Қызыл кірпішті Қызылүй

Патшалық Ресей үкіметі 1880-90 жылдарда қазақ балаларын орысша оқытып, қызметке пайдалану үшін әр жерден орыс-қазақ бастауыш білім беретін мектептер салдыра бастады.

Солардың бірі – 1881жылы негізі қаланған Есбол Қызылүйі аталған мектеп еді. Бұл мектептің негізін қазіргі кездегі 7 және 8 ауылдың ортасындағы Есбол сайының жағасынан жергілікті азаматтар кірпіш құйып, күйдіріп қалаған. Мектептің салыну жұмысын ұйымдастыруға жергілікті би Шойтас Бөдікұлы, болыс Мүсірәлі Бердіұлы, старшина Зұлхарнай Шәкіліковтер жұмылған. Кейін ішкі Ресейден ағаш шеберлері келіп,құрылыстың басқа жұмыстарын аяқтаған.

Мектеп құрылысы қызыл кірпіштен салынғандықтан «Қызылүй» атанған. Сол кездегі Гурьев уезінде мұндай мектептің тоғызы салынған.Біздің айтқалы отырғанымыз Есбол Қызылүйі. Бұл мектептің алғашқы меңгерушілері Синедальцов, Докматов, Сухарев, Ш.Сақыпов, Сарбасов, Досовтар болған. Алғашқы оқу жылдарында 90-92 оқушы оқытылған. Қазан төңкерісіне дейін мектепті жазу-сызуға қабілетті, тілмаштыққа жарайтын 2000-дай шәкірт бітіріп шыққан. Атап айтқанда, мектепті бітірген Ғұбайдолла Бердиев Қазан университетін мал дәрігері мамандығы бойынша үздік бітірген. Сонымен бірге Ленин ордені иегерлері Б. Исабаев, Байбосынов, І.Шәкіліков осы мектепті бітіріп, сабақ берген көрнекті ұстаздар.

qyzylui171120-1

Ұлы Отан соғысы жылдарында мектеп бітірген түлектер қанқұйлы шайқаста ерлік көрсеткен. Бұрынғы үш ауылдың өзінен Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтар саны 174-ке жетіп жығылады екен. Сол жылдары мектепте бұл күнде арамызда жоқ О.Жұмағұлов, О.Жұбанов, еңбек ардагері Ж. Жайлашев, еңбек және соғыс ардагері Қ. Жексенов, Ж.Қайыров, белгілі ұстаз, білім беру ісінің озығы Ж.Дөкесов, Н.Шандыбаев,Т.Кериковтер дәріс берді. Бұл мектептен КСРОның және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі,Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, журналист Д.Төленов, еңбек ардагері О.Нығмеденов, облысқа белгілі заңгер әрі ақын Ә. Әбуов, байырғы мұғалима М.Муньянова, педагогика саласының ардагері Қ. Әменов, Индер ауданының байырғы ұстаздары К. Каюпов, Б.Төлепқалиевалар түлеп ұшты. Сондай-ақ облыстық әкімшілік қызметкері,заңгер, марқұм А.Есенғалиев, белгілі журналист О. Исабаев, педагог Н.Исабаев, заңгерлер Т.Мырзахметовтер бұрын басқару қызметінде болған, бүгінде арамызда жоқ М.Жұмабаев, танымал журналист Қ.Бекбаев, тарлан теміржолшы О.Қожағалиев, Қ.Қарабалин, республикаға танымал талантты ақын, әдебиетші Қ.Ізекенов, ағарту саласының қызметкері М.Аманғалиев, педагог М.Тұрғалиева, балық ісінің маманы Т.Дүрмұқанов, медицина ғылымының кандидаты Т.Құрманов, білікті дәрігерлер А.Муньянов, М.Салықов, ауыл басшылары, ауыл шаруашылығын соғыстан кейінгі орта буын жетекшілері, Ленин орденінің иегерлері Ғ.Тюрин, Қ.Дауылбаев, атақты жылқышы Ж. Бисенов, сауда қызметкері Қ.Олжабаев, Б.Шағырова, Д.Имашева, әйгілі дәрігерлер Тұрар және Серік Шәкіловтер Қызылүй түлектері. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Ізмұхамбетов, қоғам қайраткері М.Өтешовтердің де қызыл кірпішті Қызылүйден білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге аяқ басқанын атап өтуге болады.

1944 жылы су тасқынына байланысты Есбол деген жерде орналасқан «Қызылүй» маңындағы ел жаңа қонысқа, осы күнгі Ақжайық ауылының орталығына көшуге орай сол жердегі бастауыш мектеп үйіне көшіріліп, жыл сайын қосымша сынып бөлмелері салынып, кеңейтілді. Кейін мектептің тарихи үйінің кірпіштері талан-таражға түсіп, өзге құрылыс салуға жұмсалған.

Ару ҚАНАТҚЫЗЫ,

белсенді жас

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521