«Каворкинг» орталығында Атырау арнаулы мектеп-интернат тәрбиеленушілерімен «Мүмкіндігі шектеулі жандар-қоғамның тең мүшелері» атты шара өткізілді.
Шара мүмкіндігі шектеулі балалардың бойындағы қабілет-қарымын аша отырып, бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болуға, жан-жақтылыққа үйреніп, өздігінен еңбектенуге үйрету, балалар көңіл-күйін көтеріп, кітапқа деген қызығушылықтарын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Оны аудандық кітапхананың балалармен жұмыс жөніндегі орынбасары Зада Енбаева ашып, кітапханаға мейман ретінде келген балаларға, тәрбиешілерге алғысын жаудырды. Ол өмірде қаншама адам болса, сонша тағдар барын, сол тағдыр тауқыметіне, қиындығына төзіп, сағын сындырмай, жетістікке жету жолында қандайма қиыншылықтарды жеңе білетіндеріне үлкен сенім білдірді.
Кітапханашы Г.Есқалиева шараны жүргізіп, балаларды кітап көрмелерімен таныстырды. Шараны аудандық кітапхананың әдістемелік-библиографиялық бөлім меңгерушісі К.Суханғалиева қорытындылап, балалар түрлі ойындар арқылы тапқырлықтарын, зейінділіктерін байқатқанын айтты.
Атырау арнаулы мектеп-интернаты директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Ү.Қабазова, басқа да тәрбиеленушілер әсерлі шара үшін кітапханашыларға шынайы ризашылықтарын білдірді. Кітапхана атынан балаларға сыйлықтар үлестіріліп, соңы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тәттіге толы дастарханға ұласты. Иә, қайырымдылықтың үлкен-кішісі жоқ. Қашанда ізгілікке, инабаттылыққа ұмтылып, қайырымдылық жасауға асығайық.
А.Текебай.