Аудан бойынша тасқын судың алдын алуға байланысты жасалған жұмыстар қорытындыланып, төтенше жағдай кезінде ауылды судан құтқаруға атсалысқан азаматтар марапатталды.
Аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев аудан жұртшылығына сын сағаттағы ерен еңбектері, ауызбіршіліктері үшін алғыс айтты.
-Елді мекендерімізге су басу қаупін төндірген осы жылғы тасқын судың беті қайтты, ақ Жайық өз арнасына түсті. Су толық кетті. Қазір қауіп жоқ. Сәуір айының басында «Жайық өзеніне су жоғарыдан өте көп мөлшерде келеді» деген хабарды естіген соң, аудан халқын аман алып қалу мақсатында шұғыл түрде жұмыстар ұйымдастырылды. Жедел штаб құрылып, ауылдар мен елді мекендерге Махамбет ауылы ішіндегі секторларға жауапты адамдар бекітілді. Арнаулы техникалар мен адам күші жұмылдырылып, ауылдарға бөлінді. Аудандағы бұрыннан бар 80 км судан қорғану дамбасы 3-3,5 м дейін көтеріліп, бекітіліп, жаңадан 25,5 км дамба соғылды. Бір ай ішінде барлық ауылдарда дамбылар соғылып, бекітілді. Осы жұмыстарға ауыл тұрғындары, еріктілер, белсенді азаматтар, техника жүргізушілері қатысты. Ел үкіметі шешімімен ауданымызға келген ҚР Қарулы Күштерінің сарбаздары, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, ҚазАтомПром мекемесі қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер бірігіп, еңбек еткенінің нәтижесінде жұмыс атқарылды. Бірлескен іс-қимыл мен ауызбіршіліктің нәтижесінде ауылдарымызға су кірген жоқ. Сол үшін атсалысқан барша азамат, күн-түн демей, осы қызмет басында жағада жүрген барша жұртшылыққа шын жүректен ризашылығымды білдіремін! Мемлекет тарапынан да тиісті қаржылай да, материалдай да көмектер бөлінді. Ешкім де аянып қалған жоқ. Бар мақсатымыз аудан халқын аман алып қалу болды. Ол мақсатымыз орындалды. Ендігі кезекте осы тасқын су қаупінен сабақ алып, алда атқарылар жұмыстарды жасауға кірісуіміз қажет. Сын сағатта аянбай еңбек еткен баршаңызға тағы да алғыс білдіремін! Отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Алдағы уақытта еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, – деп сөзін аяқтаған Қайрат Есқабылұлы одан әрі екі айға жуық уақыт күндіз-түні жағада жүріп, жұмысты ұйымдастырған мекеме қызметкерлеріне, азаматтарға, сарбаздарға ыстық тамақты ұйымдастырған әйел-аналарға, ең бастысы, ауылдың амандығы деп тасқынға қарсы тұрған ерікті азаматтарға облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті.
Махамбет ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Ұзақбай Төлегенов ағамыз да өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Самат Жайлашев бұл бір үлкен сынақ болғанын, ауыл тұрғындары өз ауылын, өз үйін судан қорғауда бірігіп, аянбай еңбек еткеніне куә екенін, соңында бірлікпен жеңіске жетіп, берекелі өмір жалғасып жатқанын айтып, бір топ белсендіге облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатын, «Дауылпаз» төсбелгісін тапсырды.
Шара одан әрі Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілерінің музыкалық бағдарламасына ұласты.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА