Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Бұл дегенiмiз қарапайым жұмысшының еңбегiн бағалап, өскелең ұрпаққа қай кезеңде болмасын олардың жұмысына құрметпен қарап, кеңінен дәріптеуге үндейді. Осындай берекелі мамандық иелері, еңбегімен көпке үлгі болған Бақсай ауылдық округінде тұратын Айболат Бисенбайұлы мен Гүлсара Губашеваның отбасы жайлы жазуды жөн көрдік.
Айболат Бисенбайұлы Атырау облысы, Қайыршақты ауылында туған. Ол 1979 жылы мектеп бітірген соң комсомол-жастар бригадасында механизатор болып, еңбек жолын бастаған. Ал 1980-1982 жылдары кеңес армиясының қатарында болады. Айболат 1983 жылдан бастап «Бақсай» совхозында жүргізуші болып жұмыс жасады. 1997 жылы совхоз тараған соң жекеменшік мекемелерде, кейін 2017 жылдан бастап Бақсай ауылдық округі әкім аппаратында жылу қазандығының операторы болып, еңбек етіп келеді. Жұбайы Гүлсара – Исатай ауданының тумасы. Ол алғашқы еңбек жолын Новобогат аудандық кәсіподақ комитетінде хатшы-машинистка болып бастаған екен. Гүлсара 1981 жылы Атырау қаласында бухгалтерлік курс оқып бітірген. 1982 жылы ол Бақсай селолық кеңесінде салық жинаушы(налог инспекторы) болып жұмысқа орналасып, 1987 жылға дейін жасаған. Ал 1987 жылдан бастап Бақсай ауылдық округі әкімі аппаратында хатшы-машинистка (хатшы-референт) тазалықшы болып, еселі еңбек еткен. Гүлсара Қанатбайқызы 2022 жылдың қарашасында Бақсай ауылдық округінен зейнеткерлік демалысқа шыққан.
Айболат пен Гүлсара екеуі 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген көпбалалы жанұя. Қазақ «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп бекер айтпаса керек. Балалары әке тәрбиесі мен ана тәлімінен ешқашан аттап кеткен емес. Айтқан ақылдарын өмірлік қағида етіп ұстанған ұрпағына ата-анасы да дән риза.
Бүгінде ұлы үйленіп, немере сүйді. Қазақта «Қыз – өріс» деп бекер айтпайды. Мәпелеп өсірген Гүлдана, Гүлнұр, Ақтолқын атты қыздары бойжетіп, жоғары оқу орындарын бітіріп, мамандық иесі атанды. Қазіргі таңда тұрмысқа шығып, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отыр. Ұлы Тілеухан болса Теңіз кенішінде геодезист болып, жұмыс жасайды. Бүгінде Айболат пен Гүлсара 2 немере, 14 жиеннің ата-әжесі атанып отырған жайы бар.
«Еңбек ер атандырады» дейді халқымыз. Айболат пен Гүлсараның еңбек еткен жылдары алған марапаттары да жетерлік. Оның ішінде кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталары, аудан, ауылдық округ әкімдерінің Алғыс хаттары да бар. 2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудан әкімінің, сол-жылы Алғыс айту күніне байланысты Бақсай ауылдық округі әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Рас, қазіргі таңда мамандық атаулының түрі көп, ал олардың ішінде жұмысшы мамандығының орны ерекше десек болады. Сол себептен қазіргі кезде жұмысшы мамандықтарды дәріптеу, олар- дың әлеуметтік статусының жоғарылауына барлық қоғам болып, атсалысуымыз қажет.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА