«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында кезекті Ғылыми кеңес өткізілді.
Кеңеске тарих ғылымдарының докторлары Л.Бердіғожин, Ұ.Ахметова, А.Ахмет, ғылым кандидаттары Ж.Мұстафин және Қ.Сүндетұлы, профессор Б.Мұхамбетов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Үздік өлкетанушысы Т.Жаңабай, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, өлкетанушы Ө.Әлімгерей, Махамбет аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Н.Аруев, Сарайшық ауылы әкімі Ж.Пазулов және Сарайшық ауылының ақсақалдары, мекеме басшылары, Қасым хан туралы ақпаратты сақтаған, қоғам қайраткері Шоқан Қаржауовтың туыстары қатысты. Кеңестің күн тәртібі бойынша музей-қорық директоры, профессор Ә.Мұқтар 2021 жылы атқарылған жұмыстар қорытындылары және алдағы келелі мәселелер туралы баяндаса, музей-қорық бухгалтері А.Қайреденова музей-қорықтың 2021 жылғы қаржылық есебін тапсырды.
Жиын барысында «Ортағасырлық Сарайшықтағы «Хан моласы» археологиялық қазба жұмыстары, олардың нәтижелері», ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру бойынша «ГУЛАГ жүйесіндегі Прорва және Астрахань лагерлері:
«Тарих, естелік, тағылым (1932-1950 жж.)» ғылыми жобасы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі 2021-2023 жылдарға жариялаған ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша «Қазақстанның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХҮ ғғ.)» жобасы аясындағы археологиялық қазба жұмыстарының қорытындылары тыңдалды. Музей-қорық басшысының айтуынша, «Хан моласының» ғылыми-зерттелуі тек Сарайшық музей қорығы үшін ғана емес, еліміз үшін аса маңызды. Ол ата-бабамыздың даңқын асырады, Сарайшықтың әлем тарихы алдындағы абыройын өсіреді, еліміздің гүлденуіне ықпал етеді. Сонымен қатар музей-қорықтың сайтына «Ортағасырлық Сарайшықтың аумағындағы ескерткіштер, құлпытастар» және «Сарайшық жәдігерлері» кітабының PDF-нұсқалары орналастырылды.
Музейге 35 жәдігер қабылданып, халықаралық деңгейдегі көрмелер онлайн форматта өткізілсе, суретші Отарбай Кендірдің туындылары қойылған көрмелер аудан көлемінде өткізілді. Көпшілік көптен бері күтіп жүрген «Сапар орталығын» салуға қажетті қаржы да толықтай шешілген.
- Бұл тұрғыда сенатор Ғұмар Ислямұлына алғыс білдерміз. Өткен жылы 300 миллиондай қаржы шешілмей тұрды. Парламентте бұл мәселе көтерілгеннен кейін Шымкент қаласындағы үлкен жобаны тоқтатып, қаржысын «Сапар орталығына» аударды. Келер жылы бұл орталықтың құрылысы толығымен аяқталады. Қазіргі уақытта іргетесі қаланып, қабырғалары көтеріле бастаған нысанның жанынан 300 орындық мешіттің де құрылысы жүруде,-дейді музей-қорықтың директоры Ә.Қапизұлы.
Қабылданған қаулыда 2022 жылы құрылысы аяқталатын «Сапар орталығын» музейлендіру, ортағасырлық Сарайшықты қорғау аймағын анықтау және оны қоршау, «Сарайшық оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастыру, «Секеркөл» және «Алтын қайық» аңыздары бойынша ғылыми зерттеу экспедициясын ұйымдастыру, ғылыми жобаларды сапалы орындау мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар ғылыми кеңес отырысы барысында Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен музей-қорық директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә.Мұқтар, музей-қорық директорының орынбасары А.Тұрарұлы, бас қор сақтаушы О.Сағынбаева марапатталды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ