Өрт сөндіру пункті іске қосылды

Ақжайық ауылында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында жаңғыртудан өткен өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді. Бұл жоба – ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған маңызды бастама.

Нысанның ашылу салтанатына Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары, полковник Қымбат Көпбаев, аудан әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуымен құттықтады. 

– Бұл маңызды шара еліміздің Төтенше жағдайлар департаментінің құрылғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Мұнда арнайы дайындықтан өткен мамандар тәулік бойы кезекшілік атқарып, халықтың өмірі мен мүлкін қорғауға дайын тұрады. Ғимараттың және өрт сөндіру техникасының қайта жаңғырудан өтуіне қолдау көрсеткен әріптестерімізге, демеушілерімізге алғысымызды білдіреміз. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде Ақжайық ауылындағы қауіпсіздік деңгейі жаңа белеске көтеріліп отыр,- деді Қ.Көпбаев. 

Жаңа өрт сөндіру пункті 1197 тұрғыны бар Ақжайық ауылының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Пункттің іске қосылуы өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға мүмкіндік береді. 

Нысан бір қабатты ғимараттан тұрады және жедел қызметтің үздіксіз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Өрт сөндірушілер үшін демалу, санитарлық- тұрмыстық бөлмелер қарастырылып, тәулік бойы кезекшілік атқаруға қолайлы орта қалыптастырылған. Өрт сөндіру пунктінің штаттық құрамы 6 қызметкерден тұрады. Бөлімше өрт сөндіру автокөлігімен және зама¬науи материалдық-техникалық құрал- жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. 


Қ.БАҒЫТ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT