Редактор Дошу Шененовтің естеліктерінен

Ол – аудандық газеттің алғашқы санын шығарысқан, өмір жолы осы газетпен тағдырлас болған жан.

Баспасөз қызметінің ыстық-суығына бірдей төзіп, есімі «Жайық шұғыласы» газетінің тарихында алтын әріппен жазылып қалған қадірменді журналистердің бірі – Дошу Шененов.

Ол – аудандық газеттің алғашқы санын шығарысқан, өмір жолы осы газетпен тағдырлас болған жан. Аудан айнасының 1946-1947 жылдардағы төртінші редакторы.

1922 жылы сол кездегі Новобогат селосында өмірге келген, Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Бүгінде арамызда жоқ ағамыздың сарғайған газет беттеріндегі естелігіне көз жүгіртсек, соғыс кезінде газет ашып, соғыстан кейінгі жылдарда оны ары қарай дамытудың қиындығы зор болғанына көз жеткіземіз.

-Қазіргі ауданымыздың негізі 1938 жылы қаланды ғой. Ол кезде Бақсай ауданы негізінен мал, балық шаруашылығымен айналысты. Біздің халқымыз халық шаруашылығын қалпына келтіруді аяқтап, елімізді индустрияландырумен ауыл шаруашылығын коллективтендіруге кіріскен кезде баспасөздің шапшаң дамығаны белгілі. Аудандардың, колхоз-совхоздардың, машина, трактор станцияларының жандарынан газеттердің жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Ол кезде совхозда «Қой шаруашылығы» деп аталатын көп тиражды газет шығып тұрды, оған Мақсот Жалмұхатов басшылық етті. Партияның Орталық комитетінің 1940 жылғы шілдедегі «Аудандық газеттер туралы» қаулысынан соң көп тиражды газет жабылды да, оның орнына жаңа аудандық газет ашу міндеті қойылды. Жаңа газетке редактор болып Мақсот Жалмұхатов келді. Жауапты хатшысы Еламан Қапсалықов деген жігіт. Мен совхозда комсомол ұйымының хатшысы едім. Бір күні аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Өтегенов Әлжан шақырып алды. Өйткені, партияның Орталық комитетінің жоғарыда аты аталған қаулысында ВКП (б) аудандық комитеттерінің және қалалық комитеттерінің бірінші хатшыларына өздерінің жергілікті газеттеріне өздері басшылық ету, оның мазмұнын күн сайын қадағалау және ауданның алдында кезекте тұрған саяси және шаруашылық міндеттерді орындауға газеттерге бағыт сілтеу, саяси-әдеби сауатты қызметкерлерді іріктеп алу міндеттелген болатын. Аупартком хатшысы мән-жайды айтты да: «Газет жұмысына ұсынылып отырсың. Бұл өте жауапты жұмыс. Өтірік айтпа, жұрттың алдауына ерме, ештеңеге ұрынып қалма, осы күні газетті пайдаланып кеткісі келетіндер бар» деген ескерту ақылын айтып, жұмысқа қабылдады.

Газетке мақалалар жинауды қаңтар айынан бастадық. Базамыз да қиын. Баяғы көптиражды газеттен қалған азын-шоғын бірдеңелер ғана. Редакциямыз ортасын пешпен бөлген бір үйде, қасында баспаханамыз болды. Редакция дегендегі бары үш-ақ адамбыз. Газеттің алғашқы санын шығаруға дейін тілшілер тарту қиынға түсті. Бұрын көптиражды газетте тілшілер болмаған, әрі көлік те жоқ. Соған қарамастан 1941 жылы 19 наурызда алғашқы газетімізді шығардық.

Газеттің алғашқы әріп терушісі Әдемі Иманғалиева, басушысы бұрын көптиражды газетте басушы болып қызмет жасаған Бижан Байболсынов деген қарт болды. Екеуі де өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарағанжандар еді. Әріптер қазіргідей машинамен емес, қолмен терілетін. Газет басатын «Американка» деп атап кеткен машинамызды қолмен айналдыратынбыз. Ол кезде электр тоғы да жоқ қой. Күндіз газеттің мақаласын жазып, түнде әлгі газеттің барабанын кезектесіп айналдырып, газет басатынбыз. Кешікпей соғыс басталды. Газетіміз «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен екі бет болып, шығып жатты. Көбіне көп «Майданға етті, сүтті көп берейік!» деген тақырыптағы топтамалар берілетін. Жылы киім жинау мәселесі де алдыңғы орында болды. Майдан шебінен келген хаттар да жарияланып тұрады. Басқа материалдар өте қиындықпен жиналатын. Таңдай, Жалғансай, Ортақшыл сияқты селоларға жаяу барамыз да, ары қарай лаулаймыз. Яғни бір баланы атқа межелі жеріне мінгестіріп жібереді де, жеткен соң ол қайтып кетеді. Бір жолы 11-ші ауылдан 8-ші ауылға жету үшін бір тайға мінгізіп жіберді. Артымда бір бала отыр. Аттың шабына баланың аяғы тиіп кетіп, үркімесі бар ма? Бала ауып түсті, мен де аудым, бірақ бір аяғым үзеңгіден шықпай қалды, тізгіннен айрылар емеспін. Сүйретіліп жүріп, үзеңгідегі аяғымнан етігім шешіліп, аман қалдым. Бала да аман екен.

Енді бірде 15-ші ауылдан 16-шы ауылға кештетіп жаяу шыққанмын. Бір мезетте жаңбыр жауып қоя берді. Түн іші. Жаңбыр құйып тұр. Шынымен адастым. Қалың қамыс, су белуардан келеді. Қанша жүргенімді білмеймін, алыстан жылтыраған отқа тап болдым. Бақсам, көл жағасындағы пішеншілердің қосы екен. Әлгі ас дайындап жүрген аспаздың ошағындағы от болып шықты. Осындай аса үлкен болмаса да қиындықтар кездесті, –дейді Дошу ағамыз 1991 жылғы 19 қаңтарда газет тілшісі Қадыржан Сабыровқа берген сұхбатында.

1942 жылы қаңтарда Дошу Шененов газеттің жауапты хатшысы Еламан Қапсалықовпен бірге әскерге алынып, екінші Украина майданында, Курск иінінде, Украинада, Венгрияда, Польшада, Чехословакияда, Румынияда талай қатерлі сәттерді бас- тан өткізеді. 1945 жылдың қараша айында аман-есен елге оралады. Елге қайтқан соң Кенжеғали Қосжанов редакторлық ететін «Ленин жолы» газетіне жауапты хатшы болып орналасады. Жоғарыда аталған естелігінде Дошу ағамыз газеттің алғашқы редакторларына мінездеме береді.

-Мақсот Жалмұхатов орта дәрежелі білімді, мінезі жәй адам еді. Күліп отырып сөйлейтін. Оның берген тапсырмасы қайткен күнде де орындалатын. Өсек-аяңмен, қақ-соқпен шаруасы болған кісі емес. Ал Ыбыраев Айтқали бұрын оқытушы болған сауатты еді. Ол көп жылдар бойына аудандарда партия комитетінің хатшылығы, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, мәдениет басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Кенжеғали Қосжанов жайында айтар болсам, батыл, принципті адам болатын. Кенжеғалидың пәтері болмай, жеңгемізбен редакцияның бір бөлмесінде тұрды. Біз редактор екеуміз пештің алдындағы үстелде отырып, материал жазамыз. Тамақ дайын болғанда қағаздарымызды жиып тастап, асқа кірісеміз, сосын қайтадан жұмыс, - депті.

Сол жылдары колхоз меншігін талан-таражға салушы алаяқтарға, бұрмалаушыларға қарсы күресте аудандық газет елеулі рөл атқарады. Алаяқ қуларды әшкерелейтін фельетондар көп жариялана бастайды.

Өзі редакторлық еткен жылдары туралы былай деп еске алады:

-Бұл кезде газетте Ахметов Ізтелеу деген жігіт жұмыс жасады. Оның қарындасы Ахметова Сағима баспаханада әріп теруші болатын. Газеттің полиграфиялық базасы бұрынғыдай жұтаң болды. Екі бет болып аптасына екі рет шығады. Штаттан тыс тілшілер санаулы-ақ. Қаламақы дегенді тиындап бөлетінбіз. Ол кезде газеттің қаламақы тиетін құны 3 сом ғана болатын. Әдеби қызметкердің айлық ақысы ескі ақшамен 75, редактордікі 90 сом еді. Жергілікті халық газет қызметкерлерін қатты сыйлаушы еді. Дошу Шененов 1948 жылы партия мектебіне оқуға кетеді де, 1950 жылы бітіріп, Есбол аудандық «Социалистік мал шаруашылығы» газетіне редактор болып келеді. 1962 жылы желтоқсанда Есбол, Балықшы, Бақсай аудандары қосылып, Махамбет ауданы құрылғанда аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Сөйтіп, саналы ғұмырында 9 жылдай аупартком хатшысы, 5 жылдай аудандық совет атқару комитетінің төрағасы, 13 жылдай газет редакторлығы қызметтерін атқарады. Осы атқарған жұмыстарының ішінде ең қиын жұмыс газет қызметкері болу болғанын айтады.

-Өйткені, газет өмір ағымынан қалмауы керек. Бүгінгі болған оқиға оқырманға жетуі тиіс. Ал сен оны қалай әсерлі жеткізсем екен деп көз майыңды тауысып жазасың, үнемі ізденіс үстінде жүресің. Газетте жасағаным маған кейінгі жұмыстарыма көп көмек болды. Сөйлейтін сөзімді, оқитын баяндамамды өз қолыммен жаздым. Мақала жазу әркімнің қолынан келетін жұмыс емес. Бұған тек мықтының мықтысы, төзімдінің төзімдісі ғана шыдай алады.

Аудандық газеттің алғашқы нөмірінің өз дәрежесінде шығуына атсалысып, редактор ретінде де өзіндік үлесін қосқан Дошу ағамыздың ұрпақтары Махамбет ауданында тұрып жатыр.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521