Заманауи қуат көзі

Қай ел, қандай халық болмасын өз тари­хында сан қилы даму жолдарынан өткені хақ. Біз - қазақ халқы да сондай даму сатыларынан өткенбіз. Заман ағымы, қоғам құрылымына қарай әлі де даму жолында­мыз.

Ежелгі ата-бабаларымыз тас ғасырдың от тұтату дәуірінен бастап, ұлттық өмір сүру дәстүріне орай қалыптастырған тұрмыс- тіршіліктерінде от жағып ас пісіру, үй жылытудың сан түрлі қарекеттерін дамыта білді. Бірақ, хандық құрылымның дәуірлеп тұрған тұсында, үлкен өндіріс көзі болар за­уыт, фабрикаларды ашып және оған жарық, жылу көздерін беретін шағын гидроэлектро стансаларын салуға үлгермедік. Өйткені, көрші ел ықпалымен капитализмнен аттап өтіп, феодалдық қоғамнан социализм дәуіріне біра-ақ шыққан елміз ғой. Сондықтан, сол дәуірде орыс еліндегі гидроэлектростанса­лары жүйесімен қазақ даласына біртіндеп енген жарық көзіне халқымыз таң-тамаша болып, оны: «Ильич жарығы» (В.И. Ленин) деп те дәріптеген. Алғашқыда еліміздің елді мекендері мен үлкен қалаларындағы жылу орталықтарына жағатын шикізат көзі тас көмір еді. Оның адам өміріне пайдасы­нан зияны да аз болмады. Көкке созылған будақ-будақ қара түтіні ауаға жайылғанда, ел-жұрттың тынысы тарылатын. Көгілдір отын-газ өнімін орталық жылу көздеріне, халық қажетіне жалпылай пайдалану жи­ырмасыншы ғасырдың екінші жартысы­нан бастап мүмкін болды. Халқымыздың денсаулығына қаншама зияны барын көріп, біліп отырсақ та, біздің елімізде бұл екі отын көзі әлі де қолданылуда.

Алайда, заман алға озған сайын, адамзаттың қажетіне орай тұтыну көздері де жаңарып, дамып отыруы заңдылық емес пе? Оны да­мытатын әрине, ғылымның озық техно­логиялары болмақ. Тіршілікте қай істің де тоқырауы, қай нәрсенің де таусылары хақ. Сол сияқты соңғы ғасырларда үздіксіз пай­даланып келе жатқан тас көміріміз бен газымыздың да көзі азайып, халық қажетін өтей алмай қалуы және мүмкін. Тіпті, халық денсаулығына келтіріп жатқан кеселі дабыл қақтырарлық. Бұны ғалымдарымыз соңғы жылдары жиі құлаққағыс қылуда. Мұндай құбылыстың түбі боларын ертеден болжаған елдер, әлдеқашан заманауи қуат көздеріне көшіп алып, экомикасын қарыштатып, дамыған үстіне дами түсуде. Ең бастысы мемлекеттің басты байлығы - халқының денсаулығына қажетті табиғат тазалығын бұзбауды мақсат етуде.

Ондай қуат көзі – ядролық атом станса­лары екен. Батысымыз бен шығысымыздағы ғылымы мен технологиясы қарыштаған көршілеріміз, өткен ғасырдан-ақ осын­дай бірнеше ондаған қуат көздерін салып алған. Қазір де бұл жылу көздері қуатын - өндіріс салалары мен халқының тұрмыс- тіршілігіне тиімді пайдаланып, заман тала­бына орай қарыштап дамуда. Дүниежүзіндегі 60 елде осы ядролық атом стансаларын бейбіт мақсатта халық игілігіне пайдаланып отыр екен. Солардың көбі өздерінде жоқ атом энергиясына қажетті шикізатты сырт­тан таситын көрнеді. Ал, біз неге өзіміздегі Алла берген жер байлығын заманауи қуат көзіне пайдаланбаймыз? Өзгелер өздерінде жоқ атом энергиясына таптырмас шикізат қорын Австралия, Қазақстан сияқты елдер­ден сатып алып, қажеттеріне жаратады. Біз болсақ өзіміздегі мол байлығымызды заман талабына орайластырып,бейбіт мақсатқа жа­рата алмай жүрміз.

Елімізде 6 қазан күні өтетін республикалық референдум шарасы жақындаған сайын, ел тұрғындары арасында пікірталас қыза түсуде. Бұның өзі халқымыздың ел болашағына немқұрайлы қарай алмайтындығының көрінісі деп білеміз. Бұл орайда әлеуметтік желідегі көптің көзқарасы, ой-пікірі екі- ұдайлы. Әрине, бұндай ауқымды ғасырлық жобаға күмәнмен қарайтындар да аз емес. Ол заңды да. Өйткені, қаншама жылдар бойы осы ядролық атом сынақтарының өзінен, зор зардап шегіп келген қазақ халқындай халық жер бетінде аз шығар. Алайда, қазіргі заманауи ғылым жетістіктері, бейбіт мақсаттағы озық технологиялар халықты қатерлі жағдайларға жеткізбес деп білемін. Үкіметіміз жан-жақты дамыған, саяси көзқарастары тұрақты елдермен келісіп, озық жүйелерін қолданады деп сенемін. Кейбір от­андастарымыз бұл салаға жергілікті маман­дар тапшы деген уәжді көлденең тартуда. Ал, саясаткерлер мен ғалымдарымыздың ай­туынша, еліміздегі екі ядролық физикалық институт пен «ҚазАтомПром» ұлттық компаниясындағыларды қоса есептегенде 15 мыңнан аса маман бар дейді. Әрі ядролық физика мамандығы бойынша 253 сту­дент жоғары білім алуда екен. Алға қарай да сан мыңдаған жастарымыздың осы салаға қызығушылық танытып, мамандана­тыны да сөзсіз. Сондықтан, ел болашағы– жастарымызға сеніп, адамзаттың қуат көзі ядролық атом стансасын салу, заман талабы екенін білейік деймін.

Бүгінгідей технологияның қарыштап дамыған заманында, «бардан жоқ жасау» деген ғылым қағидасына сүйеніп, бейбіт мақсаттағы жарық көзі ядролық атом стан­сасын біздің елімізде де салатын уақыт жеткен секілді. Және оны халық болып қолдағанымыз жөн деп білемін.

Сәтқали ӘУЕЛБАЕВ,

өлкетанушы, зейнеткер.

Атырау қаласы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT