Сақтық шараларына мән беріп, сабырлылық танытайық!

Қазіргі таңда бүкіл әлем өте қиын жағдайға тап келіп отырғаны жасырын емес.

Әлемді жайлаған індет енді елімізге де келіп жеткені өкінішті-ақ. Мемлекет басшысының өзі «біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз керек» деген еді.

ХХІ ғасырдың індеті коронавирус қаншама адамның өміріне қауіп туғызғандығын әлеуметтік желілер мен көгілдір экран арқылы көріп-естіп, біліп жатырмыз. Сондықтан әр адам сергектік танытып, сақтық шараларына аса мән беріп, қауіпті дерттің алдын алған дұрыс деп ойлаймыз.

Президент өз үндеуінде «біз ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызғандар заңға сәйкес жауапқа тартылады» деген болатын. Иә, елдің, ұрпақтың денсаулығы, өмірі-бәрінен де қымбат. Сол себептен Мемлекет басшысы 2020 жылдың 16 наурызынан 15 сәуірге дейін Қазақстан Республикасы аумағында төтенше жағдай жариялады. Енді еліміздің әр азаматы Елбасы мен Президент жанынан құрылған Мемлекеттік комиссия қызметіне өз тәртібімен, заңға бағынып, әрекет жасайтындығымен көмектескені жөн.

Әр адам байбалам салмай, байыппен, байсалдылықпен түсіну керек. Қазақта «Көппен көрген ұлы той» деген бар. Тек біздің ел ғана емес, бүкіл жаһан жұртшылығы бұрын-соңды болмаған дертке тап болып отыр.

Қазіргі уақытта үйде отырып-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік туғызылуда. Сондықтан дерт қоздырғыштарын таратпай, ешқайда бармай, жағдайға түсіністікпен қарап, тыныштықпен, сабырмен осы бір өткелден бәріміз бірге аман-есен өтейік дегім келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл сынақтан ынтымақ пен татулықтың арқасында аман өтетінімізге сенім мол.

А.Есенғалиев,

зейнеткер,

Жалғансай ауылының тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521