Еңбектің наны тәтті

Еңбек күніне орай аудандық орталық кітапханада «Еңбек ердің даңқын, елдің атын шығарады» атты «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Оған ауданы­мызда кәсіп ашып, ел экономика­сына үлес қосып жүрген бір топ кәсіпкер шақырылды. Олардың қатарында Амангүл Жумагуло­ва, Марал Қалиева, Яна Ахметова, Жания Шауменовалар бар.

Шараны аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Әлібекқызы жүргізді. Алдымен бейнебаян көрсетіліп, кезек «сұрақ-бізден, жауап-сізден» айдарына берілді. Әр кәсіпкер өзінің кәсіпке келу жо­лынан сыр шертті.

«Ділда» тігін шеберханасының иесі Жания Шауменова еңбек жо­лын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде еден жуушы болып ба­стап, 2019 жылы кәсіпкерлікке бет бұрады. Ол мемлекеттен 550 мың теңге қайтарымсыз грант алып, білімін жетілдіріп, шеберлік сы­ныптарына қатысып, қолөнерді үйренгенін жасырмады. Кейін «Ділда» тігін шеберханасын ашып, бүгінде табысты жұмыс істеп жатқанын айтты. Қолөнерді үйренем деген қыз-келіншектерге, оқушыларға шеберлік сағатын өткізуге әзір екенін тілге тиек етті. Қандай жұмысты да шын беріліп жасайтынын, адал еңбектің наны қашанда тәтті екенін еске алды. Жеке кәсіпкер Жәния үшінші топ мүгедектігіне қарамастан, шағын кәсібін дөңгелентіп отыр. Оның көптеген қолөнер байқаулардың, көрмелердің белсенді қатысушыларының бірі екендігін айта кеткеніміз жөн.

«Жасмин» кондитерлік цехының иесі Яна Ахметованың көп жыл­дан бері ойлап жүрген мақсаты 2020 жылы карантин кезінде сәтті жүзеге асқан. Ол «Жасмин» кондитерлік цехын өз қаражатына ашқан. Дегенмен, қиындықтардың көп болғанын жасырмады. Кейін кәсібін өркендету мақсатында ауыл шаруашылығын қолдау қорынан несие алған. Айтуынша, мұнда тәттінің сан түрі дайындалады. Төтенше жағдай кезінде жаға бекіту жұмыстарына көмекке кел­ген солдаттарға ас-су дайындауға үлес қосқандардың бірі осы Яна еді. Ел басына күн туған шақта азаматтарымыздың ас-суын дай­ындап, тәттілерін таратқан оның ісі көпке үлгі етерлік. Жастайынан есеп-қисапқа жүйрік болған ол ар­найы білімі болмаса да, бүгінде өз бизнесін дөңгелентіп отырғанын айтты.

Ауданымыздағы тағы бір тәттілер мекені–«Тәтті әлем» аспаздық дүкені. Дүкен иесі – жеке кәсіпкер Марал Қалиева. Мамандығы заңгер, 2008 жылы Махамбетке келін боп түскен. Кәсіп бастаймын дегендерге мемлекеттің беретін мүмкіндігін сәтті жүзеге асыра білген оның жеке кәсіпкерлікпен айналысқанына он жыл.

Ол осыдан үш жыл бұрын кәсіпкер әйелдер төрайымы болып сайланғанын, бүгінде сұранысқа ие кәсіп түрлеріне тоқталып өтті. Қандай кәсіп бастасаңыз да, иннова­циясы болуы тиістігін жасырмады. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бағдарламаларға да тоқталып өтті.

Жеке кәсіпкер «Даулет» көрпе тігу және жүн өңдеу цехының бас­шысы Амангүл Жұмағұлова өз кәсібін бастағанына бірнеше жыл болғанын, сұраныс өте жоғары екенін айтты. Айтуынша, қазірдің өзінде үш айдың тапсырысын алып, қызу жұмыс үстінде. Ол қай кәсіп болмасын өте үлкен төзімділік, сабырлылық керектігін айтады. Амангүлдің негізгі мамандығы мұғалім бола тұра, өзінің сүйікті ісіне ден қойған. Қыз жасауын дайындау, ескі көрпелерді қайта жаңарту, т.б.жұмыстары жетерлік.

Кәсіпкерлердің қызық ты әңгімесінен соң, көрермендер ара­сынан сұрақ қойғандар болды.

Гүлзира Әлібекқызы «Еңбек мерекесі – елдің берекесі » кітап көрмесімен таныстырып, қонақтармен «Суреттер сөйлейді» ойынын ойнады. Ортаға шыққан кәсіпкер мақалды табу үшін оның суретін салды. Онда жасырылған «Шебердің қолы ортақ», «Мал– тапқандікі, жер–жыртқандікі», «Аузыңмен айтқанды қолмен істе», «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» мақалдарын дұрыс тапты.

Шара соңында ұйымдастырушылар меймандарға алғыс білдіріп, ескерткіш сыйлықтар табыстады.

А.ТЕКЕБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT