Жаңа жыл – әр баланың асыға күтетін басты мерекесі. «Nur Otan» партиясы ғимаратында ерекше балаларға аудандық мүгедектер қоғамының ұйымдастыруымен, «West Dala» ЖШС демеушілігімен жаңа жылдық сый-сияпаттар таратты. Өткен жылдан бері қайырымдылық шараларын өткізіп келген «West Dala» ЖШС биылғы жылы 147 балаға көмек көрсетті.
Залға жиналғандарды аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Жолай Түгелбаев, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Алия Сейлова жаңа Барыс жылымен құттықтап, қамкөңіл жандардың көңіліне шаттық, қуаныш ұялатып жатқан жандарға алғыстарын жаудырды. «West Dala» ЖШС қызметкері Асыл Теміртасова жаңа жыл қарсаңында азғантай болса да көмек беріп жатқандарын, әсіресе, ерекше балаларды қуантудың өзі бақыт екенін, шаңырақ шаттыққа толсын, ауру-сырқаудан қашық болайық деді. Ол сандықшадағы сыйлықты балаларға бір-бірлеп ұсынды. Біреуін бала алса, енді бірін ата-анасы алып жатты. Маруся есімді ауыл тұрғын есепте тұратын немересінің сыйлығын алуға келгенін айтып, қолдау көрсеткен демеушілерге алғысы шексіз екенін жеткізді.
Кейін аудандық оңалту орталығындағы балаларға да барып, жаңа жылдық сыйлықтарын үлестірді. Ортаға әсем шыршаны орнатып, қызылды-жасылды киінген балалар Аяз атаны күтіп жүр екен. Балалар жасыл шыршаны айналып, өлеңдерін оқып, би билеп, мәз-майрам болғаны. Аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ж.Түгелбаев, «Вест-Дала» ЖШС қызметкері А.Теміртасова балаларды жаңа 2022 жылмен құттықтап, зор денсаулық, бақытты балалық шақ тіледі. Демеуші әр баланың қолын алып, өз сыйлығын ұсынды. Бұл жолы «апаймен бірге суретке түсейінші» деп таласқан балақайлар көп болды. Иә, кезінде атам қазақ «Берсең, балаға бер», «Қуантсаң, баланы қуант» дегенін білеміз. Балалар жасыл шыршаны айналып, ән салып, би билеп жатты.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА