификатпен марапатталды. Соның ішінде хореография бағыты бойынша Темірлан Әбіш үздік деп танылды.
«Saraishyq Upgrade» халықаралық деңгейдегі жоба болғандықтан мұнда қатысушылар да арнайы іріктеуден өтеді. Алдын-ала өтініш беріп, форумға қаысушылардың пікірі онлаин портал арқылы қабылданады. Сол іріктеудің нәтижесінде ауданымыздан қатысқан белсенді жастардың бірі Нұрай Сүйеуқызы өз әсерімен бөліскен еді:
- « S a r a i s h y q U p g r a d e » 2 0 2 4 халықаралық жастар форумына қатысып келдім. Мамандардың қатысуымен өткен 2 күндік оқыту- тренингте өте шықты. Мен өзімнің табиғатыма жақын “Театр” бағыты бойынша тренингке қатысып, М.Әуезов театрының белді актерлары, “Шам” театрының негізін салушылар Асан Мәжит пен Еркебұлан Дайыровтан сабақ алдым. Спикерлер қатысушыларға актерлік шеберлікті шыңдаудан бастап, түрлі дағдыларды қалыптастыруға байланысты оқыту семинарларын өткізді. Бір ғана театр бағыты бойынша қатысқан 50 қатысушы жастың алған білімі өте нәтижелі болды деп айта аламын. Ұстаздар тек тренингпен ғана емес, өздерінің осы уақытқа дейін көріп, түйген ойларын, кейстеріне дейін айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Түрлі сахналық жаттығулар, топтық тапсырмалар жасау арқылы да актерлік шеберлікке баулыды. Бір сөзбен айтқанда, ақылы түрде сатылып жатқан шеберлік сағаттарының бағдарламасын меңгеріп шықтық. Осындай мүмкіндік үшін әлбетте, ұйымдастырушыларға лағыс білідреміз,-дейді жас маман.
Театр бағыты бойынша 300 мыңдық жүлде қорын павлодарлық жастар жеңіп алыпты. Ал, қатысушыларға “Театр” бағыты бойынша екі күндік оқуды аяқтағанын растайтын сертификат табысталды.
Форумның тағы бір актуальды бағыты – жасанды интеллект бойынша қатысқан аудандық Жастар ресурстық орталығының бас маманы Нұрбек Бағытов та тегін мастер-класстан үйренгенім көп болды дейді.
-Мен таңдаған жасанды интеллект бағыты қазіргі таңда бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие. Бізге келген спикерлер де нағыз осы саланың мамандары екен. Олар өздерінің іс-тәжірибелері арқылы, жасанды интеллект пен виртуалды әлемнің мүмкіндіктері жайлы көрсетті. Бірақ, оны тек тұрмысымызды жеңілдетуге, тапсырмаларымызды жылдам атқаруға, пайдалы істерге ғана жаратуымыз керек екені жайлы да сөз қозғалды. Қазір мектеп оқушыларының өзі ЖИ бағдарламаларын меңгеріп алып, жаңа дүниелер жасап шығаруда. Мен де форум аясында осы тақырыпқа сай өз жобамды қорғап, «жақсы» деген баға алдым,- дейді Нұрбек Серікұлы.
Өткен жылғы форумда облыс басшысы Серік Шәпкенов «Saraishyq Upgrade» сынды жастар бас қосатын форумдарды жылда өткізу керектігін айтып, бастама білдірген еді. Сонымен қатар 2023 жылғы форумда музыка бағыты бойынша қатысқан «KEZEN» тобы биыл Астанада өткен «YouFest» фестиваліне шақырту алған еді. Осының өзі жаңа таланттарды, жас таланттарды дайындап шығаруда аталмыш форумның қосып жатқан айтарлықтай үлесі барын дәлелдейді.
А.САТАЕВА