«Абысын тату болса – ас көп, ағайын тату болса – ат көп» дегендей, бір отбасы, бүтін бір әулеттің бауырлар арасындағы бір-біріне деген сыйластықты арттырып, туысқандық байланыстың мықты болуына абысын-ажындар дәнекер екені сөзсіз.
Ұлттың тірегі саналатын абысын-ажындардың қоғамдағы рөлін айқындап, әжелер, аналар, қыздар мектебін қалыптастырып, ұлттық, отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында осыдан екі жыл бұрын «Қазақ аналары – дәстүрге жол» деп аталатын республикалық аналар бірлестігі құрылып, қазіргі таңда әр облыста филиалдары жұмыс жасауда. Азғана уақыт ішінде көптеген игі шараларды ұйымдастырып үлгерген бірлестік мүшелерінің қатары күн өткен артып отыр. Сондай игі шаралардың бірі жуырда өткен республикалық «Абысын-ажын» байқауын атап өтуге болады. Аталмыш байқаудың облыстың кезеңінен бас жүлдеге ие болған Бейбарыс ауылдық округінен Мәккі мен Сыпайы Есендияровтар әулетінің абысын-ажындары татулығы мен ауызбіршіліктерін сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Ақтау қаласында өткен республикалық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 8 әулеттің абысын-ажындары бақ сынаған болатын.
Облыстың, ауданның қала берді Бейбарыс ауылының мерейін республика деңгейінде асқақтатып, жүлделі ІІ орынды еншілеп қайтқан абысын-ажындардың ең үлкені Нұрсұлу Абишовамен тілдескен едік.
- Менің бұл әулетке келін болып түскеніме отыз бес жыл болыпты. Үйдің ең кенже келінімін. Ата-енем өмірге 16 ұрпақ әкеліп, оның 11-і өсіп-өнді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан тараған немере-шөбере, жиендерімен жапырағы жайылған бәйтеректей елге сыйлы әулетке айналдық. Байқауға қатысқан қайныағаларым мен абысынымдарымның яғни, немере келіндерім жайлы айтып кетсем. Жансүйген балабақшада тәрбиеші, Айнагүл жеке кәсіпкер, Әсем шаштараз, Нұргүл мен Гүлайым көп балалы аналар, Индира қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болса, Оксана теміржолшы. Барлығы қалада өз қызметтерінде абыройлы еңбек етуде. Соған қарамастан, респбликаға барамыз дегенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықпен дайындалдық. Байқаудың өнер көрсету бөлімінде асатаяқпен билесек, «Интернеттің пайдасы мен зияны» тақырыбындағы сахналаған көрінісіміз тіптен, ерекше шықты. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қолынан тастамайтын сымсыз байланыстың пайдасы алыстағы туысыңмен бетпе-бет сөйлесуге мүмкіндік берсе, зияны денсаулыққа, оның ішінде баланы сөйлеу қабілетінен айыруға әкеліп соғатынын үнсіздікпен ұғындыруға тырыстық. Бұл жеңіс біз үшін үлкен жетістік. Сегіз адам, сегіз түрлі ой-пікір, көзқарас болады. Соның бәрін бір арнаға тоғыстырып, әрқайсымыз өз рөлімізді ұршықтай иіріп әкете білгеніміздің нәтижесінде осындай нәтижеге жеттік, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Қырық жылға жуық уақыт ауылдық мектепте химия пәнінен сабақ беріп, бүгінде құрметті еңбек демалысындағ кейіпкеріміз бүгінде аяулы жар, төрт ұлдың анасы, келіндерінің ақылшы енесі, ұрпағынан тараған он немересінің сүйікті әжесі.
Осы жылдар ішінде ол әулетке сыйлы келін, іні-сіңліге жеңге болудың тағылымын келіндеріне үйрете жүріп, әулеттің ақылшы, данагөй анасына айналып отыр.
Балнұр САПАРОВА