Махамбет аудандық орталық кітапханасында 25 қазан – Республика күніне орай «Республика мақтаныштары» жобасы аясында «Келешегі кемел Қазақстан» атты кездесу кеші өтті.
Кездесудің мақсаты– жасөспірім оқырмандарды салауатты өмір салтына тарту және спорт шеберлерінің, тәжірибелі спортшылардың өмір жолын мысалға ала отырып, жастарға қанат бітіру, жетістіктерге жетелеу.
Кеш кейіпкері Махамбет өңірінен шыққан жерлесіміз, ардагер спортшы, қол күресінен үш дүркін Азия чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері – Молдашева Рахия Әділгерейқызы және кеш қонағы спорт саласының ардагері Ибрашев Мұрат Әйіпұлы. Жиын барысында қонақтар өздерінің жеткен жетістіктерімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар көрсетіп, ақыл-кеңестерін де айтып өтті. Өз кезегінде сөз алған еліміздің мерейін әлемге шарықтатып жүрген спорт майталмандары биік мақсаттарға қалай қол жеткізіп, спорт саласындағы ерекше жеңістері туралы әңгімелеп, жас буынға ерекше әсер сыйлаған сырлы сұхбат болды.
Сондай-ақ, келелі кездесуде кеш қонақтары қазір спорт саласына мықтап көңіл бөлінуде, жыл сайын елімізде түрлі спорт кешендері салынуда екенін, болашақта ел спортшыларының алар асулары қазіргіден де биік болатындығына сенімділігін білдірді.
Еркін форматтағы кездесу соңында оқырмандар өз сұрақтарын қойып, спортшылар жастарға жеңілістерге қарамастан, өжеттілік танытып, еңсені түсірмеуге кеңестерін берді.
Б.МЕЙРАМОВА, аудандық кітапхана әдіскері