Ел игілігіне жаңа нысан

Мемлекетіміздің кәсіпкерлік саласына ерекше назар аударып, жеке кәсіпкерлер үшін тиімді жағдай жасап, қолдау көрсетуінің нәтижесінде ау­дан орталығымен қатар, ауылдық елді мекендерде де кәсіппен айналысуға ниетті азаматтар саны артып, кәсіпкерлік нысандарының көбейіп жатқаны қуантады. Республика күні қарсаңында аудан орталығында «Бастау» сауда үйі салтанатты жағдайда ашылды.

Сәулеті келіскен жаңа ғимараттың иесі – жеке кәсіпкер Аслан Құмарғалиев. Ел иігіліне пайдалануға берілген ғимараттың алаңы 242 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта кәсіпкердің жеке киім дүкені орналасқан. Қалған сауда бөлмелері ауыл кәсіпкерлері үшін жалға беріледі. Кәсіпкерлік ны­сан жеке инвестиция арқылы іске асырылған.

Жаңа кәсіпкерлік нысанның ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегі кәсіпкердің әкесі Еркін Құмарғалиевке берілді.

- Еліміз тәуелсіздік алғалы ауда­нымыз ажарланып, тіршілігі тоты­дай түрленіп келеді. Бұрын сауда­мен айналысатын адамдар ашық базарларда тұратын. Ал қазір аудан орталығынан жаңа нысандар бой көтеріп, сауда орталықтарының саны көбеюде. Бүгін еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күні қарсаңында жаңа сауда үйімізді халықтың игілігіне ұсынып отыр­мыз. Замануи үлгідегі бой көтерген сауда үйінде 6 дүңгіршек жалға алушыларға арналған. Мұнда үй тұрмысына қажетті, балаларға,  үлкендерге арналған киім - кешектер сатылады деп отыр­мыз. Қуанышымызды бөлісуге келгендеріңіз үшін алғысым шексіз, -деді ол.

Одан әрі сөз кезегін алған аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Жексенбай Пазулов жаңа сауда үйі тұрғындарға сапалы өнім ұсынып, тиімді қызмет көрсетуіне тілектестігін білдірді.

-Бүгін ауданымызда тағы бір сауда орталығы ашылып отыр. Жыл өткен сайын кәсіпкерлеріміз өз кәсібін ашып, аудан экономикасының да­муына атсалысып отыр. Нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес, халықтың әлеуметтік тұрмыс- ахуалын жақсарту басты орынға қойылған. Тұрақты қолдаулардың арқасында ауданда бизнес жо­баны мақсатты түрде игеріп, кәсіпкерлікке бетбұрыс жасаушы­лар қатары көбейіп келеді. Кәсіпкер Аслан Құмарғалиев жеке инве­стициясын салып, ауданымыздың көркеюіне үлес қосуда. Ауылы­мыздан «Бастау» сынды зәулім ғимараттың ашылуы ауданымыздың экономикасының кеңге қанат жайып, өркендеп, халқымыздың әл-ауқатының жақсарып келе жатқанының белгісі деп білемін. Алдағы уақытта кәсіпкердің бастаған кәсібі дамып, жаңа орталық халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз,-деді Ж.Пазулов.

Одан әрі салтанатты түрде нысанның лентасы қиылып, ашылу салтанатына жиналғандар ғимаратты аралап, ақ дастарханнан дәм татты.

«Бастау» сауда үйі аудан бойынша биылғы жылдың өзінде ашылған 5-ші кәсіпкерлік нысан.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT