Махамбет ауданының 30 жылдағы 30 жетістігі

Биыл егемен ел болып, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толды.

Осы ретте біз Тәуелсіздік деген қастерлі ұғымның Махамбет ауданының тарихында алар орны мен жасампаз жаңалықтарды саралай отырып, тізбектеуді жөн санадық.

1991 ЖЫЛ – Махамбет ауданының Забурын, Чапаев, Новобогат, Исатай селолық Кеңестері қайтадан ашылуына байланысты Новобогат ауданына берілді. Бұрынғы Балықшы ауданына қарасты аумақ Атырау қаласының қарамағына берілді.

30jyl30jetistik-17

1992 ЖЫЛ – Ауданға қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен ақын, драматург Мұхтар Шаханов келіп, тұрғындармен кездесті. Қос тұлға аудан орталығындағы қайта жабдықталып ашылған мұражайдың лентасын қиып, нысанды алғаш аттағандардың сапында болды.

1993 ЖЫЛ – Сарытоғай ауылында 624 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Соңғы жобамен салынған мектептің сынып бөлмелері мен жасақталған кабинеттері кең де жарық, шара өткізуге арналған залдары мен арнайы жайлар бар.

1994 ЖЫЛ – Ауыл халқының көңілдерін жадыратқан оқиға – аудан орталығынан ауыз су тазартқыш орталықтың пайдалануға берілуі. Материал мен қаржы тапшылығының, «қондырғыны іске қосамыз» деген құрғақ уәделермен қуаты 5000 текше метрлік нысанның құрылысы жиырма жылдан астам уақытқа созылған еді.

1995 ЖЫЛ – Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жыл толуына орай өткізілген ақындар айтысында жалғансайлық ақын Амангелді Есенғалиев ІІ орын иеленді.

1996 ЖЫЛ – Ислам дінінің тарихын зерттеуші ғұлама, «Құран-Кәрімді» тұңғыш рет қазақ тіліне тәржімалаушы Халифа Алтай ауданымызға келіп, ежелгі хандар мекені саналатын Сарайшық ауылында болды. Өзі қазақ тіліне аударған Құран кітабына қолтаңба қалдырып, жұртшылыққа тегін сыйлады.

1997 ЖЫЛ – Атырау облысында тұңғыш рет «Бизнес мектебі» ауданымызда ашылды. Мектептің ашылуына орай өткен алғашқы сабаққа облыс әкімі Р.Шырдабаевтың өзі қатысты.

1998 ЖЫЛ – Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор Қ.Ахмедияровтар ауданға келді.

3

1999 ЖЫЛ – Құрылысы мамыр айында басталған «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешен қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қатынасуымен ашылды. Мұражай мен мешіттің жобасына қатысты ұсыныстарды өте қысқа мерзімде жүзеге асырған – мүсінші Сайын Назарбеков бастаған маңғыстаулық шеберлер.

2000 ЖЫЛ – ХХІ ғасырдың алғашқы парағы махамбеттіктер үшін ерекше жағдайда ашылды. Отын жарып, көмір тасып, пеш жағып келген олар енді көгілдір отынды пайдалана бастады. Махамбет ауданындағы газ желісінің алғашқы алауын сол кездегі облыс әкімі И.Тасмағамбетов жақты.

2001 ЖЫЛ – Жаңа аурухана пайдалануға берілді. Бұрынғы аудандық аурухана ғимаратының ескілігі мен ондағы құрал-жабдықтардың көнелігі тұрғындардың көңілінен шықпай жүретін. Ел тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген жаңа типтегі аурухана халық игілігі үшін қызмет етуде.

2002 ЖЫЛ – Облысқа жұмыс сапарымен келген Елбасы Н.Назарбаев ауданға келді. Өз тапсырмасы бойынша бой көтерген аудандық аурухана мен су тазарту орталығының іске қосылуына, газдандыру шараларына ризашылығын білдіре келе, аудандық ауруханаға әмбебеп жабдықталған жедел жәрдем көлігін тарту етті.

30jyl30jetistik-20

2003 ЖЫЛ – Халқының еркіндігі мен бостандығы жолында күрескен біртуар тұлға Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Ең бастысы – ауданның әлеуметтік-экономикалық өмірінде көптеген өзгерістер орын алды. «Атырау-Махамбет» автокөлік жолы төселсе, аудан орталығында спорт кешені, мешіт, тарихи-өлкетану мұражайлары есіктерін айқара ашты. Мәдениет үйі, байланыс торабының ғимараттары күрделі жөндеуден өтті.

2004 ЖЫЛ – «Алға» халық театры өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Құсиын Айтқалиев пен Махамбет Оңдағанидың Иса Байзақовтың «Ақбөпе» дастаны бойынша дайындаған пьесасынан басталған дүние бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.

2005 ЖЫЛ – Аудандық жер қатынастары бөлімі құрылды. Бұл мезгілге дейін жер қатынастары қызметі аудандық Кеңес атқару комитетінің, ауыл шаруашылығы басқармасы құрамында болып келді.

2006 ЖЫЛ  – Бәйгелі жерде жүлде алған, Атырау аймағында өмір сүрген әйгілі Бала Ораз Өтебайұлының кесенесі тұрғызылды. Кесене ақын рухын Мыр¬залы жерінде асқақтатып тұр. Айтулы тұлғаның туғанына 175 жыл толуына орай аймақтық ақындар айтысы да өтті.

2007 ЖЫЛ – Кеңес Одағының Батыры Георгий Канцевтың ескерткіш мүсіні ашылды. Г.Федоровичтың 100 жылдығы қарсаңында ашылған ескерткіш мәрмәр тастан жасалып, аудан орталығындағы жасыл же¬лекке бөленген саябақтан орын алды.

2008 ЖЫЛ – Махамбет ауданының құрылғанына 80 жыл толу мерейтоы дүбірлетіп атап өтілді. Сексен жылдық шежіресі жинақталған «Өнегелі өңір» кітабы жарық көрді. Айтыс өнері дәріптеліп, ұлттық ойындар ұлғыланды. Мәнді де мағыналы шара ретінде жұртшылық есінде сақталғанды.

3

2009 ЖЫЛ – Талай талантты спортшылардың томағасын сыпырып, додаға қосып келе жатқан Махамбет аудандық балалар және жасөсіпірімдер спорт мектебінің құрылғанына 40 жыл толды. 1969 жылы 12 тамызда тұсауы кесілген спорт мектебіне алғашқы жылдары Жылқайдар Сұлтанов басшылық жасаса, волейболдан Дүкенғали Төленов, баскетболдан Анарбек Бисенғалиев, бокстан Альфарид Жұмалиев жаттықтырушы болып еңбек етті.

3

2010 ЖЫЛ – Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл ауылында сыйымдылығы 250 оқушыға арналған жаңа мектеп үйі есігін айқара ашып, білім нәрімен сусындайтын шәкірттерге көл-көсір қуаныш сыйлады. Бірінші қабатында мектепалды даярлық тобы, шағын орталық, асхана, заманауи техногиялармен жабдықталған спорт және акт залдар жұмыс жасаса, жоғарғы қабатында пән мұғалімдерінің кабинеттері бар.

2011 ЖЫЛ – Аудан айнасына айналған «Жайық шұғыласы» газетінің 70 жылдық мерейтойы атап өтілді. Бұл шарадағы атап өтуге тұрарлық ерекше оқиға – 1963-1970 жылдар аралығында газеттің бас редак¬торы қызметінде болған Теңдік Жауыровқа «Ма¬хамбет ауданының Құрметті азаматы» атағының берілуі болды.

2012 ЖЫЛ – Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесі қарсаңында алты бірдей асырушысы жоқ кәмелеттік жасқа толған жастарға пәтер кілті табыс етілді. Бәрін бірдей қаладан пәтермен қамту мүмкін болмағандықтан балалар үйінде тәрбиеленушілерге аудан орталықтарына баспана бөліп, жұмысқа орналастыру туралы шешімі шыққан болатын. Алған үйлеріне байғазы ретінде кіржуғыш машина, шаңсорғыш, қысқа толқынды пеш секілді тұрмыстық техникалар сыйға тартты.

2013 ЖЫЛ – Махамбет ауданында «Ауыл әйелдері: гендерлік аспект» тақырыбында облыстық конференция өткізілді. Мақсат – ауылдың белсенді қызметі істеріне ұмтылдыру, кәсіпкерлік қолдау көрсету, олардың қоғамдағы рөлін арттыру және өзге де мәселелерін көтеру.

3

2014 ЖЫЛ – Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасы аясында аудан орталығында 280 орындық жаңа балабақша ашылды. Аудан халқының қуанышын бөлісуге арнайы келген облыс әкімі Б.Салахатдинұлы «Алтын-Ай» бөбекжай-бақшасының лентасын қиды.

2015 ЖЫЛ – Жалғансай орта мектебінің оқушылары жаңа оқу жылын ерекше қуанышты жағдайда қарсы алды. Сәулет өнерінің озық үлгісімен салынған 300 орындық жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі арнайы қатысып, жалғансайлықтардың қуанышына ортақтасты.

30jyl30jetistik-1

2016 ЖЫЛ – Елімізге танымал продюссер Баян Есентаеваның бастамасымен өткізіліп жүрген қазақ халқының ақылына көркі сай аруын анықтайтын «Қазақ аруы» сән байқауының әсем тәжін жерлесіміз Альмира Ахатова киді. Ол бұл байқауда Абай Құнанбайұылының өлеңдерін жатқа айтып, жиналған жұртшылықтың таңдайын қақтырған болатын.

3

2017 ЖЫЛ – Конституция күні қарсаңында «Шұғыла» мөлтек ауданынан бой көтерген 60 пәтерлі үй көптен бері үй кезегінде тұрған тұрғындар игілігіне берілді. Баспаналы болғандар қатарында Ұлы Отан соғысы ардагері, ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар, бюджеттік мекеме қызметкерлері, жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар мен толық емес, көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедек және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар.

30jyl30jetistik-15

2018 ЖЫЛ – Тұңғыш Президент күні қарсаңында бірнеше жыл бұрын құрылысы басталған Жайық өзені үстіндегі аспалы көпір салтанатты жағдайда ашылды. Жаңа көпірдің арғы беттегі Атырау- Индер бас жолына дейінгі жалпы ұзындығы 68 шақырым болса, көпірдің ұзындығы 660 метр, ені 8 метр. Жайықтың бұқар бетіндегі Ақжайық, Есбол, Алға ауылдық округ тұрғындарының көздері ашылып, аудан орталығына емін-еркін қатынауға мүмкіндік алды.

30jyl30jetistik-12

2019 ЖЫЛ – Ақжайық ауылында дене шынықтыру- сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Кешеннің жалпы көлемі 739,7 шаршы метр болса, сыйымдылығы – 160 орындық. Спорт кешенінің ішінде бокс залы, баскетбол, волейбол, шағын фут¬бол алаңдары бар. Кешеннің ашылуы ҚР Білім беру ісінің үздігі Қ.Тұрғарин атындағы кіші аяқдоптан ұйымдастырылған турнирмен қорытындыланды.

3

2020 ЖЫЛ – Көпбалалы ана, Махамбет ауылының тұрғыны Мерует Сансызбаева әр шаңырақтың дастарха¬нынан табылатын, астың «атасы» саналатын нан пісіруді кәсібіне айналдыруды көздеп, өзі тұратын өңірден наубайхана ашты. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ АОФ арқылы «Ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасы шеңберінде 7 пайызбен 4 жылға 3 млн. теңге несие алған кәсіпкердің еңбегі ақталып, қазіргі таңда «Уали» наубайханасының өнімі жоғары сұранысқа ие болып тұр.

30jyl30jetistik-2

2021 ЖЫЛ – Сарытоғай ауылында «GURYEV» жауапкершілігі шектеулігі серіктестігінің ба-стамасымен жүзеге асқалы отырған өлшеуіш құрылғыларды өндіру кәсіпорнының алғашқы кірпішін облыс әкімі М.Досмұхамбетов қалады. Шетелді құрылғылармен жабдықталған зауыт айына 18 мың дана есептегіш құрал шығаруға қауқарлы.

Дайындаған: Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521