Сұрағанын алмай қоймайды

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген бабалардан қалған мәтелді жағымды, жағымсыз деп екі мағынада түсінуге болады.

Жағымдысы: қол қусырып қарап отырма, еңбек ет, кәсібіңді баста дегенге саяды. Ал жағымсызы... «ұра берсе, құдай да өледі» дегеннің керімен жағдайым тым мүшкіл деп есік жағалап жүріп, материалдық көмек сұрайтындар жөнінде. Жалпы Үкімет тарапынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, мүгедектер мәселесі жан-жақты зерделеніп, тиісінше жәрдемақыларын уақтылы алып отыр. Әрине, түсінеміз, ол да «жыртығына жамау» болып жарытпауы да мүмкін. Бірақ өзіміз күнде куә болып жүргеніміздей, түрлі деңгейдегі әкім қаралардың алдын босатпай, жеке бастарының «проблемаларын» соғып, отырып алатындардың атын атап, түсін түстейтіндей жағдайға жеттік. Өйткені, олар көп емес. «Ауданда бұлардан да жағдайы төмен отбасылар жеткілікті, осыларға не жетпейді, неге шүкіршілік жасамайды екен?» деп олар үшін басқалар ұялады, тәубеге келеді. Ерінбей-жалықпай, аннан-мыннан деректер жинап, жоғары жаққа да жолын тауып, арыздануға әбден машықтанған, «маманданған» кейбір «жазғыштар» сұрағанын бермесең: «ісім сенімен болсын» дегендей, сес көрсетіндерін қайтерсің? Буынсыз жерге пышақ ұрып тұрғанын сезген лауазымды тұлғалар заңды жолын түсіндіріп, қанша жерден сылтау айтып, басын алып қашса да, бәрібір құтқармайды. Сұрағанын алмай тынбайды. Ал тағдырдың тауқыметін тартып, тайқы маңдайы тасқа тигендер қаншама?..

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT