Редакция ұжымы ардагерге көрісе барды(видео)

«Жайық шұғыласы» редакциясы ұжымы  сала ардагерінің үйіне көрісе барып, амандықтарын біліп қайтты.

Қырық жылға жуық осы қасиетті қара шаңырақта еңбек етіп, аудан айнасының халыққа үздіксіз жол тартуына ат салысқан білікті маман, ардагер Сәуле Жанұзаққызы бүгінде немере-жиен сүйіп, ұл-қызының қызығына бөленіп отырған бақытты әже.

Өзіне тән қазақы, қонақжай қалпымен көрісе барған бізге ақ дастарханын жайып, ақ тілегін арнаған ардагер, өткен күндердің біраз естелігін айтып ағынан жарылды. «Редакция екінші үйім, өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Жолдасым Сакеңмен (редактор Сайлаубай Тажбентай) балаларды ертіп жүріп, талай газет шығарып, әріптестермен редакцияда таң атырған кездерде болды. Соның бәрі бүгінде бір тарих.

«Жайық шұғыласы» редакциясы қаншама саңлақтардың қолтаңбасы қалған, небір сөзге шешен, іскер мығым адамдарың ізі қалған орын. Сол жердің қадір-қасиетін ұғынып, сөз киесін жоғалтпай, жаңалықтың жаршысы болып отырған, ізімізді жалғаушы сіздерге сәттілік тілеймін. Алдыңғы аға буын деп сыйлап, іздеп келіп, аман-саулығымызды біліп жатқандарың үшін рахмет» - деп алғысы мен ақ батасын жаудырды ардагер анамыз.

Наурыздың дәмін татып, емен-жарқын әңгіме айтып, естелік суретке түскен керемет отырыс соңында Сәуле апай бәрімізге кәдесый таратып, мерекенің берекесін арттыра түсті.

korisy1803201

k

Міне, көрісудің мәні де осы - көпті көрген, жөн-жоралғыны білетін үлкендердің батасын алып, кішілік құрмет көрсету. Бір жылдан бір жылға аман-есен аяқ басқан ағайын-туысқа, жақын-жуық пен дос-жаранға көрісе баруды сіз де ұмытпаңыз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT