Ұрыс болған жерден ырыс қашады

«Өнерпаз» мәдениет үйінде Атырау облыстық сотының ұйымдастыруымен «Татуластыру: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында семинар өтті.

Аудан әкімі Ж.Бахуұлы, ардагерлер, ауылдық округ әкімдері, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйым өкідері,ауданда жаңадан құрылған билер кеңесінің мүшелері қатысқан семинар жұмысын Махамбет аудандық сотының төрағасы Б.Қадырғалиев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы М.Көміршинов жалпы ҚР «Медиация туралы» Заңының қабылдануы, соған байланысты күтілетін нәтижелер төңірегінде ой өрбітті. Соңғы кезеңдерде бұрынғы екі ауыз сөзбен ел егесін шешкен дуалы ауыз билердің әділ төрелігіне жүгінген жазылмаған дала заңын қайтадан жандандыру үрдісі қолға алына бастағанына нақты мысал келтірген Манат Ғалымұлы судьялардың жүктемесі тым көп болғандықтан дауларды сотқа дейін жеткізбей, тараптарды татуластыру арқылы медиация жолымен шешудің тиімділігін тарқатып айтты.

–Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Судьялар одағының өткен съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне аса назар аударып, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын одан әрі қарқынды дамытуды тапсырған болатын. Бұл қызмет ежелден келе жатқан Билер институтының жалғасы, бір кезде қазақ билер салған ел бірлігін сақтау саясатының сабақтастығы, – деді талқыланып отырған тақырыпты одан әрі жалғастырған аудандық соттың татуластырушы судьясы А.Ерғазиева.

Қазақ билері ерте заманда осы күнгі соттың да, тергеушінің да қызметін атқарған. Билердің тікелей араласуымен елдегі кез келген даулы мәселелер бітімгершілікпен шешімін тауып отырған. Осы орайда, от ауызды, орақ тілді Қазыбек, Әйтеке, Төле билердің дана саясаты бүгінгі сот жүйесіне енді десек те болады.

Медиация – билер билігінің жалғасы, бұл тәртіптің мақсаты – даудың шиеленіс деңгейін төмендету, екі жақты тараптардың қанағаттандыратын шешіміне қол жеткізу, бір- бірлерінін пікірлерін ескере отырып, өзара дауды келісіп шешу. Медиация сотқа дейінгі тәртіпте және азаматтық, еңбек, отбасы, басқа кұқықтық қатынастардан туындайтын кикілжіңдерде жеңіл және орташа ауыр қылмыс туралы істер бойынша қылмыстық іс барысында қарастырылатын дауларда қолданылады. Медиацияның артықшылықтары: эмоционалды күшін, уақытын және ақшасын үнемдейді, дауды бірнеше сағатта реттеу мүмкіндігі, мемлекеттік баж салығы төленбейді. Медиация рәсімін пайдалану сот шығындарының қажеттілігіне ұшыратпайды.

–Бүгінгі таңда Махамбет аудандық сотында дау-дамайларды сотқа жеткізбей-ақ, бітімгерлік жолды таңдайтын азаматтар қатары артқан, – деді сөзін одан әрі сабақтаған судья Алмагүл Өтешқызы. Статистика бойынша Махамбет аудандық сотымен 2018 жылдың 9 айында барлығы 389 азаматтық істері каралып, аяқталған, 2017 жылы осы мерзімде 325 азаматтық істері қаралып аяқталған. Яғни аяқталған азаматтық іс 64 іске немесе 16,4 % өскен. 66 ісі іс жүргізуден тоқтатумен аяқталған. Тоқтатылған істің 6 ісі талаптан бас тартқаны қабылданған, 38 ісі татуласу келісімін бекітумен аяқталса, 20 ісі медиациялық келісімді бекіту арқылы қаралған, оның 18 ісі судья медиатормен, ал 2 іс партисипативтік келісім қолданылумен аяқталған.

Мәселені талқылауда белсенділік танытқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Саменов соттың халыққа жақын, әрі ашық болғандығына ризашылығын білдіре келіп, медиация жұмысына елге сыйлы ардагерлер таңдалып отырғандығын тілге тиек етті. Осындай халық арасынан шыққан кәсіби емес медиаторлардың еңбегін бағалап, жарыққа шығару жөнінде ұсыныс айтты. Еңбек ардагері С.Жайықов судья әдебі, жалпы судьяларға қойылатын талап туралы сұрақ қойып, олардың денсаулығына да көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды. Келесі кезекте сөз алған кәсіби медиатор Ж.Мұғауова өзі тікелей араласқан татуластыру істері туралы қысқаша баяндап, мектептерде де медиация жұмысын пайдалану жөнінде өз ұсынысын айтты.

Бұдан әрі сөз алған Атырау облыстық сотының судьясы, татуласу рәсімдерінің үйлестірушісі Г.Исамберлиева, Атырау облысы бойынша медиация орталығының төрайымы Р.Қалиевалар залдан қойылған сұрақтарға байланысты толыққанды жауап қайтарып, кеңінен түсінік беріп өтті. Аудан әкімі Ж.Ахметов осындай ашық пікір алмасу жағдайында сотқа дейінгі татуласу тақырыбында семинар ұйымдастырғаны үшін облыстық сот ұжымына алғысын білдірді. Семинар жұмысын қорытындылаған Махамбет аудандық сотының төрағасы Б.Қадырғалиев өздерімен тығыз байланыс орнатқан кәсіби емес медиаторлар С.Жұмалиева, М.Есжановқа, кәсіби медиатор Ж.Мұғауоваға «Алғыс хат» табыстады. Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы М.Көміршинов бастаған мәртебелі меймандар, медиаторлар, аудандағы билер кеңесінің мүшелері аудандық сот ғимаратындағы татуласу орталығының ашылу салтанатына қатысты.

Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521