Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев 2023-2024 оқу жылын үздік аяқтаған 11 сыныптың бес «Алтын белгі» иегерлерін қабылдап, оларға құрмет көрсетті. Салтанатты шараға оқушылар мен олардың ата-аналары, ұстаздары, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері қатысты.
мен ұстаздар қауымын биылғы оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Ол аудан елді мекендерін су басып, төтенше жағдай жариялануына байланысты көптеген салтанатты іс-шаралар өтпей қалғанын, биылғы оқу жылын 5735 оқушы аяқтағанын, оның 512-і 9-сыныпты бітіргенін, олардың ішінде 27-сі «үздік аттестат» иегері болғанын, орта мектепті бітірген 244 түлектің 224-і ҰБТ тапсырып, түлектердің 5-і «Алтын белгі», 11-і «үздік аттестатқа» қол жеткізгенін баяндады.
- Осы жылдар ішінде сіздер тек үздік оқып қана қоймай, пәндік олимпиадаларға, өнер додаларына үнемі қатыстыңыздар. Мен сендердің үлкен жетістіктерге жеткендеріңді білемін. Енді міне, он бір жыл білім нәрін берген ұстаздардың еңбегін ақтап жатырсыңдар. Алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, грант иегері атануларыңа тілектеспін. Өздерің қалаған мамандыққа оқуға түсіп, оны да қызыл дипломмен аяқтау бұйырсын. Бүгінгі «Алтын белгілерің» құтты болсын! Бұл алтын белгі сендерге өмір бойғы азық болсын. Осындай үздік оқушы тәрбиелеген ата-аналарға, білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымына мың алғыс!, – деп сөзін аяқтаған аудан басшысы әр түлекке алтын белгі, Алғыс хат пен сый-сияпатын қоса табыстады.
«Алтын белгі» иегерлері Гүлфия Самыратова– Жалғансай орта мектебінің түлегі, Ғазиза Темірқанат пен Ақерке Еділ– Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің түлектері, Аяулым Нәсіпқали–О.Шонаев атындағы орта мектебінің түлегі және Надира Әміржан – Ақжайық ауылындағы Қызылүй орта мектебінің түлегі.
Салтанатты шарада түлектер атынан «Алтын белгі» иегері Надира Әміржан, ата-ана Алмагүл Алтай, Қызылүй орта мектебінің директоры Қонысбай Аманиязовтар да ақжарма тілек, жылы лебіздерін арнады.
Аудандық мәслихат төрағасы Қайыржан Мажиев те құттықтап, түлектерге тек мамандық таңдауда қателеспеуді, аңсаған армандарына жетуге тілектестігін білдіріп, сәт сапар тіледі.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА