Баспасөздің бұқаралығын арттырып, басылымның үгітші, насихатшы ретінде рөлін арттыруда шығармашылық ізденіспен жұмыстанып, өзі еңбек еткен газет бетінде айшықты қолтаңбасын қалдырған редакторлардың бірі – Кенжеғали Қощанов.
Білікті де білімді журналист аудандық газетке соғыстан кейінгі қиын кезеңде (1945-1946 жылдары) басшылық еткен.
«Коммунистік еңбек» газетінің 1968 жылғы 2 қазандағы санында «Аяулы бейне жадымызда» деген тақырыппен комсомол ардагері Қожахмет Ізімбергеновтің мақаласы жарияланған екен. Бұл мақалада Кенжеғали Қощановтың жарқын бейнесі баяндалады.
-Иығына киіз сумкасын ілген орта бойлы, аққұба өңді бала мектеп шарбағы қақпасынан кіріп келе жатушы еді. Сабақта да, алаңда да асыр салып ойнағанда да ылғи бірге жүретін кластас құрбыларымның бірі Кенжеғали болатын. Ұяң мінезі, сүйкімді қылығымен ол өзгені өзіне баурап тұрушы еді. Сабақты жақсы үлгеруімен қатар пионер ұйымы, көркемөнер үйірмесі, қабырға газетін шығару істеріне ыждағатты араласып, бейне бір сарқылмас жігердің жетегінде жүргендей көрінетін-ді бізге.
Қызылүй шаруа жастарының жеті жылдық мектебін бітіргеннен кейін 1929 жылы белсенді комсомол мүшесі ретінде жаңадан құрылған Есбол ауданы комсомол комитетінің аппаратына жұмысқа жіберілді. Жалынды жас жігіттің болашағынан үміт күткен аудандық партия, комсомол органдары теориялық білімін көтеру үшін 1931 жылы оны Гурьевтегі совет партия мектебіне оқуға жібереді. Бұл мектепті жақсы үлгеріммен бітіргеннен кейін ол Гурьев аудандық комсомол комитетінің мәденинасихат бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Кенжеғали мұнда да өзінің іскерлік қабілетін көрсете алды. Қала, аудан жастарының саяси саналылығын, теориялық білім дәрежесін көтеруде, сөйтіп, оларды бірінші бесжылдықтың күрделі міндеттерін орындауға жұмылдыруда елеулі еңбек сіңірді.
1933 жылы Орал қаласындағы жоғары дәрежелі коммунистік ауылшаруашылық мектебіне жіберіледі. Мұны да ойдағыдай бітіріп, практикалық жұмысқа оралады. Мұнан кейін Батыс Қазақстан облыстық комсомол комитетінде ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушісі, Жаңақала аудандық комитетінің секретары болып жұмыс істейді.
Комсомолдың алуан салалы жұмыстарында адал еңбек етіп, шыңдалып өскен, саяси беделге ие болған коммунист Қощановты партия 1938 жылдан бастап тағы бір аса маңызды салаға жұмсайды. Сол кезден бастап өмірінің ақырына дейін облыстың, аудандардың баспасөз орындарында жауапты жұмыстар атқарады. 1940 жылға дейін Батыс Қазақстан облысынан шығатын «Екпінді құрылыс» газеті редакциясында әдеби қызметкер, одан кейін Чапаев аудандық «Екпінді таң» газетінің редакторы болып бірнеше жыл істейді. Өмірінің соңғы кезінде Бақсай аудандық газетін басқарады. Бұл саладағы істерге де өзінің жалынды жігерін жұмсағандығына жарқын фактілер бар, – дейді мақала авторы.
Кенжеғали Қощановтың артында қалған қызы Сұлушаш Кенжеғалиқызы әкесін былай деп еске алады:
-Менің әкем 1911 жылы Бақсай ауданында дүниеге келген. 1936 жылы Жайықтың бұқар бетіндегі Құмшығанақ елді-мекенінде анамыз Мақпалмен некелерін қиғызып, шаңырақ көтеріп, үлкен өмірге қадам басады. Партия, совет тапсырмаларын орындау үшін үнемі ат үстінде суыт жүретін әкеміз үйде болып жарымайтын көрінеді. Анамыздың айтуынша, сондай іссапарлардан сағындырып жеткенде балаларына сыйлық әкелуді ұмытпай, ол келгенде кішігірім той болып, бір жасап қалушы едік. Ол көбіне көп сыйлыққа кітап алып келетін. Сондай берекелі шаңырақта едел-жедел бес бала қатар өстік. Жасындай жарқылдап ел үшін еңбек еткен Кенжеғали Қощанов қамал алар қырық жасқа да жетпестен өмірден ерте озады. Артында қалған ұлы Бақытжан Кенжеғалиев әкеден қалған қарашаңырақтың түтінін түзу ұшырып отыр. Бір жылға жуық уақыт аудандық газетте редактор болған кезінде өзінің білімі мен қабілетін басылымның болашағына арнаған журналистің жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды.
Б.СҮЙЕУОВА