Сәби тілегі қабыл болған күн

Жомарттық пен қайырымдылық – қазақтың қанына біткен ізгі қасиеттер. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде: «Жетім мен жесірдің уайымында, қызметінде жүріп, жағдайын жасаған адам күндіз ораза ұстап, түнін намазбен өткізген адам секілді»,- дейді.

Ауданымызда жүзеге асқан «Мейірім бағы» қайырымдылық қорының сауапты ісіне куә болдық. Махамбет ауылының тұрғыны Кенжегүл Досакашева жеті жылдан бері баспана зардабын тартып, төрт баламен көшіп-қонып жүрген-ді. 2014 жылы толық емес отбасы ретінде үй кезегіне тұрған Кенжегүл қайырымды жандар болмағанда баспанасын сарыла күтумен сегізінші жылын да өткізер еді. Жарас, Манас есімді кішкентай ұлдары «үйіміз болса ғой, емін-еркін асыр салып ойнар» деп тілек тілеумен болған екен. Содан қос бүлдіршіннің тілегі тамылжыған қазан айында қабыл болды. Ауданға танымал Қосжановтар әулеті төрт бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты анаға баспананың кілтін табыстады.

22d8799e-e949-417e-a2ad-16f7e4c8973c

Жаңа үйдің табалдырығын аттаған Кенжегүл қуаныштан көз жасына ерік берді. - Біздерге қолдау білдіріп, баспана сыйлап жатқан жатқан Қосжановтар әулетіне рахметімді айтқым келеді. Бұл біз үшін күтпеген тосын сый болды. Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатса да, туған жеріне елегізіп, бір отбасының болса да өз баспанасына болуына септескен Айнагүл Әлешқызына бір Алла жар болып, ұрпақ қызығын көрсін. Осы үйде тек қуаныш болсын,-деп ағынан жарылды жаңа қоныс иесі. Бұл – «Мейірім бағы» қайырымдылық қорының мұқтаж жандарға табыстап жатқан 14-ші үйі. Қайырымдылық қордың жетекшісі Қайрат Якубовтың сөзінше, алдағы жоспар бойынша қараша айында төрт отбасыға баспана сыйға тарту жоспарда бар.

– Алла Тағала қияметте жомарт жандарға зәулім сарай соғып берсін. Баспана мәселесін шешіп беріп, уайымдарын сейілткен Қосжановтар әулетіне көп-көп рахмет. Қайырымдылық қорымызға қолдау білдіргісі келген жандар болса, әрине, қуанамыз. Баспана мәселесі елімізде оң шешімін тауып, мұқтаждық болмасын,-дейді қор жетекшісі. Бүгінде арамызда баспанаға мұқтаж қаншама бауырларымызы бар?! Қазақ қашанда жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел. Адамдар бір-біріне қайырымдылық таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды.

cee1b946-a363-4a2c-95a8-42d2da988bd1

- Сіздер үлкен істің басында жүрсіздер. «Қайырымдылық пен мейірімділік жоқ жерден бірлік пен ынтымақ та алыстайды» деген керемет сөз бар. Игілікті қызмет етіп, сауапты істі атқарған Жарас аға мен Күнсұлу апамыздың ағайын-туыстарына үлкен рахметімізді айтамыз,-деген «Өнерпаз» мәдениет үйінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Серік Қойшығұлов игі істің басында жүрген «Мейірім бағы» қайырымдылық қорының жетекшісіне Махамбет бабамыздың бейнесі кестеленген кілемшені тарту етті.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT