Сайлаудың саяси маңызы жоғары

Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қоғамдастығының 2005 жылғы қыркүйек айында Будапешт қаласында өткен Бас конфе­ренциясында жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісі кәсіби мереке ретінде Дүниежүзілік сайлау күні болып белгіленген. Бұл шешім БҰҰ-мен қолдау тапқан.

Дүниежүзілік сайлау күнінің белгіленуінің басты мақсаты – азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жақсарту проблемала­рына көпшіліктің назарын аудару. Биыл Дүниежүзілік сайлау күні 6 ақпанға сәйкес келіп отыр.

Қазір кез келген елдің саяси өмірінде сайлау маңызды рөл атқарады. Тіпті тұтас мемлекеттің болашағы саяси науқанға байланысты екені жасы­рын емес. Сондықтан әрбір мемле­кет өзінің Ата Заңында оны жүзеге асырудың ережелері мен нормала­рына ерекше басымдық береді.

Тәуелсіз Қазақстанның сай­лау жүйесін айтпастан бұрын тарихымызға көз жүгіртсек, біздің қазақ жеріне сайлау жүйесі көне за­мандарда халық жиындары кезінде қолданылған. Оның мысалы, Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» халық жиынында талқылаудан өтіп барып қабылданған.

Сондай-ақ билердің, жүздердің, ру- тайпалардың өкілдерінің қатысуымен болған сайлаулар бізде өз таңдауыңды жасауға мүмкіндік берілгенін аңғартады.

Тарихи деректер бойынша қазақ даласындағы хан сайлауы тарихи маңызға ие сайлау жүйесінің алғышарттары болған. Қазақ ақ киізге хан көтерген адамын сайлау мақсатында әр рудың игі жақсыларының басын қосып, дауыс жинау үшін бірнеше күн пікірталасқа құрылған халық жиында­рын ұйымдастырған.

Басқа да тарихи деректер қазақ да­ласында сайлау жүйесінің тәжірибесі жақсы қалыптасқанын көрсетеді. Атап айтқанда «Алаш» партиясы кезін- де Ресей империясында сайлауға қатысқан 60 партияның қатарында сайлаушылардың көпшілік дауы­сын жинау арқылы сегізінші орын алған. «Алаш» партиясының 43 өкілі Думаға алынғаны туралы тарихи де­ректер қазақ даласында көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар саясатқа бел­сене араласқанын көрсетеді.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің сайлау жүйесінің нормативтік базасы елдің демократиялық ұстанымдары, ұлттық тарихи құндылықтарды және әлемдік тәжірибелерді негізге алады.

Елімізде 1995 жылы қабылданған сайлау туралы заңнамаға осы жылдар ішінде 780-нен аса өзгерту толықтыру енгізілген. Елімізде Орталық сайлау комиссиясы, аумақтық сайлау комис­сиялары, округтік сайлау комиссия­лары мен учаскелік сайлау комисси­ясы маңызды науқандарды жоғары деңгейде өткізіп келеді.

Бұрын елімізде халық тек Прези­дент және Парламент депутаттарының сайлауына қатысса, қазір ауыл, қала берді, аудан әкімдерін тікелей сайлауға мүмкіндік алды. Жалпы әрбір сайлаушы саяси науқандарға бейжай қарамауы керек. Себебі, бұл мемлекеттің өңірлердің, ауылдардың жарқын болашағында сайлау маңызды рөл атқарады. Сондықтан сайлаудың ел болашағындағы рөлін толық түсінгенде ғана оң өзгерістер орын алатын болады.

Соңғы төрт жылда біздің сайлау жүйесіне әлемнің озық тәжірибесіне сүйене отырып, оң өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ 2021 жылдан бастап ауылдық деңгейдегі әкімдердің тікелей сайлау жүйесі енгізіліп, сол уақыттан бері Махамбет ауданында 14 ауыл әкімдерін халық тікелей сай­лады.

Тағы бір оң өзгеріс – комиссия мүшелерін кәсібилендіру. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының үш мүшесі өз міндеттерін тұрақты кәсіби негізде атқара бастады. Бұл өзгерістердің негізгі себебі – еліміздегі сайлау процестерінің тұрақты әрі үзіліссіз жүргізілуі және қос тараптың жауапкершілігін едәуір күшейтті.

Межеленген міндеттер мерзімінде, өзекті мәселелер өз уақытында орын­далады. Әрбір сайлау комиссиясы сай­лау процестерін заң аясында және ашықтық қағидатына сай өткізуге әрдайым мүдделі.

Рымбек ТҰРДАҒАЛИ,

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT