Көкпардан ұлттық құрамаға енген махамбеттіктер

Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Көкпар қазақтың қанына сіңген өнер. Қалың нөпірді қақ жарып барып, дода ортасынан серкені суырып шыққан көкпаршысын көргенде жүрегі жарылмайтын жан бар ма? Көкпарды жігіттің жігіті таратады. Ұландарын қаршадайынан төзімділікке, ептілікке, батылдыққа, батырлыққа баулитын ұлттық өнерді дәріптеуді тоқтатпауымыз керек. 

Ұлттық спорттың төресі – көкпар ой­ындарын әлбетте күнде тамашалай алмай­мыз. Бірақ, көкпар десе, ішкен асын жерге қоятын, ат құлағында ойнап өскен шабандоз жігіттер біздің ауданда жетерлік. Солардың қатарында көкпардан Атырау «Нарын» ересек­тер құрама командасы, «Жас Нарын» құрама командасының ойыншылары, ағалы-інілі Нұрлыхан Лұқпанов, Абылай Лұқпанов және Бекзат Оңатов бар.

Атырау облысының атынан шығып, талай республикалық біріншіліктерде үздік нәтиже көрсетіп жүрген «Нарын» құрамасының өзіндік тарихы еліміздің ұлттық спорт саласында ойып тұрып алар орны бар. Әуелден Өнербек Жанбала, Асланбек Жанбала сынды ұлттық өнерге жанашыр азаматтардың бастамасымен жасақталған құрама бүгінде біраз додада жеңісті қолдан бермей келеді.

Көшпенділер өмірінде көкпардың мақсаты – жігіттерді шынықтыру, батылдыққа, ептілік пен қажырлылыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу және осы арқылы әскери өнерге баулу болған. Бүгінде бірі еліміздегі көкпардан ұлттық құраманың сапында өнер көрсетіп жүрген ағайынды Лұқпановтарды көкпарға баулыған қырғыз елінің тумасы Руслан Субанбаев есімді азамат екен.

Бала күндерінен ат құлағында ойнап өскен жігіттердің атасы Лұқпан Есенғалиев мал шаруашылығымен, оның ішінде жылқы өсірумен айналысады. Ал алғашқы бапкерлері әрі көршісі Руслан балалардың шабысын байқап, көкпарға өзі бау­лыпты. Көкпардан алдына жан салмай­тын қырғыз ағайындардың да осал емес екенін осы тұста мойындауымыз керек. Сайып келгенде, қазақтың қаршадай екі баласына көкпардың әліпбиін танытып кеткен осы Рус­лан Субанбаев есімді қырғыздың жылқышы азаматы болып отыр. Ал немерелерін жастайынан атқа отырғызып, өзі тақымын қысқан Лұқпан ақсақалдың бүгінде арманы орындалды десек болады. Ағайындылардың үлкені Нұрлыхан Атырау облысының көкпардан «Нарын» ересектер құрама командасының корғаушысы, ал Абылай – команда капи­таны әрі шабуылшысы. Сонымен қатар, Абы­лай көкпардан Қазақстанның ұлттық құрама сапында бар. Екі азамат та бүгінде көкпардан спорт шеберлігіне үміткер. «Көкпаршыға ба­стысы батыл жүрек керек. Артымыздан ерген атұстар мықты інілерімізді осы қасиетті өнерге баулып, атағын шығарсам» дейтін Абылай болашақта Махамбет ауданына, туған жеріне ат спортымен айналысатын жастарды жинап, даярлауды армандайды.

Көкпар шабудың, атқа мінудің ер жігітті қырық түрлі аурудан сақтайтынын ғалымдар дәлелдеп-ақ қойған. Иә, Жайық бойындағы жүректі, білекті жігіттерімізге жүйрік баптап, жайдақ шапқан жараса кетері сөзсіз. Жалпы қай қазақтың баласын да жылқы мен қамшы жақын тартпай қоймайды. Небәрі 13 жасында көкпар шауып үйренген бала Бекзат бүгінде 20 жастағы «Жас Нарын» құрама командасының капитаны, Қазақстан Республикасының көкпардан спорт шеберлігіне кандидаты. «Баланың жақсысы нағашыдан» деп қазақ бекер айтпаған. Ат бап­тап, асау ұстаған нағашылары Бекзатқа ерте жастан ер-тоқым сыйлапты. Осыдан басталған қызығушылығы көкпарға әкеліп, бүгінде «Жас Нарын» құрама командасының капитаны атанды. Бекзаттың бір ойындағы салымы 4-тен асады, ал астындағы баптап мінген сәйгүлігі – «Механизм» нағыз жүйрік жануар.

Бүгінде Х.Досмұхаммедов атындағы Атырау университетінің студенті Бекзат Рүстемұлы болашағын тек спортпен байланыстырып отыр. Алға қойған мақсаты – Абылай ағаларындай ұлттық құраманың сапына ену. Жас болса да, ептілігімен көзге түскен Бекзат ересектер құрамасында да өнер көрсетіп жүр. Ал ата- анасы ұлының осы саладағы жетістігіне қуанып, тек қолдау білдіріп отыр.

Көкпар – әрі қызық, әрі тартысты, әрі қауіпті спорт түрі. Салмағы 35 келіден асатын серкені жерден көтеріп алып, көк ала шаң алаңда 15- 20 адамның ішінен алысып-жұлысып өтіп, көмбенің ортасына салып кету де қарулы күшті қажет етеді. Кейде, аттан ауып түсіп, кейде астында қалып, жарақат алып жататын сәттер де болады. Осының бәріне шыдас беретін, төзе білетін жігіттер ғана көкпардан шыңдалып шығады. Сонымен қатар қазақ көкпарға осал ат мініп шаппаған. Өйткені, ат пен үстіндегі адамның екеуара үйлесімі болмаса, еңбек ақталмайды деп есептеген. Аттың ақылдысын, жүйрігін таңдап, баптап шаба білу де шеберлік.

«Қазақ болсаң, көкпарды айт!» демекші, өңірімізде ұлттық спорттың осы түрін дамытуға айрықша үлесін қосып жүрген «Нарын», «Жас Нарын» құрама командаларының жаттықтырушысы Нұрбол Бимағамбетовтың есімін ерекше атап өткіміз келеді. Махамбеттік көкпаршылар да бұл кісінің тәлім-тәрбиесіне алғысын айтуда. Күні бүгінге дейін бірнеше мәрте көкпардан Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлделі 2-орын, 3-орын иеленіп жүрген құрама ел біріншілігінде 38 салыммен үздік нәтиже көрсеткен еді.

Ал қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында көкпардан Қазақстан құрамасының сапында жүрген Абылай Лұқпанов өнер көрсетеді. Бұл да болса, «Нарынның», бапкерлердің және махамбеттіктердің мақтанышпен айта алатын бір жетістігі.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT