Махамбеттің «Шұғыла» мөлтек ауданындағы спорт алаңы жөндеуді қажет етеді(видео)

Елімізде спорт саласына ерекше көңіл бөлініп, бүгінде мемлекеттік маңызы басым бағыттар қатарында тұр.

Осы бағытта еліміздің әр өңірінде қалалық және ауылдық елді-мекендерде көптеген спорттық кешендер мен жаттығу алаңдары бой көтеріп, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына барынша мүмкіндік жасалынған. Әріге бармай-ақ, Махамбет ауылдық округінің өзінде 13 -балаларға арналған, 10 - ашық спорт және 4 - тренажер алаңдары бар.

g

Бас-аяғы отызға жуықтайтын мұндай алаңдардың бәрі бірдей халық кәдесіне жарап тұрса, қандай ғанибет. Осыдан он жыл бұрын салынған аталған нысандардың көбі бүгінде күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Кейбір тозығы жеткендеріне жай жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Алайда, миллиондаған қаражат жұмсалған жөндеу жұмыстарының өткізілгеніне қарамастан, қоршалған торының сетінеп, жасанды төсенішінің тоз-тозы шығып, жарық шамдарының істен шығып, тренажер құралдарының қирап жатқаны қалай? Бұған кінәлі кім? Құрылыс жұмыстарын жүргізіп, алаңды сапасыз салып берген мердігер мекеме ме? Әлде теңгеріміне алып, қараусыз қалдырғандар ма? Болмаса, ортақ мүлікке өз мүлкіндей қарап, дұрыс пайдалана алмай отырған халық па?

Өткен аптада редакциямызға «Шұғыла» мөлтек ауданының тұрғындары хабарласып, ашық кіші аяқ доп спорт алаңының жарамсыз күйге түскенін баяндады. 2008 жылы пайдалануға берілген бұл нысанға өткен жылы ғана 4 464 285 теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Соған қарамастан төсеніші жыртылып, жарық шамдары істен шығып, тоқ желісі үзілген. Бәрінен бұрын бұл алаң ойын баласы үшін қауіпті болып тұр.

g

o

-Жер-аяғы кеңіп, күн жылына бастағанда ойын баласын үйде ұстап отыра алмайсың. Ауламызда балалар үшін спортпен шұғылдануға арналған ойын алаңының барына қуанамыз. Бірақ, жөнделгеніне бір жылда болмаған алаңның осындай күйге түскені өте өкінішті. Мердігер мекеме жөндеп кеткеннен соң осында футболдан чемпионат өткізілді. Сол жарыста 5-6 команданың ойынынан кейін, төсеніші жүндей түтіліп қалды. Ауылдық әкімдікке барсақ, өздерің жамап алыңдар деп шығарып салды, - дейді ауыл тұрғыны Жасұлан Жаумытбаев.

- Негізі спорттық алаңда жасанды төсеніштің түгі 5 см. кем болмауы тиіс. Ал, бұл жәй ғана әдемілік үшін салынған арзан әрі сапасыз дүние. Мердігер мекемеге де бұл жөнінде айтқанбыз. Олар: «бізге бөлінген қаражат осындай, жөндеп бергенімізге рахмет айтыңдар» деп жауап берді. Төсеніші жоқ қара жерге футбол ойнағандықтан балаларымыз әр маусымда екі-үш аяқ киім тоздырады. Оның ішінде құлап, жарақат алатындары бар. Жүргізген тоқ желісі өртеніп, бір басы жерде салбырап жатыр. Оны қарап жатқан ешкім жоқ. Егер де осының салдарынан оқыс оқиға орын алса, оған кім жауап береді? Біз тез арада осы мәселені шешіп беруді сұраймыз. Осыдан бір ай бұрын көше бойындағы жарық шамын ауыстырып беруді де сұрағанмын, алайда ақша жоқ деп қайтарып жіберді, - дейді «Шұғыла» мөлтек ауданының тұрғыны Қайрат Сәрсенов.

Тұрғындар айтқандай, алаңға төселген төсенішті қолымызбен ұстап, сапасының төмендігіне көзіміз жетті. Алаңда доп теппек түгілі, жәй жүремін десеңіз, жырым-жырым болған төсенішке сүрініп қалуыңыз ғажап емес. Спорт алаңының адам аярлық түрі осындай болса, көшелерде орналасқан кейбір тренажерлардың қирап-сынып, пайдаға жарайтын жері де қалмаған.

Махамбет ауылдық округ әкімдігінің меншігінде болса 12 ойын, 2 ашық спорт және 3 тренажер алаңдары, оның ішінде Шұғыла мөлтек ауданындағы спорттық алаң бар. Тұрғындар көтерген мәселеге орай біз Махамбет ауылдық округ әкімі Б.Мыңбаевқа жолдаған сауалымызға: «қазіргі уақытта аталған спорт алаңшасының төсенішін, жарық шамдарын қалпына келтірудің мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз» деген жауап алдық. Қаражат бөлініп, мердігер мекеме табылса, жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін жүргізілмек. Демек, өткен жылы ғана миллиондаған қаражат бөлініп, сапасыз жасалған жөндеу жұмыстарына биыл тағы да қаражат бөлуге тура келуде. Бұл мемлекет қаржысын желге ұшыру емей немене?

Ал, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы А.Қуанғалиев тапсырыс беруші тарапынан мердігер мекемеге қойылатын талаптар жөнінде былай дейді.

- Спорт алаңдарының құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер мекемеге қойылатын басты талаптар бар. Олар: құрылыс монтаж жасақтау үшін сәйкес лицензиясының болуы, сәйкесінше мамандар мен жұмыс жасау үшін техникаларың болуы және бекітілген жобадан ауытқымай, жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтау. Құрылыс монтаж жұмыстары аяқталған соң келісімшартқа сәйкес тапсырыс беруші 2 жыл кепілді мерзім белгілейді. Осы екі жыл ішінде бүлінген немесе сынған жерлері бойынша ауыстырып беруге міндетті. Ол мерзім аяқталғаннан соң жөндеу жұмыстары теңгерімге алған мекеменің міндетінде болады. Құрылыс жұмыстарын аяқтаған мердігер мекемеден нысанды қабылдау Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңындағы 11 тараудың 73 бабына сәйкес жүзеге асырылады. Яғни тапсырыс беруші, мердігер мекеме, авторлық қадағалаушы жобаны жасақтаған және техникалық қадағалаушы қабылдап алады, - дейді ол.

Спорттық нысандардың күтіміне тек жауапты мекемелерге ғана кінә таға беру оңай әрине. Алайда сол аумақтың тұрғындарын да ортақ мүлікті өз мүлкіндей қарауға шақырғанымыз жөн емес пе?

- Рас, ауылымыз күн өткен сайын көркейіп келеді. Аудан орталығынан демалыс саябақтары, балаларға арналған және футбол, баскетбол, волейбол ойын алаңдары салынып, елу жылдық тарихы бар спорттық кешеніміз де жөндеуден өтіп ауыл көркін аша түсті. Жылдың қай мезгілінде болмасын спортпен шұғылданамын деген адамға кешеннің есігі айқара ашық. Мұның барлығы жергілікті халықтың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар.

Алайда, сол игілімізге пайдалануға берілген мүліктер көп уақыт өтпей жатып бүлінуде. Бәрінен бұрын оған тұрғындардың өз мүлкіндей қарамайтыны ашындырады. Әрбір аулаға салынған ортақ пайдаланатын мүлікке сол маңдағы тұрғындар әсіресе, үлкендер жағы бас-көз болып, жас өскіндерді де соған тәрбиелеуге болады ғой. Сол кезде жасөспірімдер арасында бұзақылықтарға жол берілмесі анық. Сондай-ақ, теңгеріміне алған әрбір мекеме де бұған жауапкершілік танытып, бақылауында ұстаса, спорттық алаңдардың бүгіндей адам көргісіз күйге түсуіне жол берілмес еді деп ойлаймын, - дейді Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абат Қабенов.

Түйін

Аудан топырағында туып-өсіп, ел мерейін әлемге асқақтатқан спорт саңқалақтары аз емес. Әсіресе, спорт десе ішкен аясын жерге қоятын жас буындарымыздың жеңістері көңілге қуаныш ұялатады. Спорт сүйер жеткіншектеріміздің таудай талаптарына кедергі келтіретін дүниелерді жойып, барынша жағдай жасалса, спорт саласындағы жетістіктеріміз қазіргіден де көбейе түсері сөзсіз.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT