САЛТ-ДӘСТҮР – ҚАЗАҚТЫҢ БҰЛЖЫМАС ЗАҢЫ

Фото: kaz.tengrinews.kz

Салт-дәстүрлер – әр ұлт, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Ол қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық, өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талап-ережелерді халық бұлжытпай орында­умен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап отырған.

Қазақ қоғамы үшін өткен замандағы салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мәселен, той, наурызкөже, қыз ұзату, қонақасы, шашу, ерулік ата салты болып саналған. Салт-дәстүрлер ел арасындағы тәлім-тәрбиелік, халықтық мәні зор.

Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие, рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүрі арқылы танылды. Салт-дәстүрлер байлығы- мәдениет байлығы. Айталық, ата- ананы құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт- дәстүрге жатады.

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет- ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды – бәрі осы салт-дәстүрлер көрінісі. Күні бүгінде салт-дәстүрлер мәселесі алдыңғы орындарда тұр. Көптеген салт- дәстүр, ырымдар бар. Ата-баба өсиеті болып келе жатқан салт-дәстүрлердің өзіндік ерекшеліктері болса, ырым­дарды тыйым үшін қолданған. Дана халқымыз өзі жасаған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйренуі ағайынды адастырмас сара жол. Мұны отбасында – ата-ана, мектепте – ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға үйретіп,үнемі айтып отырса, ұтарымыз көп болар еді.

ҰМЫТ БОЛҒАН ДӘСТҮРЛЕР

Сыйыт. Ежелгі қазақтар қайтыс болған адамның тұтынған киімдерін оның сүйегін жууға кірген «өлікке түскен» адамдарға марқұмның атынан киімдерін үлестірген. Бас жағына түскенге – бас киім, ортасына түскенге – шапанын, аяғына түскендерге етігін шұлғауымен атаған. Таза, тұтынбаған киімдерін үлестіретін де салт бар. Бұған қоса өзі қатарлас адамдарға ұсақ киімдерін, көйлек, басқа да кәделер ұсынған. Егер киім берілмей, үй ішіне қараулық жасаса, аруақ жалаңаш жүреді деген сенім бар.

Әмеңгерлік. Ол күйеуі қайтып, жесір қалған әйелдің қайынағасына, қайнысына, не болмаса жұбайының ең жақын адамдарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Қазақ қоғамында ерте заманда қағидаға айналып, заң нормасы ретінде қалған. «Аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра», «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген мәтелдер осы дәстүрдің куәлігі іспетті. Әмеңгерлік мәселелері ру ақсақалдарының басқаруымен қандас туыстар арасында мұқият талқыланған, ортақ ұйғарыммен шешілген. «Жеті жарғы» нормаларында ері қайтқан жесірдің елден кетпеуін, күйеуінің туыстарына тұрмыстық шығындарын міндеттеген. Қаза тапқан ер азаматтың тума-туыстары жесір әйелдің әмеңгері саналған. Қазақ қоғамында әмеңгерліктен бас тарту сирек. Бас тартса, өз туысының жетім балала­рына мейірімсіздік, қатыгездік, жаны ашымастық ретінде танылған. Тек өз қалауымен тұрмысқа шығу еркі ғана берілген.

Үме. Бұрын еліміздің кей жерлерінде маусымдық шөп шабу кезінде үмеге шақыру деген болыпты. Көмекке кел­гендерге берілетін асты «үме» деп атаған. Үмеге жақын туыстар мал беріп, қымыз әкеліп, тағы басқа көмек көрсеткен. Үме кезінде ұйымдастырушылар шөп шабындығына киіз үй тігіп, ас әзірлеген. Ас желініп болған соң соңы той-думанға ұласқан. Үлкен үмелерде жігіттер күресіп, дара жарыс ұйымдастырылған. «Үмеге келгендер үндемей қалмайды» деген мақал осы­дан қалған.

Бәсіре. Шаңыраққа ұл келгенде, сол кезде туған құлын, ботаны нәресте бәсіресі деп атау салты болған. Баланың болашағы бәсіремен тығыз байланысты. Оны мінбеген, сатпаған. Бәсіре жүйрік жорға болады. Бәсірені баламен бірге қадағалап, бұла етіп өсірген. Халық бәсіресі бар баланың есейе келе малға деген ынта-ықыласы түзу болады деп пайымдаған.

Аушадияр. Ол үйлену тойында ай­тылатын дәстүрлі өлең-жыр. Өзіндік айтылар әні ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар салтты осы күнге жеткізген. Қазақстанда аушадияр айтылмайды.

Балдыз қалың. Қазақта мал төлеген қалыңдығы қайтыс болған жездесі дәстүр бойынша қалыңдықтың сіңлісін(балдызын) алу кезінде төленетін қосымша қалың мал «балдыз қалың» деп аталған. Күйеу бұрын қалыңдыққа ұрын барған болса, бұл ақы төленеді. Егер қайтыс болған қалыңдығына күйеу ұрын бармаса, балдыз қалың төленбейді. Балдызын алу үшін қалың мал үстіне түйе беріп бастаған 9-дан тағы да қалың мал төлеуінің атауын «балдыз қалың» деп атаған. Деңгене. Көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт түсетін үйін сайлап, үй жанына келіп: «Деңгене! Біз деңгене жеуге келдік!»-деп айқайлаған. Үй иесі бұл сөзді естіген соң семіз бір қойын сойып, етін түгел қазанға салдырған. Жігіттер дәстүрге сай қойдың етін түгел жеп, сорпасын ішуі керек. Та­уыса алмаса, бір қойды екі қой етіп, қайтаруға мәжбүр болған.

Сүтақы. Қыз ұзату тойы салты кезінде құдалар әкелетін ең басты, жолы бөлек кәдесый «Сүтақы» деп ата­лады. Кейде оны «ана сүті» деп те атай­ды. Құдалар қыз анасына сүтақысын төлеген. Анасына қызды мәпелеп, өсіргені үшін сүтақы кәдесін беріп, бата алған. Бұрынғы заманда сүтақы құны бір түйе, немесе бір жылқы болған. Қазақстанның әр аймағы бұл дәстүрді өзінше өткізеді.

Сыралғы. «Батырдан – сауға, аңшыдан – сыралғы» деген мәтел қалған. Сыралғы олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан не саятшыдан кез­дескенде сұралатын дәстүрлі, кәделі жол, ырым. Мәрт аңшылар сыралғы сұрағанның сөзін жерге тастамаған. Атып алған аң сыйлыққа жатпайды.

Сірге мөлдірету. Күздігүні бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші- көлемді шақыру кәдесі. Бие ағытар күні берілген қымызды «сірге мөлдіретер» деп атайды. Дәстүрді өткізу үшін ауыл ақсақалдары мен аналарын шақырған. Олар риза болып, алғыс айтып, батасын берген. Кей аймақта «сірге жияр» деп те атаған.

Айдар. Ұлдың төбе шашын ұзарта өсіріп, моншақ араластыра өріп қоюды «айдар» деп атаған. Бұл ғұрып тіл- көзден сақтау үшін жасалған. Кенеса­ры ханның інісі Наурызбай батырдың ұзын айдары болған екен.

Ақ құйып шығару. «Үйге кірген жыланға ақ құйып шығарады» деген мәтел бар. Қалың өрт келіп қалғанда алдымен ақ шашқан. Үйге жылан кірсе, басына сүт, айран құйып, үйден шығарып жіберіп барып, өлтірген. Бұл – қазақтар үйіне келген жауына жамандық жасамайтын ұлт мінезінен шыққан әдет.

Араздасу. Бұл пәниден тататын дәм-тұзы таусылып, өмірден өтіп бара жатқан ғарып отбасымен, тума-туыс- пен, дос-жаранмен, көрші-көлеммен соңғы рет тілдесіп, қоштасады. Мұны араздасу деп атаған. Жасаған қателік, күнә, кінәлары үшін кешірім сұраған.

Ат тұлдау. Ер адам өмірден өтсе, мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, бос жіберген. Марқұмның жылдық асына сол атты сойған. Мұны «ат тұлдау» деп атаған екен.

Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрған немесе жаңа үй алғанда жақын туыстары келіп, үй босағасына май жағу салтын жасаған. Үй берекелі, май­дай жұғымды , көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иесі кәде берген.

Ерулік беру. Ауылға басқа жақтан көшіп келсе, жаңа көршіні үйге шақырып, ерулік берген. Ас пісіріп, табақ тартып, қонақасы берген. Бұл салт – ерулік.

Көрімдік. Нәрестелі болғанда, келін түсіргенде құтты болсын айтып кел­гендерден «көрімдік» кәдесін сұраған. Бүгінде келін жасауын көрсетіп, көрімдік сұрайтын дәстүр бар. Соңғы кездері жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алған жастар да тума-туыстан көрімдік сұрайды.

Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл- қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам болып кіріп: «Осы үйдің қазанын шегелеуге келдік» дейді. Бұл – осы үйден түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытып, ет асып, қонақасы берген.

Мойнына бұршақ салу. Ертеде баласы жоқ отбасылар мойнына көген бұршағын салып, Жаратқаннан перзент сұрап, жылап, жалбарынған. Мойынға бұршақты тек бала тілегенде ғана салған.

Сәлемдеме. Біреуден беріп жіберілген сыбаға, ақша, көйлек- көншек, орамал(сақина, білезік байланған) заттарды сәлемдеме дейді. Осылайша үлкендер алыстағы ағайынға сәлем-өтінішін жолдап, сәлемдемесін жолдап отырған.

Сүйек жаңғырту. Бұрын құда болған жақтар қайтадан қыз алысып, қыз берісіп, құдалықты жалғастырса, оны «сүйек жаңғырту» деп атайды. Қазіргі уақытта бұл салт қыз-жігіт келісімімен жасалып жүр.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT