Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны баршаға мәлім. Осыған орай өткен аптада аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде «Мамандықтар әлемі» кәсіби фестивалінің ашылу шарасы өтті. Оған жергілікті билік өкілдері, мекеме басшылары мен қызметкерлері және жұмысшы маман иелері қатысып, аудан өнерпаздарының сазды бағдарламасын тамашалады.
Аталмыш шарада сөз алған аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев жұмысшы мамандықтарының маңыздылығына тоқталып, еңбек иелеріне құттықтау тілегін жолдады.
– Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына орай елімізде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және осы саладағы азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қолдау, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту бағытында жоспарлар бекітілді. Бүгінде кәсіптік- техникалық білім беру саласы мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр. Жастарымыздың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік беру мақсатында оқу орындарында жаңа мамандықтар енгізіледі. Сонымен қатар, жұмысшы кадрлардың кәсіптік деңгейін арттыру үшін арнайы оқыту бағдарламалары мен біліктілік курстары ұйымдастырылмақ. Ол арқылы жұмысшылар өз саласында заманауи технологияны меңгеріп, еңбек нарығында сұранысқа ие бола алады. Қарапайым еңбек иелеріне арналған бұдан да басқа мемлекеттік қолдау шаралары жыл бойы жалғасын тауып, іске асырылатын болады. Барша жұмысшы мамандық иелерін «Жұмысшылар жылымен» құттықтаймын. Сіздердің елге еткен адал қызметтеріңіз қоғамда жоғары марапатқа лайықты. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге береке тілеймін, - деді аудан басшысы.
Кәсіби фестивальдің ашылу шарасы аудан өнерпаздарының әртүрлі мамандықтар бойынша дайындаған ән шашуымен жалғасын тапты. Сондай-ақ, көрермен назарына көздің жауын алар әртүрлі қолөнер бұйымдары, өткен күннен сыр шерткен тарихи жәдігерлер мен әртүрлі тақырыптардағы әдеби шығармалар қойылған көрме ұсынылды.
Б.САПАРОВА