АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН БЕС ЖЫЛ БІЗГЕ НЕ БЕРДІ?

«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының» аяқталуына небәрі бір жыл уақыт қалды. Нақтылап өтсек, 2021 жылдың 12 қазанындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» қаралды. Оны әзірлеу кезінде АӨК-ті дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, бұған дейін жүзеге асырылған мемлекеттік және салалық бағдарламалардың қорытындылары ескерілді. Осы­лайша, кем дегенде 1 миллион ауыл халқының табысын ұлғайтып, 500 мыңға дейін адамды жұмыспен қамтып, ішкі сұранысты әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тау­арларымен 80 пайыз қамтамасыз ету жоспарланған жоба жүзеге асуда. Үкімет сенім артқан ұлттық жобаның игілігін алдағы уақытта ауыл халқы көре ала ма?

Аталмыш жобаның жемісін көрсек, әлбетте еліміздің ауыл шаруашылығы саласы әлдеқашан гүлденіп, көп көршімізден оқ бойы озық тұруымыз тиіс. Бас-аяғы 4 100 млрд теңге бөлінген жобаны іске асыру барысында біраз қиындық болып жатқаны да жасырын емес. Әуелі әлемді жайлаған коронавирус қолды байласа, енді, міне, су тасқынының салдары­мен ел болып күресудеміз. Осы секілді ішкі және сыртқы факторлардың себебінен кейбір жобалардың жұмысы кеш жанданып жатса ке­рек. Әйтсе де, «АӨК-нің 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» нені көздеді? Үкімет ауылдардың әл-ауқатын көтеру жолында қандай кешенді жұмыстарға сенім артты? Махамбет ауданына қарасты аумақта салынып жатқан миллиондардың жылыжайы мен құс фабрикасы қашан іске қосылады? Біз осыны тарқатып айтамыз.

Жалпы ұлттық жоба игі мақсаттарды көздейді. Атап айтсақ, еңбек өнімділігін екі жарым есе арттыру, АӨК өнімінің экспор­тын екі есе ұлғайту және отандық өндірісті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ларымен қамтамасыз ету арқылы бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен құру. Со­нымен қатар, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін бір адамға еңбек өнімділігін 6,2 млн теңгеге дейін ұлғайтуды, өңделген өнім үлесін 70 %-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 6,6 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту да жоспарланған. Республика бойынша бес жыл ішінде 4,5 трлн теңге сомаға 845 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның шеңберінде дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және өңдеу бойынша экожүйені құру жөніндегі инвестициялық жо­баларды іске асыру жоспарланған.

Әрине, төрт жылға жуық уақытта атқарылған шаруа аз емес. Егістіктердің көлемі артып, осы жоба аясында талай шаруа мен диқан жеңілдік алды. Жанар-жағармайдан тапшылық көрмеді. Минералды тыңайтқыштармен дер кезінде қамтылды. Тозығы жет­кен алқаптар тыңайтылды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде алқаптарды цифрлан­дыру жұмыстары жалғасып, жайылым және шабындық алқаптарының электрондық кар­талары рәсімделді. Мал шаруашылығында да заманауи өзгерістер орын алды.

7 ЭКОЖҮЙЕНІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Ұлттық жобаның басымдығы ет, жемістер, көкөністер, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалар айнала­сында 7 экожүйені қалыптастыру еді. Бұл ретте басымдық инфляцияға әсер ететін азық-түлік тауарларына берілді.

Мәселен, 2021 жылға дейін ішкі нарық отанымызда өндірілетін шұжық өнімімен 62%-ға қамтамасыз етілген. Ұлттық жоба ая­сында толықтай қуаты 77,8 мың тонна бола­тын 6 ет комбинатын іске қосу, сондай-ақ ай­налым қаржыларын арттыру жоспарланаған. «Сүт өнімдері импортының жалпы көлемі сүт шикізатына қайта есептегенде шамамен 500 мың тоннаны құраса, молайту мәселесі өнеркәсіптік тауарлы сүт фермаларының қуатын кеңейту және отандық сүт зауытта­рын жеке жүктеу есебінен шешілу көзделген.

2021 жылы алманы жалпы тұтыну көлемі 344,3 мың тоннаны, импорт 144 мың тоннаны құраған. Ішкі нарықты 6,6 мың га алаңда жаңа қарқынды бақтар салу есебінен толықтыру болжанған. Жыл сайынғы бақ отырғызу көлемі орта есеппен 2 мың га болғанда, бұл толық жеміс беруге біртіндеп шыға отырып, алмаға деген тапшылықты жойып, 2024 жылы өзімізді толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілген.

2021 жылға дейін елімізде өндірілетін қант тапшылығы 240 мың тоннаны немесе қажеттіліктің жартысынан көбін құрады. Ішкі нарықты толтыруға Алматы облысындағы қант зауытын жаңғырту, сондай-ақ Жамбыл облы­сында қуаты 150 мың тонналық жаңа қант за­уытын салу арқылы жүргізу жоспарланды.

2021 Балық өнімдерімен қамтамасыз ету 60,8%-ды құрайды. Ұлттық жоба аясында ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін 13,5 мың тонна балық өндіретін 8 жоба іске қосылмақ. Бұл қамтамасыз ету көлемін 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, республика бой­ынша бес жыл ішінде 380 инвестициялық жо­баны іске асыру жоспарланған.

ҚҰС ЕТІМЕН ӨЗІМІЗ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕМІЗ

Ұлттық жоба аясында Атырау облысында, атап айтқанда, Махамбет ауданына қарасты аумақта салынып жатқан «Atyrau Chicken» ЖШС-нің құс фабрикасы мен «Айдана Агро» фермерлік қожалығының құрылыс жұмыстары жалғасын табады. Жоғарыда атап өткеніміздей, «ішкі – сыртқы факторлардың әсерінен жобаның аяқталу мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылуы мүмкін», – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің ма­мандары. Алайда, бұл екі ірі жоба өз кезегінде Махамбет ауданын ғана емес, қала, облыс көлемінде құс еті мен жылыжай өнімдерін тұрақты қамтамасыз етуге ат салыспақ.

Елімізде 2021 жылға дейін өндірілетін құс етінің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58%- ын ғана жапқан. Оны толықтыру үшін құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арт­тыру қажеттілігі айтылған еді. Ұлттық жоба аясында жалпы қуаты 191 мың тонна болатын 11 құс фабрикасын пайдалануға беру жоспар­ланды. Мамандар бұл жобаларды үш жыл ішінде іске қосу құс еті бойынша қажеттілікті толық көлемде өтеуге мүмкіндік береді деген.

Осы орайда Атырау облысындағы «Atyrau Chicken» ЖШС-нің құс фабрикасы 9,9 млрд теңгеге жасақталған ауқымды жоба екенін атап өткен жөн. Біріккен кәсіпорын ретінде жұмыс жасайтын фабрикаға 3,6 млрд теңге қаржы «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясынан мақсатты қаржы негізінде ауда­рылды. Ал жоба жетекшісі 6,3 млрд көлеміндегі қаражатты құс фабрикасының құрылысына бөлген. Атырау облысының аумағын толықтай осы фабрика арқылы құс етімен қамтамасыз ету жоба жетекшілерінің негізгі мақсаты бо­лып отыр. Іске қосылса, жылына 5000 тонна құс етін шығаратын күші бар фабрика мейлінше заманауи техникалармен қамтылатын болады. Әзріге жобаның аяқталу мерзімі 2025 жыл деп жоспарланған.

ЖЫЛЫЖАЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Бейбарыс ауылдық округінің аумағына қарасты «Айдана Агро» ірі фермерлік шаруашылығының жылыжай кешенінің аумағы 5,6 гектар жерді алып жатыр. Шаруашылық иесі Сатыбалды Мағзомовтың айтуынша, 2020 жылы басталған кешеннің құрылысы осы жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда, аймақтағы төтенше жағдай мен тосыннан кел­ген тасқын судың салдарынан жұмыс біраз кешеуілдеп қалған. Жылыжай іске қосылса, жылына 735 мың тонна қияр, 588 тонна қызанақ шығаруды жоспарлап отырған кешеннің құрылысы 2025 жылға ұзартылады деп болжа­нып отыр. Әзірге шаруашылық аумағындағы жұмысшыларға арналған жатақхана, кеңсе, ас­хана және көкөніс қоймаларының құрылысы аяқталған. Ірі көлемдегі шаруашылық кешенін қаржыландыру толықтай кәсіпкердің тарапы­нан екенін атап өткен жөн.

Президент елімізде құлдырап бара жатқан ау­ылдарды сақтап қалу, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту өзекті мәселе екенін ескеріп, ауыл халқының сексен бес пайызы тұратын тірек ауылдарды дамытудың қажет екендігін айтты. Тірек ауылдарды дамыту үшін елді мекендерді жолдармен, қолжетімді байланыспен, ин­тернетпен, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жұмыссыздық мәселесін шешу ке­рек, әлбетте. Осы ретте, өңіріміздегі ұлттық жоба аясында негізі қаланған аталмыш екі шаруашылық тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін де шешпек. «Atyrau Chicken» ЖШС- нің құс фабрикасы – 80 адамды, «Айдана Агро» фермерлік шаруашылығы – 60 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Соны­мен қатар, жоба аяқталып, іске қосылғанда қосымша маусымдық жұмысшылар да алына­тын болады.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT