Роза салған әндер-ай!

Әншілік өнер Жаратқанның әр адамға берген сыйы, аманаты деп жатады. Көп жылдан бері әншілік, домбырашылық өнерімен көпшілік көңілінен шығып жүрген жанның бірі, Ақтоғай мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Роза Сүгірова. Ол «Ару-ана» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері.

Таяуда Ақтоғай мәдениет үйінде Р.Сүгірованың «Өнері өмірінің өрнегі» атты ән кеші ұйымдастырылған еді. Кешті аудан әкімінің орын­басары Асхат Аймұратов ашып, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Роза Сүгірованы құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Соны­мен қатар, «Дарабоз» төсбелгісімен марапаттап, кеудесіне тақты. Өнер иесін Ақтоғай ауылдық округі әкімі Есім Мұратов, «Өнерпаз» мәдениет үйінің басшысы Ербол Идрисов, басқа да ауылдық мәдениет үйлерінің басшылары, ардагер-ұстаз Ұлмекен Әбуова, Ақтоғай орта мектебінің дирек­торы Жоламан Ізғали, шәкірті Шынтас Жүнісов те құттықтап, ақжарма тілектерін арнады.

Кеште Роза қазақтың қара домбырасымен халық әндерін нақышына келтіріп, сазсырнаймен сы­зылта ән салып, ел-жұрттың қошеметіне бөленді. Ол шырқаған эстрадалық әндер де көпшіліктің жүрегіне тікелей жол тапты.

Роза Сүгірова мәдениет үйі жанынан 2005 жылы «Ару-ана» әжелер ансамблін құрып, жүйелі жұмыс жасап келеді. 19 жылдан бері ұлттық өнерді дамытып келе жатқан «Ару- ана» әжелер ансамблі 2022 жылы халықтық атағын жеңіп алған еді. 2011 жылы Атырау қаласында өткен ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты «Үздік мәдениет қызметкері» байқауында «Үздік көркемдік жетекші» атағына ие болған. 2012 жылы Атырау облыстық мәдениет басқармасының «Әуелесін әніміз» облыстық хор және вокалды топтар арасындағы байқауда «Қарлығаш» қыздар ансамбліне жетекшілік етіп, оны байқауға дайындағаны үшін ІІІ дәрежелі лауреат дипломымен марапатталған. 2014 жылы белгілі сазгер, жазушы, әйгілі музыка зерттеушісі, Қазақстан, Қырғызстанның «Парасат», «Дәнекер» ордендерінің иегері И.Жақановтың әндерін орындаушылардың «Еділ мен Жайық» І халықаралық фестивалінің дипломаты атанған. 2019 жылы Алға ауылында өткен облыстық сыр­найшылар байқауында жүлделі ІІІ орын жүлдегері атанған. 2022 жылы Роза облыстық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісін кеудесіне тақты. 2023 жылы облыстық ардагерлер арасында өткен «Қос жұлдыз» облыстық ән байқауында жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Міне, әнші Роза Сүгірованың өнер жолындағы еңбегі жеміссіз болмаған екен.

А.ТЕКЕБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521