Қылмыстық процесстің үш буынды моделіне көшудің негізгі мақсаттары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын.

«Заң үстемдігі орнықпаса жəне азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, əлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. Азаматтардың мəселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс жəне əділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын əзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек», - деді Президент Мемлекет басшысының айтқанындай, құқық қорғау жəне сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Яғни, Жолдаудың басты мәні модернизация, соның ішінде құқық қорғау саласын жаңғырту деп айтуға болады. Бұл қадам еліміздің заңнама, құқық салаларында жасалып жатқан өзгерістердің логикалық жалғасы саналады.

Аталған жоба Президенттің Жолдауында айтылған азаматтардың конституциялық құқықтарына әсер ететін шешімдерді 2021 жылдан бастап прокурорлармен келісу туралы тапсырманы орындау аясында енгізілуде. Осы бастама барысында келісу электронды форматта жүргізіледі. Аталғагн қадам өз кезегінде құқық бұзушылықтардың дереу жолын кесуді қамтамасыз етіп, жазықсыз азаматтарды қылмыстық процесс шеңберіне тартуға жол бермейді.

Одан бөлек 1 қазаннан бастап елімізде сотқа дейінгі тергеумен айналысатын барлық құқық қорғау органдары азаматтардың конституциялық құқықтарын қозғайтын істер бойынша негізгі іс жүргізу шешімдерін шығарудың электрондық форматына көшеді. Кез келген процессуалдық шешім шығарылғаннан кейін сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне түсіп, қадағалаушы прокурорға да, қылмыстық процестің басқа қатысушыларына да көрінетін болады. Бұл қадам прокурорларға қабылданған шешімдердің заңдылығын уақтылы бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы электрондық форматта бұзушылық анықталған жағдайда олар шешімнің күшін жоя алады.

Енді прокурорлар 2022 жылдан бастап кісі өлтіру, 2023 жылдан бастап аса ауыр және сыбайлас жемқорлық қылмыстар, 2024 жылдан бастап барлық санаттағы істер бойынша негізгі шешімдерді өздері қабылдайтын болды. Осы мақсатта биылғы жылда Бас прокурор мен ІІМ кісі өлтіру қылмыстарын ведомствоаралық тергеу-тобын құру арқылы тергеп-тексеру пилоттық жобасын іске асыру туралы бірлескен бұйрыққа қол қойған болатын.

Осыған орай 1 шілдеден бастап кісі өлтіру қылмыстары бойынша тергеу тобы құрылып, оның жетекшісі болып прокурор тағайындалады. Ал тергеушілер мен полицияның жедел қызметкерлері топ мүшелері болады. Прокурор күдікті деп тану, бұлтартпау шарасын қолдану, қылмыстық істі тоқтату және айыптау актісін жасау сияқты негізгі 10 шешімді қабылдайды.

Қалған тергеу әрекеттері (жауап алу, тінту, сараптама тағайындау) тергеушілермен жүзеге асырылады. Сондықтан пилоттық кезеңде прокурорлар тергеу тәжірибесін кең көлемде меңгеру үстіңде.

Жаңа форматтағы қылмыстық процестің басты мақсаты – үш буынды модель қалыптастыру. Яғни полиция қылмысты ашады, қылмыскерді анықтайды, дәлелдерді жинақтайды және бекітеді. Прокурор жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беріп, азаматтардың құқықтарының бұзылуына тосқауыл қояды, сотта мемлекеттік айыпты қолдайды. Ал сот органның әрекеттеріне түскен шағымдарды қарайды және іс бойынша түпкілікті шешім қабылдайды.

Сол себептен, аталған модельдің қоғамға тиетін пайдасын ескерсек, мемлекетіміздің заңдылықты нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша істеліп жатқан жұмыстарынын жемісін, алдағы уақытта көретінімізге кәміл сенеміз.

Н.ЕШМАНОВ,

Махамбет ауданының прокуроры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT